Денсаулық

Бармақты ұмыт, балақай!

Бармақ сору — барлық сәбиге тән ортақ әдеттердің бірі.Жаңа туған нәрестелердің шамамен 90 пайызы туғаннан кейін екі сағаттан соң осы әрекеттің қандай да бір түрін көрсетеді екен. Мамандар бармақ сору рефлексі балаларда 4 жасқа дейін болатынын, кейін өздігінен қойып кететінін айтады. Егер одан үлкен кезінде де арыла алмаса, онда алаңдауға негіз барын ескертеді.Ендеше, жағымсыз әдеттен дер кезінде құтылу үшін не істеу керек? Осы тақырып төңірегінде мамандармен сөйлескен едік.

Ана уайымдайды

Сәбилердің бәрі де бас бармағын соруға құмар-ақ. Тіпті кейбір ата-аналар құрсақта жатқан шақалақтыңбармақ сору арқылы өзін-өзі тыныштандыратынын ультрадыбыстық зерттеулер барысында фотосуретінен көрген де болар. Мүмкін, ол кезде сүйкімді көрінген де шығар. Ал егер бала 7-8 жасында да бармақ соруын тоқтата алмаса ше?

Хромтаулық бір келіншек жеті жастағы қызының бармақ соратын әдеті барын айтып, уайымын жеткізді.

— Бір күні қызымыз екеуміз бір тойға барғанбыз. Қызым бала арбасында тәп-тәтті боп ұйықтап жатқан. Әрине, бармағын сорып жатты. Сонда қызмет көрсетіп жүрген даяшы қыз қасыма жақындап: «Апа, балаңыздың бармақ соруын осы бастан тоқтатуға тырысыңыз. Менің жасым 16-да. Әлі де ұйықтар кезде бармағымды сорамын. Осы әдетімнен арыла алмай келемін» деді. Содан бері менде маза жоқ. Ол кезде қызым екі жаста еді. Биыл сегізге толады. Қазір сүт тістері түсіп, орнына тұрақты тістері шығып жатыр. Тістері қисайып-қисайып шығып келеді, тіпті кейбірі өз орнынан емес, басқа жерден шығып жатыр ма, түсінбедім. Бұрын біз сүйек мүжіп, алма-алмұртты тістеп жеуші едік. Қызым алманы ұсақтап туратып алыпжейді. Менің бір уайымым — осы. Қызыма қалай көмектесе аламын? — дейді ол. Тағы бір ескерер жайт, даяшы қыз өзінің балалар үйінде тәрбиеленгенін де айтып үлгеріпті.Әлде бармақ соратын балаларға ата-ананың махаббаты, ықылас-назары, мейірімі, қамқорлығы жетіспей жата ма?

Психолог көмектеседі

Бұл бір ғана келіншектің баласының басындағы жайт емес, интернетте бармақ соруды тыюдың бір амалын сұрағандар жетерлік. Психолог Арайлым Тоқсанбаева:

— Бармақ сору рефлексібалаға тыныштық, жайлылық сыйлайды. Сәби бұл әдетті ана құрсағында жатқанда-ақ «тәжірибеден» өткізетінін білеміз. Жағымды әсер еткендіктен бұл әдеттен оп-оңай арыла алмайды. Дүниеге келгеннен кейін де бармағымен «дос» болып, оны тыныштандыру құралына айналдырып алады. Ата-аналар балалардың бас бармақты көбіне шаршағанда, қиналғанда, қорыққанда, зеріккенде аузына қарай апаратынын айтып шағымданады. Көпшілігі бармағын ұйықтар алдында, түн ортасында да аузына сала береді екен. Кейбір ата-ана баласының өсе келе де бұл әдеттен арыла алмай жүргенін айтады. Бала 1,5-3 жасында анасынан ажырай бастайды, яғни суалту кезеңінен өтеді. Анасының құшағындағы қауіпсіздікті  бала түйсікпен сезініп,өзін жұбатып, саусағын сора бастайды. Бармақ балаға ана сүтін бермегенімен, емізік іспетті құралға айналады.

