Басты жаңалықтар

Әмірдің әлемі

Бір фәлсапашы айтқандай, әр адам өзінше бір әлем. Бірақ сол көздеген әлеміңізді тану үшін саяхатшылық құқығыңыз болу керек.

Біздер іркес-тіркес жоғары оқу қабырғасына қабылданып, содан бергі уақытта тұп-тура отыз жылдай қатар жүрдік. Бірге қызмет атқардық, отбасылы болдық, бала өсірдік дегендей…

Қазақстанның түкпір-түкпірінен журналист болсам деп Алматыға арман қуып жиналған талапкерлер Қазақ мемлекеттік университетінде тоғысады. Ол кезде орыс тілінің орнығып тұрған шағы, сондықтан да республикадағы мәртебесі биік дара оқу орнын жұртшылық қысқартып ҚазМУ дейді. «Қайда оқисың?». «ҚазМУ-да». Осы бір ауыз сөзбен бәрі түсінікті.

Бір қызығы, журналистика факультетіне оқуға түскендердің көбісі бірін-бірі сырттай әбден жақсы білетін болып шығады. Бұлай болатын себебі, солардың ішінде мектепте оқып жүргеннен қолына қалам ұстамайтыны кемде-кем. Аудандық газетке тартылған жол, облысты көктей өтіп, Алматыдан бір шығады. Сондағы табан тірейтін жер –  ең алдымен «Қазақстан пионері» газеті, сосын «Балдырған» журналы. Қаламының желі барлары «Лениншіл жас», тіпті, «Социалистік Қазақстан» газеттеріне де хабар-ошарларын, бірсыпыра мақалаларын шығарып жатады. Мақаланың астында аты-жөні, оқитын мектебі, кейде сыныбына дейін көрсетіледі. Ал өзі де осы жолға талаптанып жүрген жасөспірім осының бәрін жадына тұтып қала береді.

Осындай ретпен тұстастары Қызылорданың шалғайдағы Қамбаш ауылынан келген Әмір Оралбаевты бірден таныды. Салақұлаш мақалалары сан рет шығып, танымал болған «жазғыштың» нақ осы арықша келген, бәкене бойлы бала екеніне күдік келтіргендер де болмай қалған жоқ. Тіпті, кейбіреулері Әмір Оралбаев деген баяғыдан жазып жүрген сақа журналисті «білетін» болып шықты.

Бірінші курстың соңына қарай бәрі қалпына келеді. Ортаға шығып өзеуреп өлең оқитындар саны азаяды. Нағыз жазғыштар мен желөкпелердің арасы ажырап, айқындала түседі. Қысқасы, кімнің кім екені белгілі болады.

Соның бәрінде мектептен енді шығып, студенттер қатарына балаң күйінде қосылған Әмір әуелгі қалпынан ауытқыған жоқ. Сабақтан тыс уақытында Максим Горький атын иеленген әсем көшедегі зәулім баспасөз үйіне қарай аяңдайды. Журналист ағаларына жазғандарын көрсетеді, жаңа тапсырма алады. Одан қалды, Абай даңғылындағы Пушкин атындағы кітапханадан шықпайды. Дүрәлі, Әндіржан, Шархан секілді жанкүйер достарымен бірге Орталық стадиондағы «Қайраттың» ойынын да құр жібермейтін болды. Футболға құштарлықтан шығады, КазМУ қалашығындағы №5 жатақхананың жанындағы шағын алаңқайда болашақ журналистер футбол ойнауды дәстүрге айналдырып алды. Сабақтан қол босаса болды, журналистер осында жиналады, кейде көрші жатақханадан тарихшылар да қосылып кетеді. Әмір де солардың ортасында көк тер болып жүргені.

Журфактың студенттері газет-журналдарда жарияланған қандай да өзгеше түрдегі өрнекті мақалаларды үзбей оқиды, пікір таластырады, апта сайын дерлік өтіп жататын әдеби кештер, түрлі кездесулерді құр жібермейді. «Білім және еңбек» журналында фантастикалық туындылардың сәнге айналғаны осы кез. Абдулхамид Мархабаев, Жүніс Сахиев, Раушанбек Бектібаев сынды фантаст-жазушылардың түкірігі жерге түспей жүрген тұсы бұл. Бір күні студент Әмір Оралбаевтың «Шүмектен су қайта ақты» деген фантастикалық әңгімесі жарқ ете қалды. Сөйтіп, артына қара ілестірмей жүрген аға буынның артына таңдана бір қарап қалғаны есімізде.

