Әлеумет

Келіндердің алғысына кенелген

Үлгі

Кеңес Одағы екі ай еңбек етпесең, «арамтамақ» деп танитын еді. Сенің қабілет-қарымыңа қарамайды. Қолыңнан келмесе де, қаламасаң да қойшыға көмекші боласың болмаса кеңшардың көп шаруасының біріне «жегілуің» керек… Ойыл өңіріне қадірлі Айса ақсақал әңгіме арасында «Мал табудың жолын білмей, ши тарта беріппін…» деген сөз тіркесін жиі қолданатын-ды. Ал ши тартуға да үлкен ептілік, әдіс керек!

Мал өсіруден басқа өндірісі жоқ ауданда кәсіптің көзін табуды көбісі алыпсатарлықпен айналысу деп түсінеді. Бірақ Ойылдағы Нұрлан Шыңбаевтың түсінігі мүлдем басқа. Нұрланның айтуынша, еліміз тәуелсіздік алғанда қарапайым адамға да тәуелсіздік тиді. Кім не кәсіппен айналысқысы келеді, өз еркі. Тек Үкіметке жаутаңдама, ұрлық жасама!

…Әскерден келе сала үйленген Нұрлан еңбекқорлығымен біраз елді аралады. Жасынан серік қылған суретшілігі нан тауып, отбасын асырауға көмектесті. Алдымен Хромтау өңірінде еңбек еткен ол кейіннен қаланың іргесіндегі Хлебодар селосына көшіп барды. Шаруашылыққа нағыз керек маман болып шықты. Бірақ ауылда шаруашылықтың басшысынан басқа адамды танымайтын ол алғашқы кездергі кедергіні жеңу үшін біраз «тер төгуге» тура келгенін айтады. Хлебодарда өзінің тұрақты баспанасы болмаған соң алдымен жер алып, үй салуға кірісті. «Тәңір берген денсаулықты өзімнің, отбасымның игілігі үшін жұмсауым керек» деп түсінетін жігіт маңдай тердің «дәмін» жақсы біледі. Хлебодарда ауылдың алды болмағанымен, тұрмысы тәуір отбасылардың бірі болды. Бірақ туған жердің түтіні де ыстық қой! Қашаннан шешімді тез қабылдайтын жігіт бір күнде жиналып Ойылға көшіп келді. Ал келді. Енді не істейді? Ойылға суретші керек емес екен. Нұрлансыз да суретшілер бар. Түгін тартса майы шығатын Мәртөк жерінен, нағыз жұмақтан кетіп қалыппын деп ойлағаны да рас. Бірақ әуелден біреуге тәуелді болуды қаламайтын, өткен іске өкінбейтін жігіт кәсіптің көзін көп іздеген жоқ. Алдымен Хромтаудағы жолдастарынан гранит тас әкеліп, құлпытас жасады. Әрине, тапсырыспен… Ауыл шағын, сондықтан мұның  табысы тұрақсыз еді. Әйтеуір, адал еңбек.  Бұл – осыдан 5-6 жыл бұрынғы оқиға.

Бір күні отырып-отырып ойына ой түсіп, өзінің жатқан диванын бұзып тастады. Тым жақсы дүние еді. Бірақ оның қалай жасалғанын көргісі келді. Содан жалғыз кашарын сатып, қалаға тартып тұрды. Қолында жиырма мың теңге ақшасы бар. Паралон мен диванның сыртын қаптайтын мата сатып алды. Тақтай ауылда да бар. Келе әлгі бұзған диванына қарап отырып, диван жасады. Тек қиналған жері матаны тігу керек. Оған құрал да жоқ, қолынан да келмейді. Осы жерін ескермепті. Тағы да тұйықтан өзі жол тапты. Тікпейтін амалын тапты. Диван дайын болғасын алғашқы сұрап келген адамға 20 мың теңгеге ұстатып жіберді. Осылай Нұрланның жиһаз цехын ашу жоспары басталды. Алдымен ауласындағы сарайында басталған жұмыс ауқымы ұлғайған сайын дербес ғимаратты қажет етті. Осы жерде інісі Ұлан көмекке келді. Макарон цехынан босаған ғимаратты ағасына берді. Жұмыс ауқымы дегенде, тапсырыс берушілердің талғамы мен өтініші өсті. Біреуге диван, біреуге орындық, енді біреуге ас үй жиһазы, шкаф керек дегендей… Тумысынан әпенділеу жігіт бір қызық оқиғаны еске алады. Біреуден үстел жасауға тапсырыс түсіпті. Қандай тақтайдан жасалатынын бұл біледі. Бірақ тақтайдың атын білмей біраз әлекке түсіпті. Содан Ақтөбеге базарға барып, мата, паралон алып тұрып, өзі сияқты тұтынушыдан сұраса керек. «Ламинатталған ДСП ғой», – деген бейтанысты қуып жетіп, «қайдан алуға болады?» деп тағы сұрапты. Ол жігіт мұның жиһаз жасаумен айналысатынын қолындағы тауарынан түсінгенімен, тақтайдың атын білмегеніне таңданса керек.

