Мәдениет

Қазақстанның Германиядағы жылы

Отан ортақ, мақсат та ортақ…

Еліміз ТМД елдері арасындағы қарым-қатынастарды көрші елдердегі Қазақстан жылын, одан кейін Қазақстандағы сол елдің жылын жариялау арқылы нығайтуды дәстүрге айналдырған. Бұл тәсілдің дұрыстығына әрбір жыл аяқталғанда шығарылатын қорытындылар дәлел бола алады. Осы жылғы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Берлинге сапары барысында бірінші рет ТМД аумағынан тыс елде Қазақстан жылы жарияланды.

Түрлі ұлт өкілдері тұратын қазақ елінде бүгінде 225 мыңнан астам неміс бар. Соның 7 мыңға жуығы облысты мекендейді. Ақтөбедегі неміс ұлтының белсенділігі мен қоғамдағы ролі, олардың бүгінгі жетістігі жайында облыстық «Возрождение» неміс ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Вальтер Леммледен білген едік.

Алғашқы орталықтардың бірі

Облыстық «Возрождение» неміс ұлттық-мәдени орталығы 1992 жылы құрылды. Бұл – облыстағы ең алғашқы құрылған орталықтардың бірі. Ол кезде неміс ұлтының өкілдері облыста көп болды. Кеңес Үкіметі ыдырағаннан кейін көпшілігі Германияға, Ресейге қоныс аударды. Бүгінгі күні облысымызда 6 750 неміс тұрады.

Жыл сайын облыста неміс ұлтының көбеюі байқалады. Немістер тек қалада емес, аудандарда да тұрады. Мәселен, Байғанин ауданында ұлты неміс бір ғана әйел бар. Біздегі деректер бойынша, Ырғызда өңірінде ғана немістер жоқ. Аудандар бойынша немістердің көп шоғырланған жері – Мәртөк. Қазір бұл аймақта мыңнан астам неміс ұлтының өкілдері тізімге алынған. Қарғалы ауданының Бадамша поселкесін бүгінде 700-ге жуық неміс мекендейді. Бір кездері мен сол аймақта қызмет еттім. Ол кезде аудан орталығындағы халықтың 73 пайызын немістер құрады. Сол сияқты Хромтау мен Алғада, Қобда ауданында да  немістердің көп бөлігі тірлік етіп жатыр, – деді Вальтер Рейнгольдович.

В.Леммленің айтуынша, неміс ұлттық-мәдени орталығы облыстағы өзге орталықтардың арасында ұлтының көптігімен бесінші орында тұр. 225 мың неміс мекендеген Қазақстанда Ақтөбе облысы немістер санымен тоғызыншы орынды иеленеді.

«Фиалка» бізді танытады…

«Возрождениенің» қарамағында «Фиалка» хоры жұмыс жасайды. Осы жылдың қараша айында бұл хордың құрылғанына он жыл толады.

Биылғы жыл Қазақстанның Германиядағы жылы болып жарияланды. Бұл мақсатта Қазақстан тарапынан атқарылатын шаралардың бағдарламасы бекітілген. Осы жылдың екінші тоқсанында Германияға өнер көрсетуге Ақтөбе облысы бойынша Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның хоры бармақ. Ал төртінші тоқсанда осы шараға байланысты облыс әкімі бір топ кәсіпкерлермен Берлинге аттанбақ. Бұл орайда ұлттық-мәдени орталықтар ескерусіз қалып отыр. Дегенмен біз қол қусырып отыруды жөн санамай, қазақ елін, Қазақстандағы немістердің тыныс-тіршілігін насихаттау мақсатында орталықтың жанынан құрылған «Фиалка» хорын Германияға концерттік бағдарламамен жіберуді жоспарлап отырмыз. Гастрольдық сапар барысында  хор Германияның  екі-үш қаласында өнер көрсетпек. Концерттік бағдарлама аясында немісше әндермен бірге қазақ әуендері де шырқалатын болады. Сол сияқты  немістер мен  қазақтардың салт-дәстүрі, мәдениті бірдей насихатталады. Хор құрамы ұлтаралық негізді білдіреді. Яғни «Фиалканың» құрамында немістер мен қазақтар, орыстар да болады.  Олар Отан ортақ, мақсат та ортақ деген түсінікті Германиядағы қандастарға ұғындыра білуі керек. Өткен жылы «Фиалка» ұлттық атанды. Биыл хордың құрылғанына он жыл толады. Осы уақыт аралығында бұл хор өзін халықаралық, республикалық деңгейде танытып үлгерді, – деді В.Леммле.  