Студент кезінде Әмірдің осылай өзгеше қимылдар жасамасқа амалы да жоқ екен. Өйткені айналасы кілең жүйрік. Он жас үлкен ағасы Жайлаубай Қазиев күн сайын бұрқыратып өлең жазып, бас қосыла қалған жерде шабыттана оқып жатқаны. Қаламы жүйрік Қайнар Олжаев өзінше өрнектер салып, айнала жұртты тамсандырады. Талғат Өтегенов «Қазақстан пионерінің» өз баласына айналып кетті. Сырт көзге сәби сияқты көрінетін Сәбит Дүйсенбиевтің әңгімесі «Жалын» журналына жарияланып, елді бір шулатты. Шархан Қазығұлов, Қали Сәрсенбаевтар көзі тірі «классиктерге» айналды. Кілең мықтының ортасында Әмірдің есімі бәрібір алғашқы ондықта аталатын.

1981 жылы қолына диплом алған оның Алматыда қалуға толық мүмкіндігі бар еді. Өйткені ол студенттік кезінде өзін жеткілікті дәрежеде танытып, ұстаздарының да, аға буын журналистердің де оң назарына ілігіп үлгерген болатын. Бірақ, шамасы ауданнан бастап, бірте-бірте көтеріліп, түбі Алматыға келемін ғой деп ойлаған сияқты да көрінеді кейде.

Не дегенде де сол уақыттың талабына сәйкес жолдамамен Ақтөбеге жіберілді. Алғашқы қадамды қазақ және орыс тілдерінде шығатын Октябрь аудандық газетінен бастады. Ол кезде жас маманға облыстық газетке кіріп кету қиындау. Бұрыннан қалыптасып қалған ұжымдағы штатта ауыс-күйіс көп бола бермейді.

Әмір аудандық газетте әдеби қызметкер болып аз уақыт жүрді де, көп ұзамай редактордың орынбасары болып тағайындалды. Ол уақытта газет аптасына үш рет басылады. Жасыратыны жоқ, мұндағы басты уайым кейде газетке материал жеткізу де болып қалады. Сондайда іссапарға да ылдым-жылдым барып келетін Әмірдің қолы да жүргіштігі әріптестерін риза ететін. Ара-арасында уақыт тауып, облыстық «Коммунизм жолы» газетіне де жаза бастады. Ондағы аға буын әріптестері оның жазғандарына жақсы бағасын беріп, тапсырмалар бере бастады. Әсіресе, газет редакторының орынбасары Әкімжан Оралбаев өзі әлсін-әлсін телефон шалып, енді Ақтөбеге қарай жақындауы қажеттігін айта бастады.

Әмірдің журналистік жолы облыстық газетпен екі рет қиылысты.

1983 жылдың күзінде Әмір ауданнан әдейі шақыртылып, «Коммунизм жолына» ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы болып бекітілді. Бұл газеттегі ең жетекші, жұмысы шаш-етектен келіп жататын ауыр бөлімдердің бірі еді. Осында ол 1986 жылдың маусым айына дейін бөлім меңгерушісі болды. Осы үш жылға жуық уақыт оның іске тиянақтылығын, міндетке жауаптылығын терең танытты.

Ол «Ақтөбе» газетіне араға он сегіз жылдай уақыт салып оралды. «Лениншіл жас» пен «Егемен Қазақстанның» көрігінде әбден шыңдалған, өмір көрген, тәжірибе жинақтаған оның бір кездері өзі қызмет атқарған облыстық басылымға бас редактор болып келуін көпшілік заңдылық ретінде қабылдады. Әмір осы тұста газеттің сексен жылдық мерекесін өткізуді қолға алды. Ардагерлерді түгендеп, той төріне отырғызды.

Бір қызығы, әрі тағдырдың жазуы шығар, әлде талап ыңғайы солай болды ма, ол бір жылда екі газеттің редакторы болып үлгерді. «Ақтөбенің» тойын өткізген соң көп ұзамай «Актюбинский вестниктің» тізгінін ұстады.

