Мәдениет

«Қазақстан –– керемет!»

Гатут Лухур Будионо:

«Қазақстан –– керемет!»

17 мың аралдың елі аталатын Индонезияның астанасы Жакарта қаласындағы Панкасила университетінің экономика факультетіндегі басқару мәселелері жөніндегі департаменттің профессоры, экономика, шешендік өнер, менеджмент тақырыбына қатысты 4 кітаптың, 15-ке жуық мақала мен зерттеу еңбектерінің авторы Гатут Лухур Будионо Қазақстан жайлы осылай дейді.

Гатут мырза біздің елге келгендегі әсері, ойға түйген көрген-білгені жайында былай деп сыр бөлісті.

–– Қазақстанға келгендегі алғашқы әсеріңіз қалай болды? Ақтөбе ұнады ма?

–– Маған Ақтөбе қатты ұнады. Жалпы Қазақстанға бірінші рет келуім. Біздің жақта күн жылы ғой. Жұқа киімдермен келген едім, осында кеп, өмірімде алғаш рет суықты сезіндім. Аппақ қарды тұңғыш рет көріп, таңқалдым.

Марзияның (Жақсығарина) мені қарлағанын айтсаңызшы. Таңқалыстан және қатты тоңғаннан не істерімді де білмей қалдым. Біздің жақта мүлде қыс болмайды ғой, сіздердегідей қар жаумайды. Біздің білетініміз күз және көктем, жаз мезгілі ғана. Көбіне жаңбыр жауып тұрады.

–– Сіздің елдегі күн шуақты Бали аралын әлем елдерінің туристері жақсы біледі ғой.

–– Иә, Бали – Индонезияның курортты аймағы. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен туристер барып, демалады. Ол еркін экономикалық аймақ болып танылған. Индонезияның мемлекеттік маңызды шараларының көбі де сол Бали аралында өткізіледі. Мысалы, онда өткізілген қысқы Азия ойындарын, түрлі мемлекет басшыларының басқосуын айтуға болады.

Бали аралындағы қорықта әлемде аса сирек кездесетін құстар мекендейді. Содан да болар, алыс та жақын елдерден ат арытып, түрлі жәндік түрлерін қызықтауға келетіндер саны күрт артып отыр.

–– Индонезия – мұсылман елі. Сіз де намаз оқып, Жаратқанға құлшылық ететін шығарсыз?

–– Иә, мен мұсылманмын. Бес уақыт намазымды оқимын. Мұнда жұма сайын қаладағы орталық мешітке барып, жұма намазына қатысып жүрмін. Индонезия –– әлемдегі ең ірі мұсылман елдерінің қатарына жатады ғой.

Әлемдегі ең көп мұсылмандар тұратын Индонезия қажылыққа баратындар жөнінен де алда тұр.

–– Сіздің біздің елге келгендегі мақсатыңыз не?

–– Мен бұған дейін де түрлі елдерді аралап, жастарға басқару маркетингі, маркетинг бойынша қызмет көрсету, халықаралық менеджмент, халықаралық бизнес тақырыбында лекциялар оқып жүрдім. Қытайда, Филиппинде болдым. Менің мұнда келгендегі мақсатым сол, жастарға білгенімді үйрету, оған қоса ел көру, жер көру.

Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университеті мен Еуропалық университет бірлесіп, осында келіп, жастарға лекция оқуымды өтініп, шақырды. Шақыруды қабыл алып, келдім. Келгеніме де бір айға жуық уақыт болып қалды.

Екі тақырыпта семинар сабағын өткіздім. Біріншісі –– «Экономикадағы бүкіләлемдік ғаламдасу: Индонезия феномені, жетістіктер, тәуелкелділік және мәселелерді шешу», екіншісі – «Оқытудың халықаралық тәжірибесі: ықыластылық  және шешендік өнер» тақырыбында өткізілді. Семинар орыс және ағылшын тілдерінде өтті. Қатысушылардың көбі ағылшынтілділер болды.

–– Сіз біздің еліміздегі жергілікті халықтың ұлттық тілі, әрі мемлекеттік тіл –– қазақ тілін үйренуге құлшыныс білдірген жоқсыз ба?

–– Қазақ тілін үйренуге тырысып жатырмын. Мен жақсы білетін бір сөйлем бар, «Қазақстан – керемет!». Мәрзия Жақсығарина маған біраз сөздерді үйретті. Наурыз айы туысымен еліме қайтуға жиналамын. Егер тағы да бірер айға қалсам, Сізбен қазақша сөйлесуім мүмкін еді.

