Экономика

Таусылмайтын тас

Қандай құрылыс саласында да қиыршық тастың араласпайтын жері жоқ. Үйдің іргетасынан бастап, қабырғалық, тіреулік, тастамалық материалдарда, еден  төсеген кезде — бәріне де қиыршық тас жүреді.Темір бетон бұйымдарының, жол құрылысының да негізгі шикізаты — осы қиыршық тас.  Қиыршық тастың табиғи бітімі тәуір болғанда ғана  құрылыс бұйымдарының сапасы артады. Міне, осы жағынан келгенде, Мұғалжардың қиыршық тасына жететіні жоқ. Еліміздің өзге аймақтарында өндірілетін құрылыс материалының бұл түрі ел ішінде, сырт жерлерде мұндай өтімді емес. Бұл біздің емес, осы саланың білгірлері саналатын мамандардың бағасы. «Көктас Ақтөбе» Мұғалжар қиыршық тас зауытының директоры Самұрат Дүсіпов:

— Еліміздегі қиыршық тас шығарумен айналысатын зауыттардың қай-қайсы да бізбен бәсекелес бола алмайды. Қазіргі кезде қиыршық тасқа деген сұраныстың 30 пайызын біз өтеп тұрмыз. Бұған дейін біздің өнімімізді негізінен Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Батыс Қазақстан аймақтары тұтынып келген еді. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық тас жолы құрылысының жүруіне байланысты сұраныс молайды. Осы дәліздің Қызылорда облысы тұсында салынып жатқан жолына біздің зауыт өндірген қиыршық тас қана төселуде. Әрі қарай да жарататыны белгілі болып отыр. Себебі, мұнда шығатын қиыршық тас ерекше сапалы, ол араласқан темір бетондар аса берік, —  дейді.

Құрылыс салалары асылға балаған осы қиыршық тас қалай өндіріледі? Көп жағдайда   қара тасты жерден тегін, оп-оңай шығып жатқандай көретініміз бар. Бірақ, олай емес екен, таудан тас арқалаудың ауырлығын қазақ ерте кезден-ақ бекер айтпаған ғой. Бір кездегі азапты жұмысты осы заманның озық технологиясы ғана жеңілдетіп тұрғандай. Мұны біз «Көктас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Асылбек Әміралинмен бірге өндірісті аралап көрген кезде сезіндік.

Тау арасын аралатып салған көлік жолы шақпақ тас алатын қолтыққа жеткізді.

— Анау тік жарды көріп тұрсыздар ғой. Қазіргі тас алып жатқан орынымыз — осы, — деді Асылбек Қабылұлы көліктен түсе беріп. — Оны алудың өзіндік өндірістік жолдары бар. Тау жынысына бұрғы салынып, жарылғыш дәрі қойылады. Ол кезде манағы кірер ауыздағы әскери күзет жан баласын бұл жаққа қия бастырмайды.

— Жарылыстың дүмпуінің іргедегі ауылға зардабы жоқ па?

— Ертеректе әсері қатты болған. Ғимараттар бүлінген. Кем дегенде, бірталай үйлердің терезелерінің әйнектері қираған. Қазір ондай жоқ. Жаңа технология қолданылады. Тау жынысын бұрғылап үңгіп, 20-25 тонна жарылғыш дәрі қойып, бірден жарамыз. Бірақ әр жарылғыштың аралығында уақыт айырмашылығы болады да, дүмпуі ауылға білінбейді.

Осы салада қырық жыл қызмет еткен білікті маман жан салып өндірістің соңғы жаңалығын түсіндіргісі келгенмен, біздің оны сол сәтінде ұға қоюымыз қиындап тұрғаны да рас еді.  Дегенмен бұл жердегі істің оңтайлы арнаға түскенін аңғаруға болатындай. Ыбырсып жатқан ештеңе жоқ, жылан жалағандай. Қопарылып түскен тастарды жинап, тасып әкеткен. Тек етекте шөккен түйедей іріктелген біраз тастар ғана қалған. «Мыналарды неге алмаған?» дейміз біз.

