«Ақтөбе» газетін оқитын үздік ауыл» байқауы Байқау

Белқопа — бақыт мекенім

«Ақтөбе» газетін оқитын үздік ауыл»

Әйтеке би ауданына қарасты Белқопа ауылы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Бүгінде «Құлтас баба» мешіті ажарына айналған ауыл маңында тарихы терең «Жолай-Жүсіп» мазары бар. Ауылдың табиғатының да өзіндік кереметтері жетерлік. Тау етегіндегі Қопа көлінің сұлулығы туралы талмай суреттеуге болады. Бүгінде ауылдың әлеуметтік жағдайы да түзеліп келеді. 400-ге жуық тұрғыны бар ауылымызға өткен жылы көгілдір отын келді. Ауылға газ берілу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзі қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтаған болатын. Көмір тасып, күл шығарудың бейнетінен құтылғанына, әсіресе ауылдағы әйелдер қауымы ерекше қуанышты.

Аудан жаңалықтары мен өзге ауылдардағы осындай игілікті істерді «Ақтөбе» газеті арқылы біліп отырамыз. 100 жылға жуық тарихы бар «Ақтөбе» бүгінде Белқопа тұрғындары үшін жаңалықтың жаршысына айналды. Тіпті тұрақты оқырмандары да бар. Ауылдағы пошташы апай Ләззат Жүсіпбаева ауыл ақсақалдары Амантүрлі Мешітбаев пен Сейдалы Баймаханов газеттің әр бейсенбілік нөмірін асыға күтетінін айтады. Биылғы газетке жазылу науқанына мектеп ұжымы да біркісідей атсалысты. Уақтылы пошта арқылы газеттерімізді алып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысып отырамыз. Ал мектеп оқушылары «Балдырған» бетіне шыққан оқушылардың шығармашылық жұмыстарын қарап, өздері де сол бетке мақалаларын жіберіп отырады.

Гүлжазира ЖОЛЖАНОВА,

Белқопа ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button