Әсіресе балабақшаға ерте барған немесе уақытынан бұрын суалтқан балалар бармағын соруға үйір келеді. Сосын бірінші баласынан кейін екінші баланы дүниеге әкелсе, сол кезде бала анасының назары мен қамқорлығы бөпесіне ауысқанын біліп, өзін қорғау үшін, яғни өзін батыл сезіну үшін бармағын сорып бастайды. 3-4 жастағы балаларбұл әдетті өзін тыныштандыру мақсатында қайталайды, — дейді.

Баланы бұл әдеттен қалай арылтамыз? Ол үшін не істеу керек? Психолог Арайлым Тоқсанбаева: «Бала 4 жасқа дейін осы әдетінен арылмаса нағыз алаңдайтын кез туды дей беріңіз. Бұл жасында әдетінен өздігінен арылмаған балаға маманның жетекшілігімен терапия жүргізу керек.Баланың қабылдауы мен жеке мінез-құлқына байланысты терапия кейде ұзаққа созылуы мүмкін. Кейбір ата-аналар баланың қолын байлап қоямыз, кейде қолын қағып жібереміз деп жатады. Бала бармақ соруды қорғаныс үшін қолданды ғой, сондықтан да бұл жерде кері процесс жүруі мүмкін. Мейлінше осы әдеттен арылу үшін өзінің жұмыс жасауына мүмкіндік беру керек. Әрине, терапия жүргізгенде маман пікіріне құлақ асқан абзал», — дейді.

Психолог төрт жастан асқан бала бармақ соруын өздігінен тоқтатпаса, арнайы шаралар жасауға кірісу керектігін айтады.

Маман кеңесі мынадай: ең әуелі бұл қылығы үшін сәбиге ұрсып, оны жазаламаңыз. Керісінше, жиі ескертуге дайын болыңыз. Мұндай жағдайда олар қолын аузына бұрынғыдан да жиі тықпалай беретінді шығарады. Сондай-ақ психолог баланың назарын басқа жаққа аударып, оған жеткілікті деңгейде көңіл бөлуге кеңес береді.

Әдетте ана мен әкенің құшағы бәрінен де жақсы әсер беріп жатады.Сондықтан да маманның айтуынша, бөбекті жиі құшақтап, оны жақсы көретініңді айтып отыру керек екен. Осындай жаймашуақ сәтте оның неге бармақ соратынын сұрап көру керек. Мүмкін бала уақтылы тамақтанбағанда бармағын соратын шығар?..

Егер бала, керісінше, зеріккен кезде бармақ соратын болса, баланың көңілін аулайтын жаңа ойындар ұйымдастырып болмаса ойын алаңдарына апарып, назарын басқа жаққа аудару керек. Ұйықтар кезде бармақ соратын балаға ұялы телефонды көп қаратпаған жөн. Оның орнына ертегі немесе бесік жырын айтып, қасында отырып, ұйықтатқан абзал. Бала ата-анасының әлдиінен өзінің қамқорлықта екенін сезініп, мазасызданғаны басылып, тыныштала бастайды. Осы жерде баланың не үшін мазасызданғанын білу де маңызды. Ал бұл әдеті қарқын ала бастаса, тіс дәрігеріне апарған жөн, — дейді психолог Арайлым Тоқсанбаева.

Стоматолог ескертеді

Америкалық стоматологтар қауымдастығының мәліметтері бойынша, балалардың көпшілігі 2-4 жас аралығында саусағын аузына салуды тоқтатады.Бармақты қарқынды сору тұрақты тістің қалыпты шығуына кері әсерін тигізеді. Бұл туралы бізге облыстық балалар стоматологиялық емханасының бас дәрігерінің орынбасары Роза Салихова айтып берді.

