Басты жаңалықтарМәселе

Мазасыз мезгілдің мәселесі — мал ауруы

Қай заманда да мал баққан шаруаның бейнеті белшеден екені белгілі. «Баққанға бітетін» төрт түліктің жайын күйттеу жыл он екі ай бойы тоқтаған емес. Рас, жазда  жайлауға шығып, төл аяқтанып, мал өрісі мен адамның қолы ұзарып, аз ғана уақыт арқа-басы кеңіп қалады. Одан кейін мал азығын жинау, қысқа дайындық, қора-жайларды жөндеу секілді науқанды жұмыстар басталады. Енді, міне, тұрғындардың тағы бір уайымы кезек күтіп тұр. Ол —малдан қан алу. Ал қан алу деген сөз— қолдағы азын аулақ малыңның тағдыры. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында малдан қан алуды көпшілік құптамайды, әрине. Ауру анықталған жағдайда арық, төлі бар малдарды қолдан сойып, арзан бағаға беріп жіберу тағы шығын. Бір жылдары қорасындағы малынан түгел сарып (бруцеллез) ауруы шығып, бас жібін ұстап қалған тұрғынның жанайқайы республика деңгейіне көтерілгені ұмытыла қойған жоқ. Олай болса қолдағы малдың саулығына алдымен жауапты кім?

Мал аласы сыртында болғанымен, ауруы ішінде.  Қан алынғаннан кейінгі зерттеу сынамасы теріс нәтиже берсе, қуана беріңіз. Ал сарып ауруының оң нәтижесі анықталса, бір үйдің ғана емес, тұтас ауылдың аша тұяқтысын баудай түсіруі мүмкін. Себебі сарып — малдан адамға да жабысатын жұқпалы ауру. Қазір мал ауруларына қарсы көптеген шаралар іске асырылып жатыр. Әр ауылда арнайы мал моласы салынды. Аудан орталықтарында мал сою алаңдары бар. Мал егу жұмысы тұрақтанды. Облыста дәрі-дәрмек жеткілікті. Шаруалардың қора-жайлары жылы. Малшылар жемшөптен қысып жатқан жоқ. Биыл мал азығы мол. Соның өзінде сарып ауруы «бап» талғамай тұр.

Сарыптан басқа аурулар да көбейіп кеткен. Өрістің тарылып, тозуы, мал санының көбеюі, табиғаттың өзгеруі немесе ауа райының әсерінен болар, бәлкім. Аты құлаққа тосын аурулармен «таныса» бастадық.

Бүгінгі күні сиыр малының «ата жауы» сарып болып отыр. Оған өзіміз де кінәліміз. Әсіресе жекенің малы мәселені ушықтырып тұр. Ветеринария саласындағы мамандардың айтуынша, сарыптың таралуы малдың араласуынан өршиді. Жер қарайып, күн жылынғаннан соң жұрт малдарын шаруа қожалықтарына қосады. Осы кез қауіпті. Сол үшін ауруы анықталған малдарды жою шаралары міндеттеледі. Алайда ауру малын жасырып қалатындар жоқ емес. Сарып ауруымен ауырған бір малдың өзі жеткілікті. Мемлекет шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындардың малы сарып ауруымен ауырған жағдайда өтемақы төлейді. Бұл жерде асылтұқымды мал деп бөлмейді. Барлық малға бірдей. Оның да төлеу тәртібі бар. Сарып ауруы анықталған мал 15 күн ішінде мал алаңына әкелініп, сойылуы тиіс. Сол жерде мал дәрігері етті тексеріп, ішкі ағзаларында сарып ауруына тән өзгерістер болмаса, мал еті түгелдей  иесіне қайтарылып, пайдалануға немесе сатуға рұқсат береді. Оны қаншаға сатады, қанша пұл қылады, өзі біледі. Егер сарып ауруы анықталған жағдайда етті қайта өңдеу цехтарына жібереді. Шұжық немесе консерві цехтары қабылданған мал құнының 70 пайызын төлесе, 30 пайызын үкімет төлейді.