Тағы бір қызық, шеберхананың атауы жоқ. «Бес қыздан соң көрген ұлыңның атын неге қоймадың?» – десем, «Шеберханаға атын беретіндей, бірінші сыныпта оқитын баланың не еңбегі сіңіп еді?» – деп өзіме қарсы сұрақ қойды. Шынында ойланатын сұрақ. Бұл дүкенге бесіктегі баласының атын қоятындарға сабақ болса ғой.

Қазір жасайтын жиһаздың дизайнын тұтынушының тапсырысы мен талғамына орай таңдайды. Талай «келіннің алғысын алып жүрген» Нұрланның басы толған идея. Мұны да тәуелсіздіктің арқасы деп санайды. Өйткені санаң да тәуелсіз! Әсіресе, ауылға қажетті құрылыс материалдарын дайындау туралы… Мәселен, оның айтуынша, пенобетон сияқты кірпішті Ойылдың борынан дайындауға болады екен. Сырттан әкелінетіні – цемент пен көпіртетін құрылғы. Қалғаны Ойылда бар. Бірақ оның бәрін жүзеге асыру үшін бастапқы қаржы керек. Осыдан келіп «жұмыс жоқ» деп сенделген, жеті мүшесі сау жігіттерге «жыны» келеді. Әрі адамға тәңір бір пайыз талант береді деп жиі айтады. Тоқсан тоғыз пайызы еңбекпен келеді деп түсінетін жігіт: «Кез келген адамның бойында ең болмағанда болатын бір пайыз талантты өлтіріп алмауымыз керек», – дейді. Шыны да сол. Тек оны кім қалай түсінеді?

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Тағдыр

Мені, бәлкім, түсінбейді көп адам…

Аудандық газеттің ауылдық округтерге барып, сол ауыл туралы айқарма бет беріп жүргенінен оқырман хабардар. Жобаның мақсаты – шалғай ауылдардағы жақсы істерді көрсетіп, кемшіліктердің түзетілуіне ат салысу. Әрине, журналист ретінде тағдыры қызық адамдарды іздеп, індетіп жүретінімізді де жасырмаймыз. Ауыл тұрғындары Рәбиға Жылдыбаева мен Абатолла Әбуовтар  жетім балалар үйінен үш бірдей баланы алып, бауырына басқанын естіген біз ол үйге соқпай кете алмадық.

Кәдімгі өзіміздің тұрмысымыздай қарапайым тұрмыс. Кәдуілгі қазақтың үйі. Рәбиға жүзінен күлкі төгіліп тұрған әдеміше келіншек екен. Жолдасы Абатолла қалаға адам тасып кәсіп жасайтын болғандықтан, біз келгенде үйінде болмады.

Наурызға дайындық жасап үйін әктеп жатқан Рәбиға әлдекімдердей бізді тосырқаған жоқ. Келген мақсатымызды естігенде де аса қысылып, қымтырылмады. Әншейінде кез келгеніміз жасайтын шаруаны жасағандай-ақ жетім балалар үйінен үш бала алғанын, олардың дәл қазір ұйықтап жатқанын аспай-саспай жеткізді.

Жасыратын ештеңесі жоқ, балаларды көргіміз келді. Олардың көзіне қарағымыз келген. Әлемдегі ең бейкүнә құбылыс – сәби жүзінде қаяу болса, ол  білінбей қалмас еді.

