Денсаулық

Коронавирус жұқтырған адам нені білуі керек?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ақтөбе облысы бойынша филиалының мамандары коронавирус белгілері анықталған пациенттерге қалай әрекет ету керектігін еске салады.

Егер суықтың, тұмаудың немесе пневмонияның белгілерін сезсеңіз, онда тіркеуде тұрған емханаңызға барып, коронавирусқа ПТР-тест тапсыра аласыз. Індеттің басқаларға жұқтыру қаупін төндірмеу мақсатында емхананың тіркеу бөліміне немесе анықтама бөліміне қоңырау шалып, үйге мобильді топ шақыра аласыз. Бұл жағдайда зерттеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ақысыз жүргізіледі, өйткені бұл — айналадағылар үшін қауіп төндіретін инфекциялық ауру. Сақтандырылған болу міндетті емес. Ал егер шетелге шығатын болсаңыз, ПТР-тестті өз есебіңізден төлеп тапсырасыз.

ПТР-тестті қандай жағдайда тегін тапсыра аласыз?

Жоғарыда атап өткендей, алдымен медициналық көрсеткіштер бойынша фильтр кабинетіне жүгінгенде, ЖРВИ және вирустық пневмония белгілері болған кезде,  науқас үшін мобильді топты үйге шақырған уақытта және  жедел тест нәтижесі оң болған жағдайда науқасты стационарға шұғыл емдеуге жатқызу кезінде, жоспарлы емдеуге жатқызуға немесе ауруханаға дейінгі тексеруге жіберу кезінде, сондай-ақ жүкті әйелдерге 37 аптадан бастап босануға емдеуге жатқызу үшін және гемодиализдегі пациенттерден ПТР-тест тегін алынады.

Мобильді бригадалардың қызметіне не кіреді?

Коронавирус жұқтырған науқастарды амбулаториялық бақылау бойынша мобильді бригадалар құрылғаны белгілі. Әр емхананың жанынан құрылған бригада өз аумағында тұратын тұрғындарға қызмет көрсетеді. Жұмыс уақыты — 8.00-ден 20.00-гедейін. Сағат 20.00-ден кейін жедел жәрдем қызметіне де жүгінуге болады.

Мобильді бригада қызметіне ЖРВИ немесе коронавирус инфекциясының белгілері бар тұрғындар жүгіне алады. Мобильді топ міндетіне амбулаторлық бақылаудағы немесе үйде оқшауланған пациенттерге бару,СOVID-19-ға күдік болған кезде пациенттен ПТР-тест алу, науқасқа дәрілерді тағайындап және қажет болған жағдайда оларды ауруханадан тыс пневмония және созылмалы аурулары бар пациенттерге жеткізіп беру, пациенттің медициналық картасын ресімдеу жұмыстарын жүргізу жұмыстары кіреді.

КТ немесе рентгенге түсу ақылы ма?

Егер пациенттің өкпесі қабынды деген күдік болса, компьютерлік томография немесе кеуде қуысының рентгенографиясы жасалады. Диагностиканың бұл түрлері пациентке тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тәуліктік стационарға емдеуге жатқызу кезінде тегін жүргізіледі. Сондықтан пневмония белгілері бар науқастарға сақтандырылмаған жағдайда да көмек көрсетіледі. Егер сөз емхана деңгейінде тексеруден өту туралы болса, онда ол жүйелі түрде жарналар төлейтін және сақтандырылған пациенттерге тегін жүргізіледі, өйткені бұл диагностикалық қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кіреді.

Осы ретте тұрғындар бір мәселені түсінуге тиіс. ПТР-тест нәтижесі оң шыққан пациенттің барлығы ауруханаға жатқызылмайды. Ауруханаға тек науқастың сатурациясы төмендеп, өздігінен дем алуы қиындаған кезде ғана жатқызылады. Ал үйден ем алып жатқан науқастар аурудың клиникалық белгілерінің жоғарылап, жағдайы нашарлаған жағдайда бірден учаскелік дәрігерге хабарлауы қажет.

 Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы коронавирус инфекциясынан кейін медициналық оңалтудан қалай өтуге болады?

Ол үшін алдымен емханадағы дәрігеріңізге барасыз. Ол реабилитолог дәрігердің немесе мультидисциплинарлық топтың консультациясын алу үшін жолдама береді. Реабилитолог немесе мультидисциплинарлық топ науқастың жағдайын бағалайды және қалпына келтіру шараларының қажетті курсын таңдайды. Оңалту шаралары тыныс алуды қалыпқа келтіруге, асқынуларды азайтуға, өмір сүру сапасын жақсартуға және мазасыздық пен депрессия белгілерін жеңілдетуге бағытталған. Функционалдық бұзылу дәрежесіне байланысты медициналық оңалту стационарлық, сондай-ақ амбулаториялық жағдайларда да жүргізілуі мүмкін.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button