Мәдениет

«Бүкіл әлем құлпырады сен үшін…»

Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы жылдағы дәстүр бойынша биыл да арулар үшін арнайы мерекелік бағдарламасын ұсынды. Халықаралық әйелдер күніне арналған «Сен үшін» атты концерт 6-7 наурыз күндері Өнер орталығында өтті.

Бұл кеште шырқалған әннің барлығы ардақты аналарға, аяулы аруларға арналды. Құрманғазының «Адай» күйімен шымылдығы ашылған концертте «Ана туралы жыр», «Мама» , «Мен сенімен кездестім», «Анаға сәлем» сияқты танымал әндер шырқалды. Қуаныш Спановтың «Қызыл көйлек» атты әніне тербеле билей кеткен көрермен Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Бәрінен де сен сұлу» әнін әншілермен бірге қосыла шырқады.

Мерекелік шара барысында ана туралы, махаббат туралы жиырмадан астам ән айтылды. Бәрі жанды дауыста. Мерекелік концертте Мұрат Өскенбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рахат Мадреев А.Жұбанов атындағы қазақ халық аспаптары оркестріне жетекшілік етті.

Ұйымдастырушылар залда отырған мереке иелеріне раушан гүлін сыйлады. Кешті филармония әншісі Әкімжан Шәкіров Бақытжан Ауданбаевтың сөзіне жазылған Ержан Серікбаевтың «Сен үшін» атты әнімен қорытындылады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button