Балалардың оянуын күткен біз Рәбиғадан сыр суыртпақтадық. Байғанин ауданынан көшіп келіп, Ильинканы қоныстанғандарына біраз жылдың жүзі болыпты. Отбасында Ботагөз есімді жалғыз қыздары бар екен. Мектепті  жақсы бітірген Ботагөз өткен жылы қала колледждерінің біріне оқуға түскен. Грантқа. «Үкіметтің жетім балаларға төлейтін жәрдемақысын алып, қыздарын оқытпақшы болған та» деген алып қашпа әңгіме  негізсіз екені бірден белгілі болып қалды. Оның үстіне, біз тілдескен мектеп мұғалімдері де балалардың жаңа отбасына бірден үйреніп кеткенін айтып, қуаныштарымен бөлісті.

– Қызым мектеп бітіріп, оқуға түскенде жалғызсырап, ел көшіп жұртта қалғандай сезінгенімізді жасырмаймыз, – дейді Рәбиға бізбен әңгімесінде. – Сол кезде жетім балаларға отбасылық тәрбие беру туралы әңгіме шығып жатты. Жолдасыммен, қызыммен ақылдаса келе, біз де сондай балаларды тәрбиеге алуды ұйғардық.

Өткен жылдың маусымында бірден үш балалы болдым. 1998 жылы туған Динара есімді қызым, 2002 жылы туған Арман есімді ұлым, 2003 жылы туған Арманбек атты ұлым бар.

Ешқандай қиындық болған жоқ десем, өтірік айтқандық болар еді, ең алдымен ауыл-үйдің ызыңдаған әңгімесін де есіттім. «Балалардың ақшасына қызыққан ғой» деді жұрт. Бірақ осыған тәуекел етерде ондай әңгімелердің болатынын білгенмін. Кімге есеп берем? Балалардың отбасын тапқанын, әке-шеше, бауыр тапқанын Алла біледі, өзім білем, айналам біледі. Осы балалардың ақшасына қарап отырғандай жағдайымыз  мүшкіл емес. Екі жеңіл машинамыз, мал-жанымыз бар қарапайым адамдармыз. Балалардың несібесі шығар, екі сиырымыз да бұзаулады.

Алғашқы кезде ит, мысықтан мықты қорқатын еді балаларым. Қазір үйренді. Тіпті, қораға менімен шығып мал жайласуға көмектескілері келіп тұрады.

Кеше ғана Арманбек мектептен үйреніп келген өлеңін оқып, мәз қылды. «Қызыл әтеш ән салды, апай оған жем салды» дегенді естігенде, құлап қала жаздадым.

Қазынаның үйіндегі қасаңдау тәрбиені көрген балалар ғой, «үйге келген адамға сәлем беріп, шай беру керек, нан ауыз тигізу керек» деген сөздерімнен кейін,  қазір үйге біреу келсе, Динарам шайнекті ала жүгіреді. Оның ішіндегі су қайнаған ба, қайнамаған ба, оған да қарамайды…

Осылайша, балаларының әр қылығын күліп әңгімелеп отырған Рәбиға соншалықты ерлік жасадым деп ойламайды. Тағдырлары тұздылау  сәбилерді бауырына тартқан осы бір отбасы егер балалар үйреніп, бауыр басып кетсе, оларды ресми  түрде асырап алатындарын да жасырмайды.

…«Жерде жетім жыласа, көкте періште мұңаяды» дейді қазақ. Үш бірдей бейкүнә сәбидің маңдайынан сипап, бауырына басып отырған Абатолла мен Рәбиғаға, қазақ айтпақшы, құдай беретін шығар…

