БайқауДенсаулық

Ақтөбенің Астанадан несі кем?..

Ақтөбе медициналық орталығының нейрохирургия бөлімінде жылына 350-ге жуық ота жасалады

Нейрохирургиямедицинаның ең күрделі салаларының бірі. Себебі ол адамның орталық жүйке жүйесінің, жұлынның және қан тамырларының патологияларын айқындаумен және емдеумен айналысады. Ал бұл дәрігерден жоғары біліктілікті, нақ­­тылықты, жауапкершілікті талап ете­ді.

Ақтөбе медицина орталығының І санатты нейрохирургі Руслан Қажғалиевтің бұл салада еңбек еткеніне жеті жыл болыпты. Облыс тұрғындарына күрделі ота жасап, қаншама жанның өміріне араша болып жүрген дәрігерден нейрохирургия саласындағы жетістіктер мен орталықтың жұмысы туралы сұрап білген едік…

28 науқас ем алып жатыр

Руслан Қажғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбе медициналық орталығындағы нейрохирургия бөлімі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Бұл жерде күніне бірнеше адамға ота жасалады. Тұрғындар көп жағдайда орталыққа портал арқылы келеді. Нейрохирургия бөлімінде науқастарға арналған 30 кереует бар. Бүгінгі күні мұнда 28 науқас жатыр.

Халыққа қолжетімді сапалы медицина қызметін қамтамасыз ету үшінсоңғы жылдары өңірлерде жаңа салалар мен техно­­­логиялар енгізіліп, бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде нейрохирургия саласы да бар. Бүгінгі күні облыста бұл сала барынша дамып келеді. Мәселен, Ақтөбе медициналық орталығы бұл тұрғыда заманауи талапқа сай құрылғылармен жабдықталған. Мұнда орташа және күрделі оталар жасауға арналған соңғы үлгідегі «Leica M530» микроскобы, жұлын, бас ми ісіктері үшін қолданатын арнайы ультракүлгінді аспирациялы диссектор аппараты, нейронавигациялық жүйе, сондай-ақмикрохирургиялық құрылғылар бар. Көп жағдайда бізге облыс тұрғындары портал арқылы келіп, тегін ота жасатады. Кей кездері өзге қалалардан келетін, сондай-ақ жеке өтініш білдіру арқылы ақылы ота жасататын науқастар да бар.

Жалпы, біздің бөлімде бас ми ісігі, омыртқа жарақаттарына, жүйке жүйесі аурулары патологиясы және оның зақымдануы кезінде ота жасалады. Бөлімде жоғары санатты нейрохирург, денсаулық сақтау ісінің үздігі Ержан Озғанов бастаған мамандар жұмыс істейді. Биыл біздің қатарымызға жас маман Аслан Дашкенов қосылды. Одан бөлекМарат Оспанов атындағы медицина университетінде оқып жатқан екі резидент маманымыз бар, — дейді ол.

Нейрохирург қазіргі таңда науқастар арасында бас миының, жұлынның ісіктері, омыртқа жотасының дегенеративтіаурулары, оның ішінде мойын, бел, сегізкөз аймақтарының жарығы жиі кездесетінін айтады. Қазір орталықта емделіп жатқан науқастардың дені дәл осы ауру түрлерімен ауырып жатқандар екен.

Руслан Қажғалиевтің айтуынша, биыл жыл басынан бері нейрохирургия бөлімінде 30-дан астам ота жасалған. Оның 90 пайызы — жоспарлы оталар.

— Үш жылдан бері орталықта қан тамырларына байланысты оталарды өзім жасаймын. Сондықтан науқастардың жағдайына, диагноздың нақты қойылуына көп көңіл бөлемін. Бір күнде бірнеше ота жасайтын кездеріміз де болады. Тіпті кейбір оталар 8-9 сағатқа дейін созылады. Қандай жағдай болса да біз, ақ халаттылар,әрдайым науқастарға көмектесуге дайынбыз.

Қазіргі таңда нейрохирургия бөлімінде нейронавигацияны қолдана отырып күрделі оталар жасалып жатыр. Оның ішінде бас миының терең орналасқан ісіктерін алу, ми қантамырларының аневризмасы кезіндегі рентгендік эндоваскулярлық эмболизациялау, артериовенозды мальформация кезінде қан тамырларды эмболизациялау, сондай-ақ бас ми қан тамырларының тарылуы кезінде стенд салу, тағы басқалар бар, — дейді ол.

Нейрохирургтің ота жасау кезіндегі әрбір қимылы, бір артық не кем жасаған әрекеті науқастың кейін толыққанды қимылдауына, жүріс-тұрысына, ойлау не сөйлеу қызметіне әсерін тигізуі мүмкін. Кейбір күрделі жағдайларда адам өмірі нейрохирургтің қолында болатыны сөзсіз. Сондықтан бұл жерде дәрігердің біліктілігі мен өз ісіне деген жауапкершілігі аса маңызды.

