Пікір

Заң үстемдігі әділ сайлаудан бастау алады

Естай ЖАЙЛЫБАЙ,

халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы:

— Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде елімізде дамудың жаңа кезеңі басталатынын айтты. Содан бергі екі ай уақыттың ішінде көп өзгерістерге куә болып келеміз. Жаңа Қазақстанды құру жолында халық пен билікті жақындастыру, елдің мұң-мұқтажын тыңдау, қоғаммен қатынас ең басты орынға қойылып отыр.Сондай-ақкоррупциямен күрес негізгі басымдықтардың біріне айналды. Бұрынғы жүйені біржола тұралатқан осы жең ұшынан жалғасқансыбайластық болатын. Сондықтан халықтың, ең алдымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің барысына, нәтижелеріне алаңдайтыны да түсінікті.

Елімізде коррупция жойылып, әр азамат өз арман-мақсатына адал еңбекпен жете алуы үшін ең бірінші не қажет? Ол үшін әр адам заңға бағынып, оның талаптарын мүлтіксіз орындап өмір сүруі тиіс. Бірақ бұл тақырыпта сөз қозғағанда кейбір азаматтар заңның өзінің шикілігін, солқылдақтығын айтып, дес бермейді. Ендеше алдымен сол заңдарды дұрыстаудан бастау керек.Ол үшін заң шығарушы органдарға, Парламентке әділ әрі білімді, білгір депутаттар сайлануы тиіс. Сондықтан қазір алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі — сайлау комиссиялары мен сайлау туралы заңды өзгерту керек деп ойлаймын. Ешкімге ешқандай артықшылық берілмейтін әділ сайлау арқылы ғана заң шығару органдарына турашыл, білімді, елге жанашыр азаматтар бара алады. Депутаттар әділ, елге қажетті заң түзу, оны қабылдаумен қатар, қоғамның барлық жіктерінің мүддесін қорғай білуі де керек.

Мемлекет басшысы 16 наурызда саяси реформалардың жаңа бағдарламасын ұсынатынын жеткізді. Бүгінгі күні көкейімізде жүрген көп мәселенің жүзеге асырылуы сол жаңа бағдарламаға байланысты болмақ. Өз басым 16 наурызды үлкен үмітпен күтемін.

Әрине, отыз жыл бойы жіберілген қателіктерді, қордаланған мәселелерді аз уақыттың ішінде шешіп тастау мүмкін емес. Бұл — бірте-бірте жүзеге асатын және бүкіл халық болып жұмыла атқаратын іс. Осы жағын ескермей, бүгінге дейін істелген жұмыстардың бәрін жоққа шығарғысы келетін байбаламшылар да бар. Жалпы, бүкіл өзгерісті бір адамнан талап ету мүмкін емес. Қазіргі таңда әрқайсысымыздың осы ортақ іске жанашыр ниетпен қарауымыз өте маңызды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button