Ұранымыз: «Дос болайық!»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Германиядағы Қазақстан жылының ашылуында: «Қазақта «Ағаш тамырымен, адам досымен мықты» деген бар. Біз сіздерге дос ретінде келіп отырмыз. Және өз халқымыздың ыстық сәлемін алып келдік. Бүгінгі кештің және бүкіл жыл бойындағы ұран – «дос болайық, достығымыз нығая берсін», – деді. Өте керемет айтылған сөз. Жалпы, мына әлемдік дағдарыстан әлем біріге отырып қана шыға алады.

Өзін де, елін де төрткүл дүниеге таныта да, сыйлата да білген Елба­сының ба­ламасыз сарабдал саяса­тының ар­қасында кәрі құрлықтың белді де бе­делді мемлекеті Германия Федеративтік Республикасы мен Қазақ­стан арасындағы бұл жоғары ын­тымақтастық байланыс 17 жылдан бері берік қалыптасып, жылдан-жылға нығайып келеді. Германия – Қа­зақ­станның тәуел­сіз­дігін 1992 жылы 11 ақпанда алғаш танығандардың бірі. Осы уақыттың ішінде Мемлекет бас­шысы бұл елге алтыншы рет ат басын тіреп отыр. Бұл жолы да Елбасына Герма­ния мемлекетінің басшылығы жо­ға­ры дәрежедегі ресми құрмет көр­сетті, – деді Вальтер Рейнгольдович.

Виза мәселесі шешілсе…

Облыстық «Возрождение» ұлттық-мәдени орталығына төрт жылдан бері жетекшілік ететін Вальтер Леммле осыдан үш жыл бұрын облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың ықпалымен ашылған Ақтөбедегі неміс мектебінің бүгінде іргетасы бекігенін, оқушылардың немісше үйренуге деген зор ықыласын мақтанышпен айтады. Қазір бұл мектепте 60-қа жуық бала дәріс алады.

Біз мемлекеттік тілге үлкен құрметпен қараймыз. Неміс тілін үйрететін үйірмелер қала мектептерінде бұрыннан бар. Енді немістерге қазақ тілін үйрететін үйірмелердің ашылуын бастама етіп көтеріп жатырмыз, – деді ол.

Әңгіме барысында Вальтер Рейнгольдович бүгінгі күні шешімін таппаған бірқатар мәселелерді де алға тартты.

Қазіргі таңдағы ең үлкен мәселе – виза. Екі жыл бұрын виза алу ісі дұрыс жолға қойылған еді. Міне, соңғы екі жылда Германиядағы достарына, тумаларына бару үшін көпшілік виза алудан қиналып жүр. Өйткені бұған дейін біздің бір қызметкеріміз бұл мәселені Алматыдан өзі-ақ шешіп қайтатын. Қазір отбасымен Германияға қыдыруға ниет білдірген адамдардың виза алуы үшін Алматыға ері де, әйелі де қатар баруы тиіс. Алматыға бір адамның барып-келуі үшін шамамен 30-40 мың теңге керек. Виза алу үшін елшілікке төленетін қаражат тағы бар. Егер бұл істі бітіріп қайтсаң жақсы, ал іс бітпеген жағдайда виза үшін төленген қаражат кері қайтарылмайды. Сосын ақшасы көкке ұшқан жандар біздің орталыққа келіп шағымданады. Бір ғана мысал келтірейін, осы жылы «Фиалка» хорының Германияға гастрольдық сапармен баратынын жоғарыда айттым. Хор құрамында отыздан астам адам болғанмен, біз ол жаққа 12-сін ғана жіберуді жоспарлап отырмыз. Өйткені олардың виза алу үшін Алматыға барып-келуіне кем дегенде 500-600 мың теңге қажет. Хор құрамын толық жіберуге мүмкіндігіміз болмайтынын алдын ала сезіп отырмыз.

