Басты жаңалықтарДенсаулық

Протезді-ортопедиялық шеберхана қажет

«Ең алғаш рет протез киіп, 2 метр жерді жүріп өту — дені сау адамның екі сағат жер қазған физикалық жұмысымен тепе-тең. Ол сәтте адамның жаны ғана емес, тәні де қиналады. Маңдайдан аққан тер табаныңа дейін құйылады…»

Иә, бұл халді кез келгеннің ұқпасы анық. Бір ұқса, тағдыр тәлкегіне тойтарыс берген, рухы мықты жандар ғана түсінер.

Жақсы жаңалық

Күні кеше Ақтөбеде облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға арналған «Біз біргеміз!» атты дәстүрлі шара өтті. «Жұбановтар әлемінде» өткен шара барысында Қазақстанның Еңбек Ері,«Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Байменова тағдырдың жазуымен мүгедек атанып, арбаға таңылған жандар үшін жағымды жаңалықпен бөлісті. «Ақтөбеде протезді-ортопедиялық шеберхана ашылады».

— Байқасаңыздар, аяқ бассаң, көлік жөндейтін орталықтарды көресің. Бірақ қалада қоларбаларға сервистік қызмет көрсететін орын жоқ. Ортопедиялық аяқкиімдерге, протездерге қатысты шағымдар көп. Бұл — үлкен мәселе.Бастапқыда арбаларды жөндеп, олардың өлшемдерін ыңғайластырып беру, арбаға дұрыс отыру секілді консультациялық қызметтер көрсетілетін шағын цех ашуды көздеп отырмыз. Ол үшін аса көп қаржы керек емес. Бүгінгі таңда тиісті мекемелерге ұсыныс жіберілді, — деді Құралай Бәйменова.

Бұл жобаны мәслихат депутаттары да қолдап отыр. Қалалық мәслихат  депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және жастар ісі бойынша тұрақты комиссияның төрағасы Мира Балтымова аталған мәселенің алдағы уақытта тұрақты комиссия отырысында талқыланатынын айтып, бүгінгі таңда мәслихат тарапынан құзырлы органдарға сұраныс жібергендерін жеткізді.

— Құралай Базарбайқызы ондаған жылдар бойы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғап келеді. Протезді-ортопедиялық шеберхана қажет екендігі туралы да біраздан бері айтылып жүр. Жуырда ғана әлеуметтік-мәдени даму және жастар ісі бойынша тұрақты комиссиясының мүшесі Сәния Мұратовамен бірге «Тең қоғам» жобалық кеңсесіне барып, қалада мүгедектер арбасын жөндейтін цех ашу мәселесін талқыладық. Бүгінде тек қаланың өзінде арбаға таңылған 700-ден астам адам бар. Бірақ олардың қозғалатын құрылғыларын жөндейтін орталық жоқ. Құралай Базарбайқызы цех ашылса, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесін де шешуге болатынын айтты. Алдағы уақыттабұл мәселе мәслихатта талқыланады, — дейді Мира Балтымова.

Бұл оңай шаруа емес

Облыста «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің  атқарушы директоры қызметін атқаратын Гүлмирам Сражованы білмейтін адам жоқ шығар. Басына түскен қиындықтарды жеңе білген рухы мықты қайсар қыз туралы «Ақтөбе» газетінде сан мәрте жазылды. Өңірде қолға алынғалы жатқан жаңа әлеуметтік жобаның маңызы туралы біз Гүлмирамнан да сұрап, пікірін білген едік. Ол бізге бұның тек облыстық емес республикалық деңгейдегі мәселе екенін айтады.

— Кеңес заманында протезді-ортопедиялық орталық тек Алматы қаласында ғана болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін орталық акционерлік қоғам болып қайта құрылып, республика бойынша қызмет көрсете бастады. Солтүстік өңірдің тұрғындары Семей қаласында орналасқан орталыққа баратын болды да, оңтүстік пен батыс өңірінің тұрғындары Алматы қаласындағы орталыққа барды. Орталықтың жұмысы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған кезде  әлдеқайда жақсы болды. Протезіміз сынып қалса немесе жөндеуді қажет етсе, тек пойызға билет сатып алып, бара беретін едік. Және алған билетіміздің шығынын сол орталық төлейтін. Аталған жүйе 2000 жылдары  өзгерді.

