Мереке

Көктем мен молшылық мерекесі

Ақтөбе қаласындағы №54 негізгі мектебінде «Амал келді, жыл келді!» айдарымен мерекелік іс-шара өтті.

Шараға мектеп ұжымы мен оқушылар және олардың ата-аналары да белсене атсалысты.

Мерекелік кештің шымылдығы қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері насихатталған қойылыммен ашылды. Оқушылар әсем ән шырқап, мың бұрала би биледі. Күмбірлеген домбыраның қоңыр үні де шараның көркін қыздыра түсті.

Мектеп залында ұлттық қолөнер бұйымдары жинақталған көрме жасақталды. Киіз үй төрінде ұлттық тағамдар қойылған мерекелік ақ дастарқан жайылды.

Ақтөбе қалалық білім бөлімінің әдіскері Айбек Сағынбайұлы, Алматы ауданы әкімдігінің мамандары білім ордасында өткен ауқымды шараның құрметті қонақтары болды.

Көктеммен бірге өміріне де шуақ, шапағат кіреді деп сенген халқымыз Наурыз мейрамын «Ұлыстың ұлы күні», «Әз Наурыз» деп айрықша әспеттеген. Сондықтан  қазақта Наурыз мейрамы бір күн емес, тұтас ай бойы тойланады. Көрісу күнінен басталған мейірім мейрамы аталған мектепте айдың соңына дейін жалғасады.

 А.БОЛАТБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button