БілімБасты жаңалықтар

Техникалық және кәсіптік білім тегін оқытылады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жасаған мәлімдемесінде білім саласы үшін де маңызды міндеттер жүктеді. Сол басым бағыттардың бірі — инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын даярлау. Мемлекет басшысы ел экономикасын дамыту үшін инженерлермен техниктерді даярлаумен енді тек отандық оқу орындары ғана емес, сондай-ақ шетелдердің жетекші университеттерінің филиалдары да айналысатын болады.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай жастардың барлығы да қажетті мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік біліммен тегін қамтамасыз етілетін болады. Биыл облыстағы колледждерден техникалық жаңа 6мамандық ашу жоспарланып отыр.

Біз өңірдегі техникалық-кәсіптік білім беретін оқу орындарының жағдайын білмек ниетпен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуовамен сөйлескен едік…

Техникалық 6 мамандық ашылады

— Елімізде сапалы кадр даярлауда жаңа бетбұрыс жасалды. Мемлекет басшысының техникалық мамандықтарға  басымдық беруі  білім саласы үшін жаңа міндеттер жүктеп отыр. 2025 жылға қарай колледждер нарық талабына, кәсіпорындар мен өндіріс сұранысына сай техникалық және кәсіптік мамандықтар бойынша тегін білім беретін болады.

2018 жылдан бастап біздің өңірде жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға гранттар бөлініп жатыр. Соның арқасында қазір жоғары оқу орындарында жергілікті бюджет есебінен 280 студентоқиды.

Облыста 42 колледж бар. Ондағы 25 596  жастың 14 880-і мемлекеттік тапсырыспен оқиды.

Кәсіпорын сұраныстарына сай мамандықтарды анықтау үшін соңғы 3 жылға талдау жасап көргенбіз. Қорытындысында қызмет көрсету және техникалық қызмет көрсету (17,4 пайыз), құрылыс, коммуналдық қызметтер, энергетика және көлік (11,3 пайыз), өндіріс, монтаж, пайдалану және жөндеу (11,8 пайыз),  байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар (11,1 пайыз) бағыттарындағы мамандықтарға сұраныс басым, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Оның айтуынша, биыл облыстағы колледждерден техникалық жаңа 6 мамандық ашу жоспарланып отыр.Қазір Ақтөбе жоғары ауылшаруашылық колледжіндееңбекті көп қажет ететін процестерді механикаландыру жөніндегі техник, Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжіндеөндірісте қара металды өңдеу операторы, Ақтөбе сервис колледжіндеқонақүй бизнесі, интерьер дизайны, Қандыағаш өндірістік-экономикалық колледжінделокомотив жөндеу слесарі және Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжіндежабдықтарды жөндеу және жаңғырту жөніндегі жетекші мамандықтарын ашу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Академиялық дербестік:

Бірлескен бағдарлама.Сұранысқа сай маман

Біздің өңірде 2015 жылдан бастап оқушыларды жұмыспен қамту мақсатында 29 колледжде 44 мамандық және 56 біліктілік бойынша дуальды білім беру жүйесі енгізілді. Аталған жүйе аясында колледждер директорлары 160 кәсіпорын басшысымен үшжақты шартқа қол қойды.

Колледждерде мемлекеттік білім беру стандарттары толығымен жаңартылып, барлық мамандықбойынша 246 модульдік бағдарлама әзірленді. Бұл бағдарлама оқу процесіне инновацияларды енгізуге және еңбек нарығымен байланысты күшейтуге сеп болып отыр. 

Жастарға сапалы білім беру, жұмыспен қамтуда дуальды білім берудің тиімді тәсіл екеніне көз жеткізіп отырмыз. Мысалы, колледжді дуальды оқыту жүйесі бойынша бітірген 207 оқушының 95 пайызы жұмысқа орналасты. Қазір түлектеріміз өңіріміздегі ірі кәсіпорындарда («Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы, Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Қазпошта» АҚ, «АМК Жарық» ЖШС, «Анвар» ЖШС, «Данай-Ақтөбе» ЖШС) еңбек етіп жатыр, — дейді облыстық басқарма басшысының орынбасары.