Сарып ауруымен күресуді тек ветеринарлық қызметке міндеттеп қоюға болмайды. Онымен бәріміз бірге айналысуымыз керек. Ауруды таратпауға тырысып, дер кезінде жою тұрғындарға байланысты. Малдың қозғалысын қадағалап, ауруын оқшаулап, басқа жерге қоспауы тиіс. Ауру шыққан қора, аулаға міндетті түрде дезинфекция жүргізілмесе, одан құтылу қиын. Былтыр оң нәтиже берген барлық мал сойылып, қайта өңдеу цехтарына тапсырылды. Бұған 101 миллион 452 мың теңге төленді. Биыл 612 409 ірі қара мен 38 647 жылқыны егуді жоспарлап отырмыз, — дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай.

Малдан қан алу,егу жұмыстары жыл бойы, әр ай сайын жоспарлы түрде жүргізіледі. Ауру біткеннің бәрі көктемде анықталуының себебі де бар. Мал өріске шықпай тұрып, қолда тұрған кезінде, шаруа қожалықтарына немесе бақташыларға қосардың алдында ауруды анықтап, жойып алған жөн.

Басқарма басшысының айтуынша, ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру және дерекқорға енгізу жұмыстары тұрақты әрі қатаң қадағаланады. Өйткені мал санын жасырушылар әлі де жоқ емес. Заң бойынша тіркелмеген малдар егілмейді. Қан алынбайды, тексеруге жіберілмейді.

Сол себепті олар ауру таратушы болуы әбден мүмкін. Ол үшін 1 ақпан мен 31 мамыр аралығында «Жасыл дәліз-3» бағдарламасы ашылды. Әр адам тіркелмеген малдарын осы уақыт ішінде тіркеуі тиіс. Барлық құжат электронды түрде  болғандықтан тіркелмеген малдың санымен субсидия немесе жеңілдетілген несие де берілмейді.

Мал моласына да күтім керек

Ақтөбе қаласы мен аудандарда 47 типтік жобада салынған мал қорымы мен 122 сібір жарасының көміндісі бар. Оларды ашық қалдыруға болмайды. Әсіресе сібір жарасы көмілген жер ұдайы қадағалауда болады. 1930 жылдан бері сібір жарасы ауруынан өлген малдардың көміндісін ұстап тұруға және жөндеу жұмыстарына  біршама қаражат жұмсалады. Биыл 7 ауылдық округ орталықтарында типті мал қорымына жер бөлініп, жобалық құжаттарын дайындауға ұсыныс берілген. Сонымен қатар Әйтеке би, Қарғалы, Ырғыз, Хромтау аудандарына типтік салынатын мал қорымдарының жобалау-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Әйтеке би ауданының Құмқұдық ауылына салынатын мал қорымының құжаты толық дайындалды. Қазір қаражат көзі қарастырылуда.

Ветеринарлық қызметтің материалдық-техникалық базасын жаңартуға кешенді жоспар жасадық. Осыған сәйкес 160 компьютер, 5 арнайы ит аулауға арналған автокөлік, 50 «Нива» көліктерін алуға қаражат қарастырылуда. 2025 жылға дейін 4 ветеринарлық станса және 45 ветеринарлық пункттер салуға құжаттарын дайындау жұмыстары басталды. Биылдан бастап сала қызметкерлерінің жалақылары 30 пайызға өсті, — дейді басқарма басшысы.

Сырға табылмай тұр

Облысқа малға салынатын сырға екі жылдан бері кешігіп жетеді.  Бұл малды бір-бірінен сатып алушылардың жұмысын кешеуілдеткен. Егер облыстың басқа жерінен мал сатып алатын болсаңыз сол жақтан сырғалануы тиіс. Асылтұқымды малдардың төлдері, әсіресе бұқашықтар өтімді болып тұрғандықтан сұранысты өтеуге сырға тапшылығы қолбайлау болып тұр.