— Бұлар бөлшектелмей түскен тастар. Зауыттың тас уататын қондырғысына сыймайды. Мұндай тастарды тұтынушы  болмай келіп еді. Қазір оған да ие  табылып жатыр. Қазақстанда төңірегіндегі елді мекендерге қауіп төндіріп тұрған бірнеше су көздері бар. Мысалы, Каспий теңізі, Алакөл, Жайық өзені, суы өсіп, жағасын кеміріп шайып, елді мекендерге таяна түсуде.Солардың жағалауларын шегендеуге таптырмайтын құрылыс материалы таудың осы түйе тастары. Сол жұмыстарға пайдалануға аламыз деген. Ол кезде мұның біреуі де қалмайды, —дейді бас инженер.

Таудың қолтығындағы тас алатын жердің жағдайымен танысқаннан кейін, біз сол салмағы мың батпан шоң тастарды уатып, әр түрлі көлемдегі қиыршық тасқа айналдыратын зауытты көруге бет алдық. Маман өндірістің мұнан кейінгі жәй-жапсарын түсіндіре бастады:

— Мұнымен мүлде басқа кәсіпорын — «Көктас Ақтөбе» шұғылданады. Мен қызмет атқаратын кәсіпорын — «Көктас» тауды тесіп бұрғылау, дәрі қою, жару, көліктерге тиеп, тасып беру шаруасымен айналысады. «Көктас Ақтөбе» мұны сатып алып, өз зауытында өңдеп, қиыршық тас шығарады.

…Міне, сол қиыршық тас шығаратын зауыттың төбесінен қарап тұрмыз. Ауыр жүк көтеретін көліктер шегініп келіп, оның аузына үйдей тастарды аударып кетеді. Тік жарланған  қондырғының екі қапталындағы алып қалбағайлар ауыр тастарды қақшып алып, одан әрі бөлшектейтін өңешке тықпалайды. Мамандардың айтуына қарағанда, бұған 150 тонна тас бірден кетеді. Әр тастың ұзындығы бір метрден кем болмайды. Ұдайы қозғалып тұрған ауыр тетіктер сол шомбал тастарды ұрып сындырады. Ол тас одан әрі екінші рет сындыратын қондырғыға, сосын үшіншіге, сөйтіп жалғаса береді.

Бастапқыда тас 200 миллиметрге дейін бөлшектеледі. Мұнан арғы қондырғыда 70 мм-ге, одан әрі 40 мм-ге ұсақталады. Соңғы сәтте елекке түседі де, белгілі қалыпқа сай қиыршық тасқа айналады. Зауыт бойынша қиыршық тас шығаратын үш желі бар. Тасты әрқайсысы әртүрлі мөлшерде уатады.

— Сапаға қатты мән береміз. Кешегі кеңес кезінде құрылыс мекемелері сапасына қарамай ала беретін. Қазір ол жоқ, жекеменшік кәсіпорындар ақша төлегесін төмен сортты қиыршық тасты алмайды. Оның үстіне, біз әр компаниямен жеке-жеке келісім-шартқа отырамыз, — дейді зауыт  басшылары.

Мұғалжардың қиыршық тасына сұраныс қай кезде де жоғары болған. Вагондарға тиеп, жөнелтіп үлгере алмай жатқан сол қарқынға мынау аяқ астынан туған дағдарыстың тұсау салғаны және рас еді. Бірақ қазір қайта жанданып, өндірістің көлемі өсіп келеді. Оған жол ашқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық тас жолының құрылысы болды. Шет ел мамандарының таңдауы сапалы тасқа түсіп, жұмыс көбейіп жүре берді. Ауыл, ауданнан артылып, сырттан жұмысшылар шақырылуда.

Бұған дейін жазда жұмыс істеп, қыста демалған кездер де болған екен. Әлгіндей сұраныстың өсуінен, биыл қыста да жұмысшыларға жұмыс табылып тұр.