Ол таза журналистиканың адамы болғанымен, соңғы бір тұстарда ғылымға қарай бүйрегі бұра бастағанын байқайтынбыз. Бұған, сірә, кезінде ғұлама ғалым Мұхтар Арыновпен біраз сырлас-сұхбаттас болғаны да әсер етті ме екен?! Әйтеуір, Ақтөбе университеті бірте-бірте оның екінші үйіне айналды. Осында журналистика бөлімінің студенттеріне баяғы Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Әбілпайыз Ыдырысов ағалары сияқты тереңнен толғап лекция оқыды, шеберлік сырларына үйретті. Арасында «Ақтөбе университеті» деген газеттің жұмысына басшылық жасады. 2005 жылы «Құдайберген Жұбанов – публицист» деген көлемді зерттеу еңбегін жазды. Осылайша, ғылымның терең тұсына қарай ендей берді.

Әмір Әбдірауышұлы Оралбайұлына Ғылыми кеңестің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы шешімімен филология ғылымдарының кандидаты атағы берілгендігі туралы құжат оның қолына тиіп үлгермеді.

Кейінірек Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің ректоры Кенжеғали Кенжебаевтың оқу орнындағы журналистика саласы бойынша жалғыз ғылыми ізденуші Әмір Оралбайдың алдағы қызметімен көптеген игі жоспарлар байланысты болып тұрғанына өкініш білдіруі оны тыңдаған жұртшылықты ойға қалдырды, көп көкейінде өкініш шоғын маздатты.

Әмір журналист ретінде батыр қызымыз Әлия өмірін жаңа қырынан зерттеп, деректі туынды жазып шықты. Оның тағы бір туындысы кездейсоқ қолымызға ілікті. «Жалын» баспасынан 1989 жылы жарық көрген «Жанып тұрған жігіт» жинақта журналистің Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің комсомол комитетінің хатшысы Еркеш Қалиевтің аула клубын ұйымдастырудағы жанкешті еңбегі туралы мақаласы жарияланыпты.

Ол журналист ретінде көп адамдармен кездесті, талай тағдырлардың қуаныш-қайғысына ортақтасты.

Ол қазақтың қабырғалы қаламгерлері Сейдахмет Бердіқұловтың, Шерхан Мұртазаның, Әбіш Кекілбаевтың, Нұрлан Оразалиннің, Сауытбек Абдрахмановтың мектебінен өтті.

Бәрі де күні кешегідей сияқты еді, өмір өте береді екен ғой. 1981 жылы журналистика факультетін бітірген түлектер алды елуге жетер-жетпестен алыс сапарға аттана бастапты. Жақсы көретін жолдасы, елге танымал тәуір журналист, радиодан даусы саңқылдап естіліп жататын Абдолла Сүлейменов о дүниелік болғанда көп қиналды. Одан беріде Жұмабай Әбілев, Мылтықбай Ысмағұлов сынды асыл азаматтар да мәңгілік мекеннен қоныс тепті.

Ақтөбе жерінен Меңдігүл атты асыл жар тауып, Ернұр, Гүлнұр есімді екі перзент өсірген Әмір де Ақтөбенің Алғаға шығар жолындағы үлкен қорымнан тыныс тапты.

…Ол 2008 жылдың алғашқы есік қаққанын аурухана төсегінде жатып қарсы алды. Енді үш-төрт айдан кейін мүшел жас – қырық тоғызбен жолықпақшы еді. Бірақ қаңтар айының алғашқы он күндігі оның айналамен, дос-жолдастарымен, ата-анасымен қоштасуға берілген мүмкіндік сияқты болған екен ғой.

Міне, енді сол бір ауыр күндер де жыл тасасында қалыпты. Осы сәуір айында ол елу жасқа толар еді…

Қысқа ғұмырдың көп шаруалар тындырғаны енді уақыт өткен сайын айқын біліне түсуде. Өкінішке аз да болса ара түсер, көңілге медеу тұтар жай да осы.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Ассалаумалейкум Нұреке! Мен Жайлаубай Қазиев ағамыздың жерлесі едім, сол кісі туралы  
    деректер білгім келеді. Егер мекен-жайын және жұмыс орнын білетін болсаңыз хабарласуыңызды сұраймын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button