Нұргүл Лескенқызының айтуынша, 2021-2022 оқу жылынан бастап колледждерге академиялық дербестік берілді. Соған байланысты коллледж басшылығы жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімдерін анықтайды.  Білім беру бағдарламалары студенттерге қажетті біліктілікті алуға және қысқа мерзімде жұмысқа орналасуға, қажет болған жағдайда қосымша басқа біліктілікті алуға мүмкіндік береді. Бұл шаралар өндірістегі технологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының сұраныстарына бейімделуге мүмкіндік береді.

Осылайша колледждер жұмыс берушілердің талаптарына сай келетін мамандарды даярлайтын болады, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Халықаралық тәжірибе:

180 колледж. 100 мамандық

Кәсіптік-техникалық білім беру саласының материалдық базасын нығайтуда «Жас маман» жобасының берері көп. Жобаның басты мақсаты — сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғыртуды және білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу.

«Жас маман» жобасы аясында колледждер базасын халықаралық стандарттарға сәйкес нығайтуда еліміз егемендік алғалы бері болмаған үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Жоба аясында шешімдер қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының  қатысуымен «Жас маман» жобасын іске асыру жөніндегі арнайы комиссия құрылып, оқу орындарының сапа көрсеткіштері сарапқа салынды. Қорытындысында Қазақстан бойынша 80 колледж  іріктеліп алынды. Оның 10-ы — біздің облыстың колледжі. Олар — Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі, Ақтөбе жоғары политехникалық, құрылыс және бизнес, көлік-коммуникация және жаңа технологиялар, байланыс және электротехника, ауылшаруашылық, өнеркәсіптік технологиялар және басқару, автожол, Ойыл аграрлық, сондай-ақ сервис колледждері.

Қазір осы 10 колледждің бәрініңде  материалдық-техникалық базасы толық жаңартылып болды. Жобаны жүзеге асыру үшін 2,8 миллион теңге жұмсалды, — дейді білім басқармасының қызметкері.

Облыстағы осы колледждерде Soprano Group (Финляндия) әзірлеген оқу жұмыс жоспарымен білім беру бағдарламасы құрылып, бекітілді. Сондай-ақ білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу мақсатында құзыреттілікті бағалау орталығының құрылымдық бөлімшелері ашылып жатыр.

Айта кету керек, «Жас маман» жобасы аясында жабдықталған өңіріміздегі колледждер республикалық озық колледждерінің бірі—  «APEC PetroTechnic» Атырау жоғары колледжінің халықаралық іс-тәжірибесін қолданады.

Кәсіптік білім алыңыз

«Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасының арқасында көптеген жас сұранысқа сай мамандықтарды таңдап, тегін білім алып жатыр.  Аталған жоба аясында 2021-2022 оқу жылында колледжге 1085 оқушы қабылданған.

Бұл жобаға оқу орындарына түспеген, өмір­де қиын жағдайға тап болған және аз қамтылған отбасы мүшелері, жұмыссыз жастар қатыса алады. Оларға стипендия төленеді. Бір реттік ыстық тамақ­ беріледі. Сондай-ақ қоғамдық көлікте тегін жол жүруге мүмкіндік беріледі. Басты ерекшелігі, жоба аясында жастар колледждерге емтихансыз, сұхбаттасу қорытындылары бойынша қабылданады, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Бағдар­ламада тек нарықта сұранысқа ие мамандықтарға ғана басымдық берілген.

Жастарды техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етуде жұмысшы мамандықтарын даярлау облыстағы 18 колледжде 38 біліктілік бойынша (электрогаздәнекерлеуші, аспаз, кондитер, техник-механик, техник-құрылысшы, т.б.) жүзеге асырылып жатыр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button