Қазір бұл бағытта атқарылатын жұмыстардың көлемі тендер үшін бөлінген қаражаттың мөлшерімен шектеледі.Орталық жұмысына тек тендер ойнатылғаннан кейін ғана бара аламыз. Ол кезде адам саны өте көп болады, ал шеберлер аз. Үлгере алмай жатады. Расын айту керек, бүгінде Алматыдағы орталықтың жағдайы құлдырап бара жатыр. Болашақта тіптіжекешеленіп, жабылып қалса, бізгеөте қиын болады, — дейді Гүлмирам.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда ең бірінші рет протез тағып жатқан адамға ешқандай түсіндіру жұмыстары жүргізілмейтінін, соның кесірінен түрлі қолайсыздықтар мен қиындықтар туындайтынын да айтты.

— Біздің қоғамдық бірлестікке телефон соғып, протездерін кие алмайтындарын айтқан адамдар да болды. Ол түсінікті жағдай. Протезді киіп, онымен жүріп үйрену үшін де уақыт керек. Ең алғаш рет протез киіп, 2 метр жерді жүріп өту — дені сау адамның екі сағат жер қазған физикалық жұмысымен тепе-тең. Ол сәтте адамның жаны ғана емес, тәні де қиналады. Маңдайдан аққан тер табаныңа дейін құйылады.

Бұрын протез жасатуға барған орталықта арнайы кабинет пен дәрігер болатын. Олар келушілерге протезді киюді, онымен жүріп-тұруды үйрететін еді. Менің өзім 2 ай бойы үйрендім. Қазір ондай консультациялар түгіл түсіндіру жұмыстары да жүргізілмейді. Бізге адамдар протездерін жасатып алғаннан кейін хабарласады, — деген Гүлмирам Сражова Ақтөбеде протезді-ортопедиялық цех ашылса, осы жағдайдың бәрін ескеру қажет екендігін айтты.

— Протезді-ортопедиялық цех ашу мәселесін біздің қоғамдық бірлестік қолға алып жатыр. Цех ашылған жағдайда жоғарыда айтқан олқылықтықтарды болдырмауға тырысамыз. Онда міндетті түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізетін кабинет болады. Қазір Орынбор қаласындағы протезді-ортопедиялық зауытпен бірлескен жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Егер қаламызда сондай цех ашылса, бастапқы кезеңде Орынбор зауытындағы мамандар келіп, бізбен бірге жұмыс жасауға ықыласты. Қол шеберлері өз арамызда да бар. Қай істі де сол саланы түсінетін, жетік меңгерген мамандар атқарса, нәтижесі жақсы болары сөзсіз. Протез шеберінің жұмысы да мүсіншінің жұмысынан кем емес, — дейді ол.

Гүлмирамның бұл сөзін І топтағы мүгедек Гүлфайра Рамазанова да қолдайды. Арбаға таңылған бойжеткен расында Ақтөбеге протез, арбаларды жөндейтін шеберхана ауадай қажет екенін айтады.

— Арбалары сынып қалып, не істеу керек екендігін білмей жатқан таныстарымды көрдім. Мәселен, менің екі арбам бар. Үйде электрарбамен қозғаламын. Сол арбаның қуаты таусылып немесе бір жерінен ақау шығып тұрса, барып жөндететін орын жоқ. Ал арбасыз бізге біреулер үшін аяқ аттам жер болып көрінетін орынға жетудің өзі үлкен күш. Сондықтан Құралай Байменова қолға алып жатқан жаңа жоба өз нәтижесін тапса, жақсы болар еді, — дейді Гүлфайра.

Жұмыс барысында облыстың штаттан тыс бас травматолог-ортопед дәрігері Әкімжан Әубәкіровке хабарласып, Ақтөбедегі жағдайды сұрағанбыз. Дәрігер өңірде расымен ондай мәселенің барын, протезді-ортопедиялық шеберхананың қажет екендігін айтты. Үлкендерді айтпағанда, бүгінде облыста сал ауруына шалдыққан мыңнан астам бала бар екен.

Қазіргі таңда қаладағы Есет батыр көшесі 103/2 мекенжайында шеберхана бар. Онда тек Веленский теміріне ғана тапсырыс бере аламыз. Ол туа пайда болған ұршық басының шығуы кезіндегі емге қолданылады. Жалпы, ақтөбеліктердің көбі қазір протездерін елордада жасатады. Елордадағы оңалту орталығының төменгі қабатында протез жасайтын шеберхана бар. Соған жібереміз. Ал қалталы азаматтар Ресейден алдырып жатады. Өз қаламызда сондай шеберхана болса, өте ыңғайлы болар еді, — дейді ол.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button