Білім

Ротациялау басталды

Облыста білім беру ұйымдары басшыларын ротациялау бойынша жұмыстар басталды. Күні кеше 4 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының директорлары ротацияланды.  Енді мектеп директорлары ротация тәртібімен ауыстырылатын болады. Биыл 42 мектеп басшысын міндетті түрде ротациялау жоспарланып отыр.

— Білім беру ұйымын ұзақ жылдар бойы бір адам басқарса, оның кері әсері көп. Сол себепті елімізде білім беру мекемелерінің директорларын басшылық қызметтегі еңбек өтілі 4 жылдан асқаннан бастап ротациялау қолға алынып жатыр. Енді директорлар ұжымды 7 жылдан артық басқара алмайды.Арнайы құрылған комиссия басшы қызметінің тиімділігін бағалайды. Жетістігі, қабілеті мол болса, жаңа жерде қызмет ұсынылады. Керісінше болса, ондай басшымен келісімшартты бұзуға мәжбүр боламыз, — дейді облыстық білім басқармасының әкімшілік жұмыстар, персоналды басқару және педагог кадрлармен жұмыс бөлімінің басшысы Арсен Хасен.

Ротациялау әдісі министрліктің 2021 жылғы №559 бұйрығына сәйкес қолға алынған. Соған байланысты арнайы қағида бекітіліпті. Қағидаға сәйкес 5 адамнан тұратын комиссия құрылған.

Комиссияның алғашқы отырысында еңбек өтілі 7 жылдан асқан Ақтөбе қаласындағы 4 колледждің директорын ротациялау жөніндегі мәселені қарады. Комиссия мүшелері директорлардың портфолиосын қарап, шешім шығарды.Шешімге сәйкес Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің және Ақтөбе автожол колледжінің басшылары ротацияланды. Сондай-ақ басшы орны бос тұрған Ақтөбе жоғары ауылшаруашылық колледжіне  жаңа директор тағайындалды, — дейді Арсен Хасен.

Бұл бағыттағы жұмыстар жаңа нормативтік-құқықтық актіге сәйкес тоқсан сайын жүргізіліп, алдағы уақытта орта білім беру ұйымдарының басшылары арасында да ротациялау жүргізілетін болады.

Мектеп басшыларын ротациялау наурыз айында басталады. Облыстағы 42 мектеп директорының басшылық еңбек өтілі 7 жылдан асқан. Олардың арасында бір мектепті 20 жылға жуық басқарып отырғандар да бар.

4 жылдан астам уақыттан бері мектеп басқарып отырған директорлардың үлесі  40-қа жуық.

7 жылдан асқан мектеп басшылары міндетті түрде ротацияланады. Ал 4 жылдан асқан мектеп директорларының қызметі туралы шешім шығарыларда олардың жұмыс істеу қабілеті ескеріледі. Яғни жемісті жұмыс жасаған басшыға сол мекемені басқара тұруына мүмкіндік берілуі мүмкін.

Сараптау жұмысы барысында Ақтөбе қаласындағы мектептердің басшылары ұзақ уақыттан бері бір мектепті басқарып келгені анықталды. Мысалы, облыс орталығындағы 2 балабақшаның меңгерушісі 15 жылдан бері, 3 мектептің  директоры 16 жылдан бері ауыспаған, — дейді Арсен Хасен.

Айта кету керек, министрліктің №559 бұйрығына сәйкесбір ауылда бір ғана мектеп немесе балабақша болса, ол білім шаңырағының басшысы ротацияланбайды. Ротациялау Ақтөбе қаласындағы, аудан орталықтарындағы және үлкен елді мекендердегі білім беру мекемелерінің басшыларының арасында жүргізіледі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button