Басты жаңалықтар

 Go Sauda — алғашқы отандық сауда платформасы

Елімізде онлайн сауда саласы жылдам дамып келеді. Алайда ғаламтордағы сауда платформаларының дені — шетелдік жобалар. Мәселен, біз күнделікті қолданатын «AliExpress» қосымшасы Қытайда, ІnDriver платформасы Саха Республикасында, ал «Яндекс» қызметі Ресейде құрастырылған. Осыны ескерген қазақстандық кәсіпкерлер алғаш рет елімізде Go Sauda платформасын ойлап тауып, 2020 жылы отандық жобаны жүзеге асырды. Бүгінде бұл қосымша Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінде заңды түрде тіркеліп, жұмыс жасап жатыр. Біз отандық жоба туралы компания өкілдерімен кездесіп, әңгімелескен едік…

Go Sauda-ны кім құрды?

«Go Sauda» компаниясының өкілі Болат Әбуәлиевтің айтуынша, компанияның бас кеңсесі Қарағанды қаласында орналасқан. Одан бөлек еліміздің бірнеше қаласында компанияның өңірлік кеңселері бар. Мәселен, елордадағы кеңседе компанияның ІТ-мамандары отырады. Жалпы, бүгінгі күні компанияда 30-дан астам адам қызмет етеді.

Отандық жобаның негізгі авторлары — Жандос Әшірбеков, Думан Игенов және Айбек Жартыбаев. Біз компанияның еліміздің батыс өңірлеріндегі өкілдеріміз. Қазіргі таңда облыстарды аралап, кәсіпкерлермен, тұрғындармен кездесіп, жаңа жобаны таныстырып жүрміз. Себебі бұл платформа туралы білмейтіндер әлі де көп.

Жалпы, бұл қосымшаны құру үшін компания 250 мың доллар қаржы жұмсаған. Оны шетелдік және отандық ІТ-мамандар бірлесіп жүзеге асырды. Бүгінде өзіміздің ІТ- мамандар қосымшаны әрі қарай дамыту үшін жұмыстанып жатыр. Негізі, бұл жобаны жүзеге асыру туралы идея 2016 жылы қолға алынған. Дегенмен қаржылық және басқа да себептерге байланысты компания платформаны 2020 жылы қолданысқа шығарды. Қазір бұл қосымшаны 500 мыңға жуық адам жүктеп үлгерген. Ең тиімдісі, мұнда кез келген адам өз өнімін 90 күнге дейін тегін жарнамалап, сата алады, — дейді компания өкілі.

Болат Әбуәлиевтің айтуынша, отандық жобаны іске асыруға ақтөбелік Ғалымбек Өтегенов есімді азамат та өзіндік үлес қосқан. Қазіргі таңда ол компанияның Түркиядағы кеңсесін басқарып отыр. Сондай-ақ компанияның біздің өңірімізде, атап айтсақ, Қандыағаш қаласында да сенімді өкілі бар.

«Ақтөбенің» анықтамасы

«Go Sauda» компаниясының бізге сұхбат берген өкілдері жайлы аз-кем ақпарат:

Бекзат Сәбитұлыкомпанияда екі жылдан бері қызмет етіп келеді. «Go Sauda» компаниясына өзінің жеке кәсіпке деген қызығушылығының арқасында келіпті. Бекзаттың негізгі мамандығы — заңгер. Сондай-ақ оның жоғары музыкалық білімі де бар. Бұған дейін ол бірнеше салада еңбек еткен.  

Болат Әбуәлиев — жеке кәсіпкер. Бұған дейін 8 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Қазір компанияның еліміздің батыс өңіріндегі сенімді өкілі.

 Платформаны қалай жүктеуге болады?

Go Sauda платформасын Play Market, AppStore қосымшалары арқылы тегін жүктеуге болады. Қосымша үш тілде қызмет көрсетеді. Аталған қосымша арқылы тауар сату қызметі қазақстандықтарға 90 күнге дейін тегін болса, кәсіпкерлерге арналған бір айлық абоненттік төлем құны — 9 мың теңге.

