Білім

Ұстаз мерейі

Ақтөбе қаласындағы №33 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі Мейрамгүл Марқабайқызының «Ұстаздық ұлы жолға — 30 жыл» атты шығармашылық кеші өтті.

30 жыл бір мектепте табан аудармай еңбек еткен тәжірибелі маман үшін әр шәкіртінің орны бөлек.

— Ұстаздық жолды таңдау өскен ортаңа, жан-жағыңдағы адамдарға байланысты. Әркімнің бала кезінде ерекше үлгі тұтқан мұғалімі болады. Мен де солай алғашқы ұстаздарыма еліктеп, ұстаздық ұлы жолды таңдадым. Бастауыш сыныптың мұғалімі болудың қиындығы да, қызығы да бар. Кейде өзіміз де бала сияқты болып ойнап кетеміз. Қиындығы әрбір баланың жүрегіне жол таба білу. Бала болған соң әртүрлі мінезі бар. Сол мінезіне қарай әр баланы сабаққа бейімдеуге тырысамыз, — дейді Мейрамгүл Марқабайқызы.

Шарада мектеп директоры Жандос Қасымов құттықтап, облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханның атынан Алғыс хат табыс етті.

Сондай-ақ Ақтөбе қалалық білім бөлімінің, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы филиалының, Білім беру қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің өкілдері Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар берді. Осындай шаралар арқылы мұғалімнің мәртебесі артатынын, жас мамандарға үлгі болатынын жеткізді.

А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button