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

Өтініш

Жүйе келіп тұр, жарық жоқ

Жасым сексеннен асқанда біреудің үстінен арыз айтып, арын төгетін не болмаса азаматтарды араздастырайын деген ниеттен аулақпын. Айтайын деп отырған жағдайды арыз деп қабылдамай, ағаның айтқан бір өтініші екен деп қарауға да болатын шығар. Алғашқыда бұл мәселені ауыл болмаса аудан көлемінде шешімін табатын шығар деп ойлағанмын. Себебі біздің көргеніміз де, білгеніміз де кешегі күнгі кеңес өкіметі тұсында өтті ғой, онда сөз бен істің арасында алшақтыққа көп жол бермеген еді… Қазіргі заманда кімнің кімге бағынатынын біліп болмайсың. Менің байқағаным, жергілікті билік өкілдерінің қайсыбір мекеме, ұйымдарға тісі түгілі сөзі де өтпейтін сияқты. Мәселені басынан бастап айтар болсам, кешегі жекешелендіру кезінде бұрынғы кеңшар орталығы Көптоғайдан он бес шақырымдай жерде орналасқан, мал қыстайтын жердегі тұрғын үйді еңбегіме сатып алдым. Бұл шағын үйде менің барлық өмірім өтті десем де болғандай. 1961 жылдан осы күнге дейін осы үйде тұрып келемін. Бала-шағалымын, бірақ бұл үйдің орны мен үшін тіпті бөлек. Осы жерге дейін бұл жерде «Көптоғай» акционерлік қоғамының, қазіргі ЖШС-ның бір отар қойы қоныстанып отыр. Кешегі жекешелендіру кезіндегі берекесіздіктен мұнда келіп тұрған электр жүйесінің құралдары түгелдей қолды болып, бағана, сымдарына дейін ұрланып кеткен-ді. Дегенмен атасы мен әкесі осы жерде туылған, демек, осы жер мен елдің азаматы Таушанов мырза өзінің қаржысына электр жүйесіндегі соңғы жаңалықтарға сай жаңадан бағаналар орнатып, сымдарын тартып, ток реттегіш (трансформатор) жүйесін әкеліп қондырып қойды. Енді тек оны ток жүйесіне қосу ғана қалып тұр. Ал бір жылдан бері сол трансформаторға тек телміріп отырмыз. «Көзің көріп, қолың ұстамасын» деген қарғыс біздің басымызға келіп, қараңғыға қамалып отырған жайымыз бар. Сөйтіп, күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерден қол үзіп, жастар өркениеттен алшақтаса, қозғалысы қиындаған жасы үлкен кісі – менің жағдайым адам аярлықтай. Осындай тірліктен тауқымет тартып отырғандардың мәселесіне биліктің де бел шешіп араласар ниеті байқалмайды. Ал «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған электрлендіру жүйесіне де тоқтау айтатын кім екені белгісіз. Сөйтіп, біз кімнен, қайдан қолғабыс сұрайтынымызды білмей, тығырыққа тіреліп отырмыз…

Шәутен ЕШПАНОВ,

Көптоғай селосы.

Ойыл ауданы.

Ұстаз

Еңбекпен өрілген өмір

Арамызда ердің жүгін арқалап, ел игілігіне еңбек етіп жүрген жайсаң жандар қаншама?! Оның ішінде, қазақ қыздардың көбірек шоғырланған ортасы білім беру саласы екені даусыз.

Осы салада көп жыл еңбек етіп, бар ғұмырын жас ұрпақтың білім мен тәрбиесіне арнаған асыл жандардың бірі – Хромтау ауданы Көктау орта мектебінің директоры Хатима Ахметова. 1977 жылы жолдамамен орыс тілі және әдебиеті маманы болып келген жұмсақ мінезді Хатима Ахметқызы қазақ және өзге ұлт өкілдерімен етене араласып, жақын адамдарындай болып кетті.

Жас ұстаз бойындағы еңбекке, жасөспірім тәрбиесіне деген қызығушылық пен сүйіспеншілік оны аз уақыт ішінде мектеп ұжымының құрметіне бөледі. Мұғалімдіктен директордың тәрбие жөніндегі орынбасары қызметіне, одан мектеп директоры қызметіне көтерілді. Басшы болу оңай іс емес, аса жауапкершілікті талап етеді. Хатима Ахметқызы өзінің 32 жыл өмірін осы мектепке арнады. Іскер маман басшылық қызметінде де өзін таныта алды. Өзі білім беріп, тәрбиелеген көптеген шәкірттерінің идеалына айналды. Білім ұясындағы шәкірттерді білім көкжиегіне жетелеген ұстаздар арасында тұрақтылықты, бірлікті, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыра білді. Күнделікті жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын Хатима Ахметқызы ауылдағы жалғыз мәдениет орны – Көктау орта мектебін қазіргі заман талабына сай жабдықталған жарық та таза мектепке айналдырды.

