Экономика

Былтыр 150 кәсіпкердің құқы қорғалған

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеті — кәсіпкерлердің құқықтарын қорғап, оларға сервистік қызметтер көрсету, әр топтағы азаматтарға бизнес негіздерін үйрету, кәсіпкерлерге қолдау көрсету.

Өткен жылдың қорытындысына сүйенсек, құзырлы органдарға шағымданатын бизнес иелері айтарлықтай артқан.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауованың айтуынша, былтыр бизнесті қорғау бойынша 159 шағым түсіп, оның 150-і оң шешімін тапқан. 2020 жылы мұндай арыздың саны 154 болған-ды.

— Нәтижесінде 3,5 миллиард теңгеден астам қаржыға кәсіпкерлердің мүліктік құқығы қорғалды. 2020 жылы оның көлемі 2,3 миллиард теңге еді.

Шағымдардың дені жер мәселесі, шарттық міндеттемелерді орындамау, салық салу, лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігіне қатысты.

Жалпы 2021 жылы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің 12 отырысы өткізілді. Бизнесті қорғауға және анықталған әкімшілік кедергілерге байланысты 20 мәселе қаралды. Сонымен қатар 31 әкімшілік кедергі анықталып, оның 25-іреспубликалық сипаттағы екені белгілі болды, — деді Дана Бекбауова.

Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласында, кәсіпкерлер палатасының 12 аудандық филиалында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Аталған орталықтар былтыр ауыл-аймақтағы іскер азаматтарға 12 мыңнан астам кеңес беріпті. Әдетте бухгалтерлік, заң қызметтері, сатып алу бойынша мамандармен ақылдасатындар көп екен.

— Біздің палата қаржы институттарының өкілдерімен бірлесе

агроөнеркәсіп кешені саласыбойынша тұрақты түрде семинарлар өткізіп тұрады. Әсіресе, несиелендіруге қатысты сұрақ қоятындар біршама. Ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау бойынша фермерлермен кездесулер де ұдайы ұйымдастырылады. Айталық, 2021 жылы 7 отырыс өткізілді, онда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 9 мәселесі қаралды, — деп сөзін сабақтады «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова.

Ал өңірлік кәсіпкерлер палатасы қаржылық емес қолдау бөлімінің сарапшысы Гүлшат Қаңтарбаева «Бастау-Бизнес» жобасы адамдарға өз ісін ашуға және кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренуге көмектесетінін атап өтті.Жоба қолға алынған 5 жылдың ішінде 10726 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгеріпті.  Соның 3950-і кейіннен кәсіпкерлікке бет бұрған.

— Биыл аталған жоба наурыз айының соңында басталады деп күтілуде. Қатысушылар онлайн режимде оқытылады. Оқу ұзақтығы 25  күннен аспайды және тегін өтеді.

Осы жылы «Бастау-Бизнеске» мына нысаналы топқа жататындар қатыса алады: жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар, жеке кәсіпкерлер, жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлғалар, аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасы мүшелері, қандастар, мүгедекбалаларды тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және мүгедектер.

Оқуға өтінімді Business.Enbek порталында беруге болады. Порталда өтінімді берудің басталуы туралы ақпарат облыстық кәсіпкерлер палатасының ресми парақшаларында алдын ала хабарланатын болады.

Оқыту нәтижелері бойынша қатысушыға сертификат беріледі, — деді ол.

Сонымен бірге Гүлшат Қаңтарбаева микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген несиелендіруде қатысушылардың тізімі биылдан бастап кеңейтілгенін хабарлады.Енді бизнес-жобаларды қаржыландыруды жылдық 6 пайызбен «Бастау-Бизнес» курсының түлектері ғана емес, басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында курс оқығандар ала алады.

«Микроқаржы ұйымы кәсіпкерлік қызметтің барлық түрлерін дамытуға несие береді. Негізгі қарызды төлеудің жеңілдікті кезеңі — 12 айға дейін, сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 6 пайыз. Микроқаржы ұйымы ешқандай комиссия алмайды. Кепілдік мүлікті бағалауды тәуелсіз бағалаушылар жүргізеді, ал жобаларды микронесиелеу бойынша шешімдерді кредиттік комитет қабылдайды.

Бұл ретте жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін және жылжымайтын мүлікті сатып алу, несие бойынша берешекті қайта қаржыландыру, бар несиелерді өтеу, сондай-ақ тұтынушылық мақсаттар бойынша жобалар қаржыландырылмайтынын баса айтқым келеді.

Жыл басталғалы микроқаржы ұйымына барлығы 238 өтінім қабылданды. Оның ішінде 83 жоба мақұлданып, Ақтөбе қаласындағы «Аграрлық несие корпорациясы» филиалына бағытталды. Ал 58 жоба 353 миллион теңгеден астам қаражатқа қаржыландырылды», — деп сөзін түйіндеді өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен брифинг барысында биылғы жоспарлар да айтылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button