Әлем күн сайын өзгеріп, дамып жатыр, бүгінгі жоғары технологиялар ертең қарапайым күнделікті әдіс болып қалуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер білі­мін шыңдап, жаңа технологияларды игеруге тиіс. Бұл тұрғыда біз, нейрохирургтер, жыл сайын Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында өткізілетін арнайы курстарға барып қатысамыз. Сондай-ақ Ұлттық нейрохирургия орта­лығының мамандарымен тәжірибе алмасып, ба­рынша жоғары нәтиже көрсету үшін жұмыстанамыз. Белгілі нейрохирург, профессор Серік Ақшолақов бастаған орталық мамандарымен тығыз байланыстамыз, олардан кей кездері күрделі ота жасау кезінде кеңес алып тұрамыз. Тіпті кейде науқастардың сұранысымен профессор ағамыздың өзі келіп, ота жасайтын сәттер де болады, — дейді Р.Қажғалиев.

Омыртқа жотасының дегенаративті аурулары «жасарып» барады

Дәрігер бүгінгі күні ми ісігі, омыртқа жотасының дегенаративті аурулары «жасарып» бара жатқандығын айтады. Мәселен бұрын ми ісігі 50-55 жастағы кісілер арасында көп кездессе, қазір жасы 35-тен жоғары азаматтар арасында жиі тіркеледі. Ал омыртқа жотасының дегенаративті ауруларымен 20-30 жастағы жастар көп ауырады.

— Медицинада бас ми ісіктерінің негізгі себебі әлі анықталған жоқ. Бұл орайда жорамалдар мен теориялар ғана бар. Мәселен, мида ісік қалай пайда болады десек, оған күйзеліс, экологияның нашарлығы, дұрыс ұйықтамау, иммунитеттің әлсіреуі, тағы басқа факторлар әсер етуі мүмкін. Ал бел, сегізкөздің ауыруы, жалпы, омыртқа жарығының пайда болу себептеріне келсек, оған, алдымен, ауыр физикалық жүктеме  әсер етеді. Бұл аурумен қара жұмыс жасайтын адамдар көп ауырады. Сондай-ақ кеңседеқозғалыссыз көп отыратын, түрегеліп тұрып жұмыс істейтін, үнемі көлік жүргізетін адамдардың омыртқалары бірте-бірте зақымданып, соның салдарынан жарық пайда болады. Бұрын омыртқа жарығы әйелдерде көп кездесетін. Оның басты себебі әйел адамдардың арқа бұлшық еттері әлсіз болып келеді. Қазіргі таңда бұл ауру ер адамдар арасында көп. Оған себеп: ер адамдардың дені спортпен айналыспайды, арқаның бұлшық еттерін шынықтырмайды, бір сөзбен айтқанда, қозғалыс өте аз. Сондай-ақ бұған дұрыс тамақтанбау, қажетті дәрумендерді қабылдамау, уақытында демалмау, тағы басқа факторлар да кері әсерін тигізеді. Сондықтан дәрігер ретінде менің кеңесім: үнемі қозғалыста болыңыз! Спортпен шұғылданыңыз және дұрыс тамақтаныңыз,— дейді нейрохирург.

Осы аптада Ақтөбе медициналық орталығының нейрохирургия бөлімінің мамандары бірнеше адамға ота жасады. Қазір науқастар дәрігерлердің қарауында, жағдайлары бірқалыпты.

— Апта басында нейронавигациялық жүйені қолдана отырып, мидағы ісікті алу үшін ота жасадық. Ісікті толық алып, зертханаға жібердік. Сондай-ақ кеше үшінші және төртінші бел омыртқасы аралығындағыжарықты эндоскопиялық әдіс арқылы алу операциясы жасалды. Яғнидененің ауырған бөлігі тұсынан бір сантиметр көлемінде кесіп, сол арқылы арнайы түтіктерменкіріп,нерв босатылды. Қазір науқастың жағдайы жақсы. 4-5 күннен кейін ауруханадан шығады, — дейді Р.Қажғалиев.

Берік Омарұлы — Ақтөбе медициналық орталығында емделген науқастардың бірі.

Ол бір жылға жуық уақыт белі ауырғанын, дәрігерлердің көмегінің арқасында бүгінде дертінен айыққанын айтады.

— Ұзақ уақыт белім ауырып, мазам қашты. Ақыры орталыққа барып, он күн жатып емделдім. Орталықтың нейрохирургия бөлімінің мамандары омыртқа жарығы бар екенін айтты. Кәсіби мамандардың кеңесі мен емінің арқасында жағдайым жақсарды. Қазір денсаулығым қалыпты. Бұл ауру бір орында ұзақ отырудан, қозғалыстың аздығынан болады екен. Алдағы уақытта көбірек жүріп, қимылдаймын деп шештім.Себебі аурудың алдын алу өте маңызды. Сөз соңында мені емдеген, көмегін көрсеткен орталықтағы барша ақ халатты абзал жандарға айтар алғысым зор, — дейді ол.

Р.S. Нейрохирург Руслан Қажғалиев Ақтөбе медицина орталығында әр дүйсенбі-жұма күндері түскі сағат 12.00-14.00 аралығында тегін кеңес береді. Ол үшін облыс тұрғындары жеке төлқұжаты мен тұрғылықты мекенжайы бойынша емханадан жолдама апаруы керек. Сондай-ақ сырқатына қатысты талдаулар мен компьютерлік томография қорытындысын да алып барғаны жөн. 

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button