Ауылымыздағы Ақтөбе мыс комбинаты 2004 жылдан бастап жұмыс жасағалы аудан, облыс, республика дәрежесіндегі барлық жиындар, іс-шаралар мектепте өткізіліп, көптеген ел ағаларынан алғыстар алынды. Спартакиада, әскери дайындық, Наурыз мерекелері де мектепте Хатима Ахметқызының жеке басшылығымен жоғары дәрежеде өткізілуде. Осындай қоғамдық шаралардың басы-қасынан табылатын мектеп директоры Хатима Ахметқызы – мақтауға да, мақтан тұтуға да тұрарлық жан. Ол – ата-аналардың алғысына бөленіп, сенімін ақтап, әр оқушының жүрегіне жол тауып, жатты жақын еткізер нағыз педагог.

Ұстазға керек үлкен жүректілік,

Бере алмас ешкім оны үлестіріп.

Шын бедел –  ел таңдауы, халық сыйы,

Ала алмас ешкім оны тілеп тұрып, – деген өлең жолдары осы әңгімеміздің түйіні секілді. Хатима Ахметқызына мектеп ұжымы атынан еңбегіңіз жана берсін,  биіктерден көріне беріңіз дейміз.

Т.Төлебаев,

тарих пәнінің мұғалімі.

Ізгілік

Жақсының шарапаты

Адамның тағдыры қуанышы мен қайғысы кезектескен ұзақ сүрлеу жол секілді. Сол жолда кейбіреулер ата-ана, бауырларымен отбасы шаттығына кенеліп жатса, маған өзіме қымбат қос жанмен бірге өмір кешу бақыты бұйырмапты. Енді-енді ер жетіп қалғанымда әке-шешемнен айрылып қалуым үлкен соққы болды.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ақылы бөлімінде оқып жүрген менен туыстарым көмектерін аямады, осы уақытқа дейін сол кісілердің арқасында білім алдым.

Ал биылғы оқу жылдың ақысын төлеу қиындық келтіргендіктен, факультет деканының атына оқу ақысына жеңілдік сұрап өтініш жаздым. Өтінішім аяқсыз қалмай, басшылықтың, жастар ісі жөніндегі комитеттің көмегімен облыс әкімінің грантына үміткер ретінде құжаттарымды тапсырдым.

Сабақты жақсы оқитын, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген, сонымен қатар ата-анасынан айрылған студенттерге биыл облыс әкімі оқу гранттары мен стипендияларын көптеп бөлген екен. Әр оқу орнынан іріктелген басқа да студенттер арасында мен де грант иегері болдым. Сол күнгі қуанышымды тілмен айтып жеткізу қиын.

Қазіргідей бүкіләлемдік дағдарыс кезінде мен секілді көмекке мұқтаж жандарға көмек қолын созған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы мен облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлына үлкен алғысымды білдіремін. Халықтың өміріне оң өзгерістер әкелер осындай азаматтар көбейе берсін!

Ұлан НҰРҒАЛИЕВ,

Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің студенті.

Жас көрермен

Жастарға жарқын ой салған…

Қазіргі таңда теларналарда көптеген тәрбиелік мәні зор бағдарламалар көрсетіліп жатыр. Солардың бірі – ел болашағы жастарымызға арналған «Азамат» тележобасы.

Мен бұл бағдарламаны өте жақсы көремін және әр санын жібермей көруге тырысамын. Бағдарламаға еліміздегі жоғары оқу орындарынан білімді, тілге шешен жастарымыз келіп, ойларын ашық айтып, пікір таластырып, ұтымды ұсыныстарын ортаға салады.

«Азамат» бағдарламасы жастарды жарқын болашаққа жетелейді. Бұл жобадан еліне өз үлесін қосқысы келетін жастарды көп көреміз. Бағдарламаның соңғы саны «Жас азамат бейнесі қандай болу керек?» деген тақырыпта талқыланды. Менің ойымша,  еліміздің әр жас азаматы иманды болуы керек, ал иманды жандардың ғана жүректері таза, пәк, өнерге, білімге құштар болып келеді.

Азаматтарымыз мемлекеттен «не алам деген ойда емес, мемлекетіме не бере алам?» деген ойда болуы тиіс.

Жастарымызды кішкене кезінен отансүйгіштікке тәрбиелесек, ел болашағы, ел ертеңі жарқын болары сөзсіз.

«Азамат» бағдарламасы жастар ойының толысып, рухани байлығының кеңеюіне өз үлесін қосатын бірден-бір үздік тележоба деп ойлаймын. Осы «Азамат» сияқты жас жеткіншектерге берер тәлім-тәрбиесі мол бағдарламалар көп болса екен.

