Мереке

Кітапханадағы мереке

Әйтеке би аудандық және балалар кітапханалары бірігіп «Наурызым — нұрлы ырысым» атты тақырыптық кеш ұйымдастырды.

Шараның басты мақсаты — жас ұрпаққа Наурыз мейрамы туралы түсінік беру арқылы қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсету және оны құрметтей білуге тәрбиелеу.

Кешке М.Жұмабаев атындағы орта мектептің оқушылары, аудандық жұмыспен қамту және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері қатысты.

Шара барысында жиналған жұртшылыққа Қыдыр ата ақ батасын берсе, жастар жағы қаз-қатар тізіліп «Қара жорға» биін биледі.

Сондай-ақ «Тұсаукесер» рәсімінен ерекше қойылым көрсетілді.

Кітапхана оқырмандары Ақжол Бахыт «Балбырауын» күйін күмбірлете тартса, Ақмарал Серікқызы жыр шумақтарын оқыды.

Аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Назира Қожахметованың айтуынша, биыл кітапханада 14 сәуірден бастап Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекелік шаралар легі басталған.

— Биылғы Наурыз мейрамын кітапхана ұжымы жаңа қоныста қарсы алды. Мекеме заман талабына сай жасақталды. Жаңа ғимарат оқырмандарға жақсы көңіл күй сыйлайды деп ойлаймыз.

Жалпы қоғамның  рухани ошағы, ел мәдениетінің бастауы — кітапхана.

Сондықтан жас ұрпақты кітапханаға тартып, қызықтыру — кітапхана мен кітапханашыға жүктелген үлкен міндет, — дейді ол.

А.ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button