Басты жаңалықтарЭкономика

Кореямен ынтымақтастық нығаяды

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Ку Хонг-Сокпен кездесті. Кездесу барысында Корея Республикасы мен Ақтөбе облысы арасындағы өзара ынтымақтастық, мәдени және этносаралық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары, Ақтөбе облысы кәрістер қауымдастығының өкілдері қатысты.

Ақтөбе облысы көптеген шетелдермен тығыз қарым-қатынаста және біз үшін Корея Республикасы ерекше маңызға ие. Сіздердің Ақтөбеге келулеріңіз біздің облыс пен Корея Республикасы арасындағы достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайту мен дамытудың кепілі болады деп сенемін.

Бүгінгі күні біздің облыстың аумағында 1100-ден астам кәріс ұлтының өкілі тұрады. Сондай-ақ 1992 жылдан бері өңірімізде кәріс ұлттық-мәдени орталығы жұмыс істейді.    Ал 1997 жылы құрылған Ақтөбе кәрістер қауымдастығы бүгінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына бірден-бір септігін тигізуде. Сонымен қатар облысымызда
корей капиталы арқылы құрылған он компания жұмыс істейді. Өткен
жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы мен Корея Республикасы арасындағы тауар айналымы  28,0 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 6 миллион АҚШ долларына артық, яғни өсім бар, — деді облыс әкімі.

Өз сөзінде өңір басшысы Ақтөбе облысы мен Корея Республикасының арасындағы екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамытудың әлеуеті зор екендігіне тоқталып, Ақтөбе жеріне арнайы келген елшіге өз ризашылығын білдірді.

Басқосуда Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Ку Хонг-Сок Ақтөбе облысы мен Корея Республикасы арасындағы өзара ынтымақтастық қарым-қатынастың әрі қарай дамуы үшін алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.

— Мен Ақтөбе облысына алғаш рет келіп отырмын. Менің білуімше, Ақтөбе — Қазақстандағы ең ірі қалалардың бірі. Бүгінде бұл облыста, сондай-ақ Атырау, Ақтау қалаларында кәрістер қауымдастығы жұмыс істейді. Олар екі ел арасындағы өзара достық қарым-қатынастың дамуына үлес қосып келеді. Тіпті екі мемлекетті байланыстыратын көпір деуге болады.

Статистикаға сүйенсек, тауар айналымы бойынша Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде жоғары көрсеткішке ие. Атап айтсақ, бүгінде импорттың 60, экспорттың 99 пайызы Қазақстанға тиесілі. Бұл да екі ел арасындағы тығыз байланысты көрсетеді.

Мен облысқа келген сапарымда кәріс қауымдастығымен, сондай-ақ осындағы компания өкілдерімен кездесетін боламын. Алдағы уақытта Ақтөбе облысы мен Корея Республикасы арасындағы ынтымақтастық, оның ішінде экономикалық байланыстардың дамуына көбірек көңіл бөлуге тырысамын, — деді елші.

Одан әрі кездесуде екі ел арасындағы сауда-саттық, мәдени байланыстарды дамыту жайы талқыланып, екі тарап өзара келісімге келді.

Айта кету керек, бүгін Ақтөбеде Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Ку Хонг-Соктің қатысуымен «Ақтөбе облысы кәрістерінің қазақ халқына алғысы» скульптуралық композициясының ашылу салтанаты өтеді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button