Әсел ҚАЙЫРОВА,

Қыналы негізгі мектебінің 9-сынып оқушысы.

Қияқты ауылы,

Аралтоғай селосы,

Әйтеке би ауданы.

Ауыл

Ермек Бейісов ертеңді ойлайды

«Біз үлкен іс бастамақпыз. Ауылымызға мешіт салып, имандылыққа бет бұрсақ» деген ойымыз бар. Сол қуанышымызды бірге бөлісіп, ауылдағы тірлігімізбен танысып кетсеңіздер екен», – деп ұсыныс жасаған қаратоғайлық азаматтың өтініші бойынша сол ауылға барып қайтқан болатынбыз.

Мәртөк ауданына қарасты Қаратоғай ауылы ауданнан 25 шақырымда, қаладан 45 шақырым жерде орналасқан. Аудан бойынша үлкен ауылдардың бірі – осы Қаратоғай ауылы. Осы жылғы санақ бойынша ауылда 1723 адам, 331 отбасы тұрады. Ауыл теміржолдың бойында орналасқандықтан жыл сайын Қаратоғайға көшіп кетушілерден гөрі, қоныс аударушылар көп көрінеді. Алайда ауылда проблема жетерлік. Соған қарамастан ауылдың азаматтары жоғарыға қол созып қарап отырмай, өз беттерімен әрекет етіп жатыр.

Ауылдың басты проблемасы – кей азаматтардың көз алдарында маскүнем, нашақор болып жатқаны. Осы жағдайды ескерген ауыл тұрғыны Ермек Бейісов халықты жинап, мешіт салу туралы ұсынысын айтты. Жиналыста ұсынысты ауыл тұрғындары бір ауыздан қоштап: «Ермек бастаса, біз де қарап қалмаймыз, қолғабыс береміз», – десіп жатты.

Ауыл әкімі Бейсен Қаспақов мешіт салуға жер беретінін айта келіп, халықты осы игі бастаманы бірлесіп атқаруға шақырды. Енді жер аяғы кеңіп, жаз келісімен мешіт құрылысы басталмақ. Ал айрандай ұйыған ауыл тұрғындарының бірінің баласы, бірінің ағасының нашақорлық пен маскүнемдікке түсіп жатқаны жандарына батады. Осы мешіт ашылса, біраз жамандыққа тосқауыл болары анық.

Өзімді көптен бері толғандырып жүрген мәселе еді. Бір жиында қалалық мешіттің өкілдеріне кездесіп, осы ойымды айтқан болатынмын. Сөзімді құп алған мешіт қызметкерлері құжат дайындау, мешітке орын таңдау сияқты жұмыстарға көмектесетінін айтқан болатын. Жер аяғы кеңіп, күн жылына бере осы істі бастамақ ойым бар. Алдымен  Алла, содан кейін халық қолдаса болғаны. Мешітке 500 мың теңге бөліп  отырмын. Ауылда мешіт болса, жастар жақсы тәрбиелетініне сенімдімін, – дейді «АСЕБ» жеке шаруашылық қожалығының басшысы Ермек Лайықұлы.

Ел бірлігін ойлаған жомарт азаматқа ауыл адамдарының алғысы шексіз. Оған себеп – ауылдағы игі істерде осы Ермек қаржылай көмекті аямайды екен. Ол ауыз су мәселесіне өз қалтасынан 1 миллионға жуық қаржы жұмсап, ауылдағы бір көшенің бойына су құбырын тарттырған. Қалған көшедегілер ауыз суды сол жақтан алады екен. Ауыз суды тасып ішіп отырған ауылдың екінші бөлігіндегі тұрғындардың айтуынша, ауылды бөліп тұрған теміржолдан су тасу өте қиын көрінеді.

Тағы бір мәселе –  мектептің тарлығы. Қазір оқушылар мұнда 2-3 кезекпен оқып жүр.

Қаратоғай ауылы ауданға да, қалаға да жақын болғанымен, көктемде жол қатынасы қиындап кетеді. Аудан мен қаланы қосып тұрған айдын жолға шығу үшін ауыл тұрғындары әуелі Елек өзенінен өтуі қажет. Тұрғындар өз күштерімен судан сәл жоғары тұратын көпір салған. Жыл сайын көктем мезгілінде көпірді су алып, көлік өте алмай, тұрғындар пойызбен қатынап келген.