Қобда ауданындағы «Жеменей»шаруа қожалығының басшысы Марат Чужанов былтыр күзде Темір ауданынан бұқа сатып алған. Бірақ сырғаның жоқтығынан әлі күнге дейін малын әкеле алмай отыр.

— Мал баққасын оған балаша қарамасаң, күйі кетеді. Қазіргі кезде мал азығының да құнары шамалы. Сондықтан қандай түлік болса да ауруға бейім келеді. Әзірге мал егу, қан алу жұмыстары жақсы жүргізіліп жатыр. Дәрі-дәрмек те табылады. Қан алу, мал егу жұмыстары бір қалыпқа түсіп келеді. Барлық шаруа қожалығында мал қамайтын раскол бар. Біз де солай жасап қойдық. Ендігі мәселе, сырғада болып тұр, — дейді шаруашылық басшысы М.Чужанов.

Заң бойынша сырға тегін беріледі. Бірақ екі жыл қатарынан Ауылшаруашылығы министрлігі бұл жұмысты түпкілікті  шеше алмай, кешіктіріп келеді. Бұл кінәні министрліктің республика бойынша өткізген  «тендер» ісіне тағудан басқа амал жоқ. Сырға кешіккеннен соң субидия, несие алу жұмыстарына кесірі тиеді. Сондықтан кейбір шаруа қожалықтары сырғаны өз қаражатына сатып алады. Бағасы аса қымбат емес. Бір сырғаның құны — 180-200 теңге.

Иттің де сұрауы бар

Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған ит ату мәселесінде өзгерістер бар. Жақында осы мәселеәлеуметтік желілерде біраз «хит» болды.  Дегенмен ит көрсеңіз мылтық ала жүгіріп, «шаш ал десе, бас алуға» асықпаңыз. Көшеде қаңғып жүрген иттерді аулап, әуелі ауруын тексереді. Иесі бар-жоғын анықтайды. Адамға, әсіресе балаларға қауіпті болғанымен, оларға да жанашырлық танытуымыз керек. Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілмек. Бұралқы иттерді ұстап арнайы сараптамалық орынға апарады.  Ол жерде екі ай бойы бағылады деген қате түсінік. Барлық иттерге чип салынып, вакцина беріледі. Еркек иттер түсінікті  тілмен айтсақ, «піштіріледі». Яғни ұрықтану қасиеттерінен айырылады. Дені сау ит босатылады. Бұл қаңғыбас, иесіз  иттердің одан әрі көбеймей, бірте-бірте өз- өзінен азайып, жойылуына алып келеді. Қараусыз иттер болмайды. Ит ұстаған әрбір адам барынша бақылау жасау керек. Мұндай тәжірибе дүниежүзі бойынша жануарларға жанашырлық танытып, жауапкершілікпен қарау бағытымен жүзеге асырылады. Ал қазақтың мейіріміне келсек, итті жеті қазынасының біріне санаған.

P.S. Мал бар, маман жоқ. Ветеринария саласына қатысты бұған дейін де талай айтылған жауыр сөз.

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласындағы жоғары оқу орнында ветеринария мамандығы бойынша  23 ақтөбелік студент білім алып жатыр. Басқарма тарапынан оларды облысқа іс-тәжірибеден өтуге, кейін жұмысқа алуға келіссөздер жүргізілуде.

«Дипломмен ауылға» жобасына ветеринария мамандары да кірді. Бірақ жас мамандар ветеринарлық пунктте жұмыс істеуі тиіс. Болашақта малымыздың саулығын нәзік жандыларға тапсыруымыз мүмкін. Себебі бұл салада оқып жатқандардың дені — қыз балалар. Бұл дабөлек проблема.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button