Мәдениет

Мәліктің музейі    

Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин мемориалды музейі Ақтөбеге «Мәліктің рухы — халықпен» атты танымдық-тағылымдық экспедициямен келді.

Экспедиция аясында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде «Мәңгілік елдің батырлары» атты салтанатты шара өтті.Шара біздің облыстың құрылғанына 90жыл толуына орайластырылды.

Салтанатты жиынды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова ашып, қос музей арасындағы әріптестік ынтықмақтастықжұмыстарға сәттілік тілеп, алыстан арнайы келген көкшетаулықтарға алғысын жеткізді.

Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Серікжан Жүзжанова ақтөбеліктер мен қала қонақтарын өзі басқарып отырған музейдің тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткерi Мәлiк Ғабдуллиннің музейі оның 80 жылдық мерейтойына орай 1995 жылы қыркүйекте ашылған.

Ал музейдің ғылыми қызметкері Аягөз Махметова Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғажайып өмір баспалдақтары» атты көшпелі көрмеге шолу жасады. Сондай-аққос батырдың музейлері арасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Кешке Әлияның туысы Сапар Молдағұлов қатысып, өзінің отбасы жайлы, әкесі, Әлияның нағашы ағасы болып келетін Әбубәкір Молдағұловтан естіген естеліктері төңірегінде сыр шертті. Сонымен бірге Мәлік Ғабдуллиннің озық шәкірттерінің бірі — Мұғал Құбаштың қызы Ардақ та өзінің әкесінен естіген естеліктермен бөлісті.

Көшпелі көрмені бүгінге дейін мәдениет саласының қызметкерлері, «Жауынгерлік бауырластық» іздестіру тобының мүшелері, 30238-әскери бөлімшесінің сарбаздары, ұстаздар мен оқушылар, студенттер тамашалады.

Экспедиция барысында, сондай-ақ, Ақтөбе қаласындағы М.Ғабдуллиннің аты берілген №70 орта мектепте де салтанатты шара өтті. Жиында «Жас ғабдуллиншілдер» клубына мүшелер қабылданды. Мектеп директоры Ерік Нұрмаханның айтуынша, мектепке Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинннің аты берілуіне байланысты үлкен ізденіс жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күні мұнда батырға арналған бұрыш бар, болашақта оны ұлғайтып, музейге айналдыру жоспарланып отыр.

Халқымызда «Не ексең, соны орасың» деген аталы сөз бар. Еліміздің болашағы — жүрегі Отан деп соққан жастардың қолында. Ал ондай патриот жастар тәрбиелеп шығару үшін өткен тарихымыздағы, алдыңғы буын аға-апалар арасындағы ел қорғаған батырлардың есімі мен ерлігі әрдайым ұлықталып отыруы тиіс. Осы мақсатта Мәлік Ғабдуллин мен Әлия Молдағұлованың есімін иеленген музейлер арасындағы ынтымақтастық жалғаса бермек.

Назерке ЖОЛДИЕВА,

Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың

облыстық  мемориалды музейінің ғылыми қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button