Бұған дейін теміржол кассасы жұмыс істесе, биыл ол да жабылып, жолсеріктер билетсіз мінгізбейді екен. Қолындағы 2-3 сиырын сауып, сүт сатып күнін көріп отырған адамдар үшін бұл да өте қиын жағдай.

Біз барғанда ауыл азаматтары өздері салып алған көпірлеріне тас төгіп, биіктетіп жатты.

Осындай жағдайлар бола тұра ауыл тұрғындары мешіт салайын деп отыр.

Ауылда көп жылдан бері молда боп келген ақсақал Амандық Рысбаев: «Мешіт -Алланың, халықтың үйі. Мешіт – үлкенді де, жасты да тәрбиелейтін орта. Аузында кәлимасы бар адам үлкен қылмысқа, жаман істерге бармайды. Ауылға мешіт қажет. Осындай Ермек сияқты біздің азаматтар біріксе екен. Бұл жалғыз адамның қолынан келмейді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», деуші еді. Құрылыс басталса, жұрт та қарап қалмас. Ауылда бес уақыт азан шақырылып жатса, намаз оқылып, садақа берілсе, жастар соны көріп, үлкендерден үлгі алары сөзсіз. Мысалы, осы ауылда қанша жыл тұрсам да бірде-бір рет мектепке шақырып, «имандылық туралы сабақ өткізіп жатыр едім» деп айтқан мұғалімдерді көрген емеспін», – дейді.

Ал ауылдың тәртіп сақшысы Арман Есенов ауылда тауық, қаз ұрлайтындар, маскүнемдікке салынғандар мен нашақорлар бары, кейде төбелестер де кездесіп жататыны, ал мешіт жас ұрпақты имандылыққа бет бұруға шақыратыны жөніндегі  ойымен бөлісті.

P.S. Ауыл әкімі газ, ауыз су мәселесі осы жылы шешілетіндігін айтады. Ал мектеп пен жол қатынасы қай кезде оң шешімін табары анық емес.

Бейбіткүн КӘМЕТИЯҚЫЗЫ.

Ой-толғау

Аман болшы, әке!

Адам қадірін әншейінде біле бермейді екенбіз-ау. Мұны мен әкемнің денсаулығына сызат түсіп, қиналыс тартқан кейінгі жеті ай ішінде анық сезіндім.

Осы жеті ай мені көп ойландырды. Әке, сен ауру азабына берілген сәтте мен, шынымды айтсам, жанымды қоярға жер таба алмаймын, тіпті, соңғы кезде жүрегім ауыратын болды. Міне, анам екеуміз талай түндерді ұйқысыз өткеріп келеміз. Дені сау адам үшін қиындық деген не тәйірі, сенің дертіңе дауа таба алмадық па деп жанымыз ышқынады.

«Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дегенді естуші едім. Жан әке, сол сөздің қадірін енді білгендеймін. Басқа балаларыңыздан гөрі, маған бүйрегіңіз көбірек бұрып, бөлектеу тәрбиеледіңіз. Мұсылманның бес парызына кіретін ораза ұстау, намаз оқу, зекет беруді де маған көрсете жүріп, үйретуден жалықпадыңыз. Осы бір тәрбиенің өзі менің өміріме азық емес пе? «Ислам және өркениет» газетін де аудан көлемінде ең алғаш алып оқыған өзіңіз еді. «Алладан басқа Тәңірі жоқ, Мұхаммед – оның елшісі» деп ең алғаш тілімді кәлимаға келтіргеніңіз де көкейімде күмбірлеп тұр.

Сіздей алтын әкенің тәрбиесін көргеніме шүкіршілік етемін. Күні-түні тілейтінім – қөп қиналмасаңыз екен. «Ауырып тұрдың – аунап тұрдың» деген сөз бар. Сіздің де бір күні жүзіңіз жарқырап, дерттің бетін кері қайтарып, кешегі күндердегідей тұрып кететініңізге сенгім келеді.

…Міне, мен жұмыс бабындағы шаруа ретімен жолға шығып барамын. Артыма алаңдай беретін секілдімін. Аман болшы, әке…

Ғазизбек ТҰРМАҒАНБЕТОВ,

Аманкөл ауылы,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button