Былтыр Германияға баруға ниет білдіргендер өте көп болды. Солардың 15-20 пайызын қазақтар құрады. Өткен жылы біз Қазақстандағы Германияның жаңа елшісімен кездестік. Кездесу барысында осы мәселені де айттық. Өкінішке орай, бұл іс әлі оң шешімін таппай тұр. Дегенмен де бұл істі Германияның ішкі істер министрлігі шешеді. Қазақстанның Германиядағы жылы аясында бұл мәселе оң шешімін табады деген үміттеміз, – деді ол.

P.S. Осы жылдың шілде айында областағы 15 ұлттық-мәдени орталықтың кеңсесі Достық үйіне көшпек. Вальтер Леммленің айтуынша, бүгінгі күні алақандай бөлмені кеңсе етіп отырған олардың жұмысында көп қиыншылықтар кездесіпті. Өйткені жастар арасында кеш өткізу үшін әлдебіреулердің құзырындағы салтанат залын 40-50 мың теңгеге жалдауға тура келеді. Енді аз күндерден соң бұл мәселе де өз шешімін таппақ…

Ынтымақтастық нығая түсті

Өткен аптада Қазақстандағы Герман Федеративті республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Райнер Ойген Шлагетеер Көкшетау қаласының бірқатар әлеуметтік нысандарының жұмысымен танысып, бұл бағыттағы игі істерге өз ризашылығын білдірді.

Қала әкімі Бақыт Сапаровтың айтуынша, өткен жылы шаңырақ көтерген «Аялау» орталығының басты мақсаты жеткіншектерді бір мезгіл бақылауға алып, ата-аналарының қолын босатуға арналған. Мекемеде 108 бала демалып, 60-ы бір мезгілде ем қабылдайды. Ең бастысы, мұнда мүмкіндігі шектеулі балғындар сан алуан ойындар ойнап, үйлеріне сергіп қайтады. Бұл іске білікті 18 тәрбиеші маман тартылған.

Ал көршілес орналасқан «Достар» Мәдениет үйі бүгінде ұлтаралық қарым-қатынас орталығы болып табылады. Халықтар достығын нығайту мен насихаттауға бағытталған нысанда ұлттық-мәдени орталықтар, көркемөнерпаздар үйірмелері мен секциялар жұмыс жасайды. Олардың қатысуымен концерттік бағдарламалар, түрлі кездесулер, байқаулар өткізіледі.

Елші Германияда Қазақстан жылының жариялануына орай өзінің ойын білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақты байланыстың жылдан-жылға нығайып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді. «Қаланың әлеуметтік тіршілігімен алғаш танысуым болса да оң өзгерістер, айқын қадамдар бірден байқалады. Мүмкіндігі шектеулі балалардың қамқорлыққа алынғаны көңілге қуаныш ұялатады», – деп атап өтті мәртебелі мейман.

Елші бұған дейін Щучье ауданында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, туристік кластерді өркендетуге қатысты басым бағыттармен танысып қайтқан болатын.

ҚазҰУ-дағы кездесу

Дүйсенбі күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұлов Германия Федеративтік Республикасы Христиандық-демократиялық парламенттік фракциясының жетекшісі Манфред Грундпен кездесті.

Жүздесу барысында ҚазҰУ ректоры германиялық қонақты білім берудегі мемлекеттік саясат ерекшеліктерімен таныстырып, математика және нанотехнологиялар саласындағы инновациялық іс-әрекет бағыттарын, университеттің Болон үрдісіне ену жолындағы жетістіктерін баяндап берді.

Ал Германия парламентінің өкілі өз елінің Қазақстанмен екі жақты байланысты күшейтуді  одан әрі дамыта беруге мүдделі екенін атап өтті.

Кездесу соңында ҚазҰУ ректоры қонаққа университеттің 75 жылдығына арналған күміс медаль сыйлады.

Германияда бүгінде 5 партия бар. Ал Манфред Грунд – ГФР канцлері Ангела Меркель жетекшілік ететін партияның мүшесі, парламенттік фракциясының жетекшісі.

Әзірлеген А.НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button