Тіл үйрену – мен үшін соншалық қиын мәселе емес. Мен бес тілді білемін ғой.

–– Қазақтың ұлттық тағамдарымен де етене танысқан боларсыз?

–– Иә, қазақтың ұлттық тағамы — қазақша ет маған қатты ұнады. Тарымен шай ішуді үйренгелі жүрмін. Тары да сүйкімді ас екен.

–– Біздің еліміздің экономикалық дамуы жөніндегі пікіріңізді білсек…

–– Сіздердің елдің тұрғындары ертеден кешке дейін еңбек етеді екен. Ал, тұрғындары мұндай ырғақпен жұмыс істейтін мемлекет дамудың биік шыңына жете алады деп ойлаймын.

Сіздің ел –– өте бай ел. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы өте жақсы екендігін көрдім. Біздің елмен салыстырғанда сіздерде бай, дәулетті адамдар көп сияқты.

–– Индонезия халқының тұрмыс-тіршілігі қалай? Сіздердегі білім сапасын біздің елдікімен салыстыруға бола ма?

–– Біздің елде халықтың алдымен бас қатыратын мәселесі – азық. Яғни, күнделікті тамағын тауып жеуді көбірек ойлайтын тұрғындардың ойдағыдай білім алуларына жағдайлары жоқ. Білім қуып, оқудың қыр-сырын меңгеруге ұмтылғандар да жоқ емес, бірақ ондайлар аз. Ауылдық жерлерде тұратындардың көбі мұғалім болып жұмыс істеуге талпынады. Жоғары білімге қол созғандар біліктіліктерін одан әрі дамыту үшін көрші қалаларда оқуын жалғастырады.

Алайда елдің 100 миллионға жуық тұрғыны кедейшілікте өмір сүруде. Біздің ел 1990 жылдары экономикалық ауыр дағдарысты басынан кешірген. Кеңінен тараған парақорлық пен бюрократиялық та Индонезияның ойдағыдай дамып, өркендеуіне қолбайлау болып отыр. Сонымен бірге, Индонезияда жиі болып тұратын су тасқыны мен зілзала да халықтың әлеуметтік жағдайының жақсы деңгейге көтерілуіне кері әсерін тигізуде.

–– Сіздің елдің көшелерінде біздің Елбасымыздың суреттері ілулі тұр деседі барып келгендер…

–– Жалпы біздің елдің оқығандары мен көзі ашықтары Қазақстанды жақсы біледі. Сіздің Елбасыңыздың суреті Индонезияда қайбір жылдары мемлекет басшыларының басқосуы өткен кезде ілінген шығар.

Менің білуімше, біздің ел сіздің елдің экономикалық даму үрдісін өзіне үлгі етеді. Жоғары дамуға ұмтылушы еңбекқор ел ретінде құрмет тұтады.

––  Қазақстандықтарға қандай тілек айтар едіңіз?

––  Менің Қазақстанға келуіме мүмкіншілік жасаған Қазақ-орыс халықаралық университетінің президенті Темірхан Бердімұратовқа, университеттің ғылым жөніндегі проректоры Мәрзия Жақсығаринаға үлкен алғысымды білдіремін.

Елдеріңіз өркендеп, дами берсін. Жоғары дамудың биік шыңынан көрінетіндіктеріңізге мен сенемін.

Бетке ойып салу:

Бір ауыз сөз:

Мәрзия Жақсығарина, Қазақ-орыс халықаралық университетінің ғылым жөніндегі проректоры, Мәскеу қаржы-өнеркәсіп Академиясы мен Еуропа университеті ынтымақтастығы департаментінің директоры:

–– Гатут Лухур Будионо – өте оқымысты, сөзге шешен адам. Сол себепті болар, жастарды шешендік сөйлеуге баули отырып, экономиканың қыр-сырын меңгерткісі келеді. Менеджмент, халықаралық бизнес туралы өткізген сабақтарын студенттер өте қызығып тыңдады.  Алдағы уақытта да шетелдік білікті ұстаздар шақыртылып, оқыту саласында осындай тәжірибе алмасу ісі жалғасын таба беретін болса, ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Тек Индонезия сияқты алып елде біздің мемлекетіміздің елшілігі жоқтығына байланысты Гатут мырзаны шақырған кезімізде біраз қиындық туғызды. Әлем елдерімен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасымызды одан әрі нығайту барысында осындай ньюанстар ескерілсе жақсы болар еді.

Әңгімелескен Жанар НҰРҒАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button