Білім

Білім сапасы қайтсе көтеріледі?

Брифинг

«Мемлекеттік аттестация кезінде мектептегі білім сапасын анықтау барысында оқушылардан тест алынды. Осы уақытқа дейін ұйымдастырылған тестілеуге 33 мектептің 4,9,11-сыныптарындағы 2381 оқушы қатысты. Бұл білім шаңырақтарының білім сапасы — 21,6 пайыз. Әсіресе 9-сынып оқушыларының білім сапасы төмен екені анықталып отыр (сапа көрсеткіші — 12 пайыз). 33 мектептің 11-і ғана тестілеуден өтті». Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева айтты.
«Білім беру сапасын арттыру бойынша қабылданатын шаралар» тақырыбында ұйымдастырылған брифингке облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова да қатысып, аталған салада жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Облыста 424 мектеп (167 403 оқушы), 558 балабақша (43 356 тәрбиеленуші), 42 колледж (23 128 оқушы) бар.
1-6 жасқа дейінгі балапандарды балабақшамен қамту көрсеткіші — 87,3 пайыз, ал 3-6 жастағы балалардың барлығы да мектепке дейінгі білім беру ұйымына барады.
— Сандық көрсеткішке қол жеткізілді, енді сапаға бағытталған кешенді шаралар қолға алынып жатыр.
Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі бекітілді. Балаларды ерте жастан дамыту институты құрылды, — деді Нұргүл Бертілеуова.
Ол баяндама барысында мектептердегі білім сапасын көтеру мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
— Бүгінде кадрлық әлеует әлі де жеткіліксіз. Сондай-ақ кейбір «Алтын белгі» иегерлері ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде білімдерін дәлелдей алмай жатыр. Сол себепті биыл «Алтын белгі» иегерлеріне қойылатын талап күшейтіледі, — деді Нұргүл Бертілеуова.
Облыс бойынша 23 мектептің оқушылары PIRLS зерттеуіне қатысқан. Сондай-ақ 9 мектеп, 2 колледжде PISA-based Test for Schools халықаралық зерттеуінің апробациясы өтті. Оның қорытындысы енді шығарылады.
Былтыр облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің мамандары облыстағы 123 білім беру ұйымына тексеру жұмыстарын жүргізіпті. 52 білім беру мекемесіне профилактикалық бақылау жүргізу барысында 324 заңбұзушылық анықталған. Оның 152-сі — өрескел, 81-і — елеулі, 91-і — болмашы заңбұзушылық.
Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, Ойыл ауданындағы Саралжын, Берсиев атындағы мектеп, Әйтеке би ауданындағы Әйке, Басқұдық, Хромтау ауданындағы Құдықсай, Байғанин ауданындағы Жиенбаев атындағы мектеп, Мұғалжар ауданындағы Жаңатұрмыс, Ембі қызмет көрсету колледжінде заңбұзушылықтар көп анықталған.
— Әсіресе біліктілік талаптары бұзылған (129 заңбұзушылық анықталды). Сабақ беретін пәніне сәйкес маман емес педагогтер 12 балабақшада, 41 мектепте, 1 колледжде анықталып отыр. Бұл — өрескел заңбұзушылық. 8 мектепте, 1 колледжде педагогтердің сапалық құрамы төмен. 27 мектепте оқу кабинеттері мен спортзалдар жоқ. 16 мектепте оқу-лабораториялары мен құрал-жабдықтар қамтылмаған, — деді Бұлбұл Күзембаева.
Оның айтуынша, былтыр облыстағы 9 білім беру ұйымына мемлекеттік аттестация жүргізілген. Соның 8-і талаптарға сәйкес келмей, аттестациядан өтпепті. Олардың арасында мектеп-гимназия да бар.
Биыл облыстағы 166 білім беру ұйымында мемлекеттік аттестация жүргізу жоспарланып отыр.
Республикалық мониторингке біздің облыстан 4 колледждің оқушылары қатысқан. Қорытындысында аталған оқу орындарының көрсеткіші республикалық көрсеткіштен жоғары болыпты. Әсіресе Ақтөбе жоғары политехникалық колледждің оқушылары тестілеуді жақсы тапсырған. Бұл бағыттағы жұмыстар алда да жүргізілетін болады. Осындай мониторинг сәуір айында мектеп оқушыларының арасында (4, 9-сынып) жүргізу жоспарланып отыр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button