Денсаулық

Жаңа үлгідегі аппаратпен толықты

Ойыл аудандық ауруханасына көпфункциялы лапароскоп аппараты әкелінді.

Эндоскоп (лапароскоп) құрылғысы диагностикалық және емдеу мақсатында қолданылады. Құны 45 миллион 300 мың тұратын аппараттың көмегімен науқастың асқазан, тік ішек сияқты ішкі органдарының шырышты қабатын тікелей көруге болады. Сондай-ақ эндоскоп арқылы полип, кисталарды кесіп алуға, ойық жараларды күйдіру немесе тікелей дәрі беру, жағу арқылы ем-домдар жасауға болады.

Жуырда Ойыл ауданының құрметті азаматы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина университетінің №2 хирургиялық аурулар кафедрасының меңгерушісі, профессор Базылбек Жакиев және Ақтөбе қаласынан бас хирург Жанәділ Әлмырзаұлы Ойыл аудандық ауруханасына барып, лапароскопиялық құрылғы бойынша шеберлік сағатын өткізді. Онда жаңадан алынған қондырғыны пайдалану, аудан деңгейінде жасалатын ота түрлерін көбейту, жалпы, науқастарға заманауи медициналық көмек көрсету шаралары жан-жақты түсіндірілді. Шеберлік сағаты аясында жаңа құрылғы арқылы лапароскопиялық ота сәтті жасалды.

Шараға аудандық орталық аурухананың бірқатар хирург-дәрігерлері мен медицина қызметкерлері қатысты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button