— Қыс айы демейміз, тапсырыстан артық, қор үшін де  жұмыс істей береміз. Халық жұмыссыз болмауы керек. Зауытта қызмет істейтін адамдар осы ауылдағы кассадан ай сайын жалақыларын алады. Жұмыс 15 күндік вахталық әдіспен жүргізіледі. Жатақхана тегін. Белгілі мөлшерге дейін тамақ та тегін беріледі. Сырттан шақырылған жұмысшылар ұсату цехында ғана, қалғаны осы Мұғалжар ауылының адамдары. Кезінде зауытқа қажет мамандарды да осы ауылдың жастарынан оқытып, дайындап алдық, — дейді бас инженер.

Шынында да, зауыт ауылды, ауыл зауытты ұстап тұрғандай көрінді бізге де.    Бұл жердің қысы да ерекше болатынға ұқсайды. Тау арасы болғасын ба, қатты суық. Қары қалың, боран-шашыны көп, күшті жел болып келеді екен. Үйлердің шатырын ұшырып, тұрғызбайтын болғасын, жаңа шағын аудандардағы құрылыстардың төбесінің жабынына зауыт мамандары шифрдан басқа, берік материалдар пайдалана бастаған. Биыл қыс бұл өңірге кешеңдеу келгенмен, соңғы айлар қардан қатты жарылқаған. Тау арасын, ауылды сіреу қар басып қалған. Одан да құтқарып, өндірістің, ауылдың тіршілігін қалыпты ұстап тұрған —«Көктас», «Көктас Ақтөбе» кәсіпорындары.

Ол тек бұл жер емес, аймаққа белгілі көп салалы кешенді өндіріс. Біз тек оның Мұғалжар ауылы басындағы шаруасын ғана әңгімеледік. Оны да толық қамти алғанымыз жоқ. Қосалқы шаруашылық ұстаумен де ауылға көп шапағатын тигізіп отыр. Мал өсіріп, өнімін саудаға шығарады. Біз барғанда ет өнімдерін дайындайтын шағын цех жұмыс істеп тұрды. Оның бригадирі Қауыш Ибрагимова цехтың жұмысымен таныстырды. Жылқының, сиырдың, қойдың бұқтырған етін дайындап, саудаға шығарады. Осының өзі ауылдың 12 адамына қысы-жазы жұмыс болып тұр.

Зауыт мамандары бізге осы маңнан алынатын ерекше сапалы кварц құмы хақында да біраз жайларды миымызға құйды. Одан пеште балқытуға бірден жібергенде сапалы әйнек алуға болады екен. Әзірге қызығын Ресей көріп отырған жайы бар. Кен көзінде байыту комбинатын ашу алдағы жылдардың жоспарында тұр дегенді айтты мамандар. Демек, Мұғалжардың тасы ғана емес, құмы да асыл деген сөз.

Бұл өңірде дастарқан басында үлкендер «Ел байлығымыз аман болсын, кен байлығымыз аман болсын!» деп бастап, бата береді екен. «Бұл тастың қоры бітпей ме? Қаншаға жетеді?» деп сауал тастадық, сондай бір ретте біз мамандарға.

— Қоры — іс жүзінде таусылмайтын делінген. Солай деп құжатта көрсетілген. Кешегі кеңес кезінде бұл жердегі зауыт жылына 1 млн. 400 мың текше метр қиыршық тас өндіріп тұрған. Сол деңгейге көтеріліп келе жатқанда дағдарысқа килігіп, тығырыққа ұшырап қалдық. Зауыттың тарихындағы қырық жылда 250 млн. тастан 40 млн. текше метр тас алынды деген есеп айтады мамандар. Барлау жүргізгенде бұл жердің бәрі осындай тас болып шыққан, — деп біздің жоғарыдағы сауалымызға жауап қайырған зауыт басшылары бір тоғайтып тастады.

Түгесілмейтін тас. Тас екеш тасымызға дейін сарқылмайтын  байлық болып тұр. Халқымыздың несібесі бұл.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Суретте: 1. Тау қолтығындағы тас алатын жер. 2. Бұл шоң тастар Каспий жағалауын шегендеуге қолданылады. 3. Қиыршық тас шығаратын желілер.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button