— Әдетте сәбилер қарын ашқанда, емгісі келгенде қолын аузына апарады. Бұл әдет әсіресе сүт тістері түсіп, орнына тұрақты тістер шығып жатқанда қиындық туғызады. Мәселен, бармақ сорудың қарқындылығына қарай тістер арасында арақашықтық пайда болады. Енді бір балалардың аузы жабылмай қалады. Себебі алдыңғы тіс алға қарай кетіп, жаңа тіс бос орын таба алмай қалатын кездер де болады. Жоғары жақ сүйегі өспей қалады, соның кесірінен бала асты шайнай алмайды.Өспей қалған жақ өз қызметін орындай алмағандықтан жақ-самай буынына қысым келеді. Бармағын көп соратын бала дұрыс демала алмайды. Еріндері жарылып, ауыз қуысы кеуіп қалады. Негізі, физологияда ауыз қуысы сілекейленіп тұруы керек. Ауыздың құрғауы тамақ, тыныс алу жолдарының инфекциялық ауруларын тудырады. Косметологиялық жағынан алғанда да бармақ соратын баланың жақ пішіні әдемі болмайды, тістері қисық-қисық болып өседі. Негізі, бала бір жасқа толғаннан бастап жыл сайын стоматологқа көрініп тұрған абзал, — дейді Роза Салихова.Сондай-ақ бас дәрігердің орынбасары егербалаагрессивтісаусақсорғышболсажәне тістерізақымдалғанболса оны дереутісдәрігеріне көрсетуді ұсынады. Егер тіс бұзылулардың бастапқы кезінде барсаңыз, оңайырақ емделеді. Ал бармақ сорудың кесірінен жағдай патологиялық ауруларға ұласып кетсе, онда ортодонтиялық көмек қажет болады. Баланың бармақ сору әдетіне тыйым салу үшін қолданылатын алынбалы және алынбайтын ортодонтиялық құрылғылар бар. Балаға қай түрі ыңғайлы әрі тиімді екенін ортодонт дәрігеранықтайды. Сондай-ақ бала өсіп жатқандықтан, құрылғылар да белгілі мерзім ішінде ауыстырылып отырады. Елімізде ортодонтиялық емдеудің ерекше қымбат тұратыны бөлек материалға арқау болатындай.

Роза Салихованың айтуынша, бет-жақ ақауларымен дүниеге келген балаларға ғана 18 жасқа дейін ортодонтиялық ем-шаралар тегін жүргізіледі. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 6-12 жас аралығындағы баласына ортодонтиялық көмек қажет болған жағдайда ғана тегін емделе алады екен.

Айтпақшы, облыстық балалар стоматологиялық емханасы пандемия кезінде тек осы өңірдің балаларын ғана емес, басқа аймақтардан ата-әжесіне келген балаларға да қызмет көрсетіпті. Аптаның бес күнінде таңғы сағат сегізден кешкі сегізге дейін жұмыс істейді. Егер балалар стоматологі қажет болса, әуелі осы емханадағы алдын ала қарау бөлмесіне барып, баланың тісін көрсетіп аласыз. Олар емдейтінін не жұлатынын айтқан жағдайда ғана емдеуші дәрігерге талон аласыз. Күніне 50-60 талон беріледі екен. Жұмыс сегізден басталатынын ескерсек, алғашқы бестіктің қатарында кіруге талон алу үшін ертерек барғаныңыз абзал. Облыстық балалар стоматологиялық емханасы басшылығының ұйымдастыруымен Заречныйдағы «Арман» сауда үйінде және Ақтөбе қаласындағы №60 орта мектепте стоматолог кабинеттері ашылған, білікті тіс дәрігерлері жұмыс істеп жатыр. Үйіңізге жақын болса, сол жерлерге де баруға болады.

P.S. «Ауру қалса да, әдет қалмайтынын» ескеріп, ерте қимылдаған абзал.Мамандар бұл әдет күш алып, баланың ауыз қуысында түрлі аурулар тудырмай тұрғанда, дереу мамандар көмегіне жүгінуге кеңес береді.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button