— Бұл жобаны жүзеге асыру оңайға соққан жоқ. Себебі елімізде ІТ-саласы әлі де кенже дамып келе жатқан салалардың қатарында. Қазір біз күнделікті өмірде шетелдік ІnDriver, Яндекс, Оlx сияқты платформаларды қолданып жүрміз. Бұл компаниялардың қызметіне жүгінгеніміз болмаса, қосымшалардың біздің ел экономикасына қосып жатқан үлесі аз. Себебі табыстың дені де, салық та шетелге түсіп жатыр. Сондықтан біздің компания қазақстандық онлайн сауда желісін ойлап тапты. Осы қосымша арқылы кәсіпкерлер де, қарапайым тұрғындар да өз тауарларын сатып, пайда табуына болады. Сондай-ақ кез келген уақытта іздеген затыңызды осы платформа арқылы таба аласыз. Ол үшін сіз алдымен Play Market, AppStore арқылы Go Sauda мобильді қосымшасын жүктеп, тіркелуіңіз керек. Қосымшаның сайтында баннерлер орналасқан. Ол жерде қызмет және тауар түрлерінің тізімі берілген. Мәселен, сән, көлік, балалар әлемі, электроника, жылжымайтын мүлік, қызметтер, жұмыс табу, жануарлар, денсаулық және әдемілік, азық-түлік, тағы басқа. Осылардың ішінде өзіңізге керегін қарап, тапсырыс беруіңізге немесе хабарландыру жасауға болады. 

Сондай-ақ арнайы бөлімшелер де бар. Сол жерден қажет бөлімшеге кіріп, тауар туралы мәлімет алуға болады. Ал егер платформада жарнама және хабарландыру жасаймын десеңіз, оның ешқандай қиындығы жоқ. Тауардың сипаттамасын жазып, сапалы сурет салсаңыз жеткілікті. Және бұл платформаның тағы бір ерекшелігі, тұрақты тұтынушыларға қосымша бонустар қарастырылған. Ол сіздің қаржыңызды үнемдеп, платформада белсенді болуға мүмкіндік береді,  — дейді компания өкілі Бекзат Сәбитұлы.

Оның айтуынша, отандық платформа ұялы телефонда ешқандай орын алмайды. Тек интернет болса жеткілікті. Сондай-ақ Go Sauda-ның  басқа қосымшалардан басты ерекшелігі онда Instagram, YouTube, WhatsApp әлеуметтік желілерімен байланыс бар. Яғни кез келген адам сатып алатын тауары туралы қосымша ақпарат білгісі келсе, онда тауар ұсынушының Instagram парақшасы мен YouTube арнасына кіруіне мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ онда тауар ұсынушының WhatsApp желісіне де хабарласуына болады.

Біз компания өкілінен «алаяқтардан сақтандыру үшін платформада қандай да бір ескертулер бар ма?» деп сұрағанымызда, Бекзат Сәбитұлы былай деді:
— Қазір онлайн қызметтің дамуымен қатар елімізде алаяқтық деректері де көбейіп барады. Әсіресе онлайн сауда жасағандар арасында алданып қалатындар өте көп. Біз бұл жайтты да ескеріп, платформаны құрған кезде арнайы техникалық қолдау орталығын жасақтадық. Егер алаяқтық деректері тіркелген болса, біз құқық қорғау органдарына көмектесуге дайынбыз. Біз сол дерекке қатысты барлық ақпаратты базадан шығарып бере аламыз. Бізде мұндай жағымсыз жағдайлар тіркелген жоқ.

Сіз де Go Sauda-ның акционері бола аласыз!

Компания өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда Go Sauda-ға инвесторлар қажет.

Директорлар кеңесі компания акцияларының 40 пайызын Қазақстанға сатылымға қойыпты. Бүгінде оның 35 пайызы сатылған. Қалған 5 пайызын сатып алуға мүмкіндік бар. Сондықтан қаржыңыз және қызығушылығыңыз болса, сіз де компанияның үлескері бола аласыз.

Бұған дейін біз Ресей, Сингапур сияқты елдерден инвесторлар таптық. Алайда олардың ұсынысы бізге тиімсіз болды. Сондықтан қазіргі таңда қазақстандық инвесторларды іздеп жатырмыз. Егер сіз осы салаға үлесіңізді қосып, қаржы құямын десеңіз, мархабат. Ол үшін 8 775-412-12-83, 8-705-177-99-17, 8-776-000-31-30 нөмірлеріне хабарласуыңызға болады, — дейді Бекзат Сәбитұлы.

Р.S. Пандемия кезінде халық онлайн түрде азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да қажет тауарларды сатып алып, дағдыланды. Бүгінде онлайн сауда тұрғындарға да, кәсіпкерлерге де өте тиімді болып отыр. Себебі сіз тауар алу үшін уақытыңызды, қаржыңызды жұмсап еш жерге бармайсыз, сату үшін де жалға орын алып, әуре болмайсыз. Сол үшін алдағы уақытта Go Sauda платформасын белсенді түрде қолданып, отандық жобаның әлемдік бренд болуына үлес қоса аласыз.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button