«Ақтөбе» газетін оқитын үздік ауыл» байқауы Байқау

Құтикөл — құтты  мекен

«Ақтөбе» газетін оқитын үздік ауыл»

Ырғыз  ауданына қарасты Аманкөл  ауылдық  округі құрамындағы үш елді мекенде  2031 адам тұрады. Олар — Құтикөл, Аманкөл, Жарма ауылдары.

Округ орталығы Құтикөлдің бүгінде ажары кіре түскен. Биыл облыс  бойынша  9 елдімекенге көгілдір  отын баратын болса, соның бірі —Құтикөл  ауылы. Ауыл туралы біздің сүйікті басылымымыз «Ақтөбе» газетінің 19 қарашадағы нөмірінде «Аманкөл ажарлана түсті» деген мақала да жазылды. Былтыр округ орталығындағы төрт көше жөнделіп, асфальт төселді.Сондай-ақ ауылдағы  электр бағаналары жаңартылып,  жаңадан  тұрғызылған  бағандарға  диодты жарықшамдар орнатылды. Ал орталыққа жақын орналасқан Жарма ауылында  60 орындық  мектеп ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Енді осы елді мекенде медициналық  пункт  ғимаратын  салу  мәселесі көтеріліп жатыр.

Ауылда мал саны да жыл сайын көбейіп  келеді. Аманкөл  ауылдық  округіндегі  ешкі шаруашылығымен айналысатын «Асыл-Жол» шаруа  қожалығының жасап жүрген игі  істері тек ауданның ғана емес, облыс тұрғындарына да жақсы таныс. Одан басқа да кәсіпкерлер баршылық.

2031  адам   тұратын   округтің  тұрғындары  баспасөз  басылымдарына  да  белсене  жазылады. Ырғыз ауданы бойынша облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газетіне ең көп жазылған — Аманкөл ауылдық округі. Мұндағы 114 отбасыға облыстық газет тұрақты «келіп тұрады». Ұзақбай  Құлымбетов, Телжан Шонанұлы,  Тел  Жаманмұрынов  сияқты   қазақтың   белгілі  тұлғалары дүниеге келген топырақтың   азаматтары   рухани  іс-шараларға да белсене  араласады.

Ауыл тұрғындары «Ақтөбе» газетінің әр санын тағатсыздана күтеді. Соның бірі — ауыл тұрғыны Зайда Орақова. Ақтөбе  электр байланысы техникумынан «Байланыс технигі» мамандығын  алып  шыққан Зайда Орақова 1985  жылдан  бері Құтикөл ауылындағы пошта байланыс бөлімшесінің басшысы  болып қызмет атқарып келеді.

Ілгеріректе пошта мен телефон байланысы бір мекеме болып жұмыс жасаған тұста

аудан орталығы мен бөлімшелер арасында байланыстың қалыпты болуына, ауыл тұрғындарының сыртта жүрген балаларына жіберген хаттары мен сәлемдемелерінің уақтылы жетуіне, тұрғындарға газет-журналдардың  кешікпей таратылуына тынымсыз үлесін қосты. Зайданың  ауылда баспасөзге жаздыру ісін жолға қойғанын айтпауға тағы болмас. Биыл да Құтикөлдегі қырықтан аса зейнеткер мен ауыл тұрғындары облыстық «Ақтөбе», аудандық «Ырғыз» газеттеріне жазылды.

Бүгінде Зайда ауылдан азық-түлік дүкенін ашып, бұл кәсіпке де бейімділігін танытты. Қайырымдылық мақсаттағы іс-шараларға да белсене  қатысып  келеді. Зайданың ауыл тұрғындарына жасаған еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Осыдан  тура 10 жыл бұрын Қазақстан  Республикасы Көлік және коммуникациялар  министрлігінің «Құрметті   байланысшы» төсбелгісіне ие болды. Пошта  байланысы  саласына  сіңірген еңбегі мен тұрғындарға  қызмет көрсетудегі  кәсібилігі үшін «Ауданның  жыл  адамы — 2012» атағын иеленді. Басқа да  марапаттары оның ауылдастарының игілігіне қалтқысыз жұмыс жасап  жүргендігіне кепіл бола алады.

Сүйікті газетіміз аудандағы кітапханаларға да тұрақты келіп тұрады.

— Жоғары оқу орнын бітіріп, маман иесі болып, кітапханашылық  қызметке  орналасқалы өңірдің айнасына айналған «Ақтөбе» газетінің әр нөмірін жібермей оқып, кітапханамыздың оқырмандарына насихаттап келемін. Кітапханамызға келе алмайтын егде жастағы оқырмандардың отбасына  газеттің жаңа нөмірлерін апарып тұрамын. Ауыл  тұрғындары «Ақтөбе»  газетін байланыс  бөлімшесінен  жаздыртып алып, парақтап оқиды. Газеттегі «Бұқара» беті ауыл оқырмандарының сүйіп оқитын айдарына айналды. «Әдебиет» бетінде жарық көрген жерлес ақын-жазушылардың шығармаларын жас та, кәрі де жібермей оқиды. Облыс тұрғындарының жүрегіне жол салған «Ақтөбе» газеті елдің бірлігі мен татулығына, өркениет пен даму үдерісіне өз үлесін қосып келе жатқан газет екені сөзсіз. Өзім облыстық  газеттің  2007 жылдан  бері  тұрақты оқырманына айналдым. «Ақтөбеден» әр ауданға арналған  беттерді  қызыға  оқимын, — дейді Құтикөл ауылдық модельді кітапханасының кітапханашысы Айымкүл Есіркепова.

Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button