Басты жаңалықтар

Шаруа қожалықтарының шырайын кіргізу — мемлекеттік мүдде

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Мәртөк ауданына барып, ондағы Сарыжар, Тәңірберген, Қаратоғай ауылдық округтерінің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын көрді.

Халқының саны 30 мыңға жуықтайтын ауданда жаңа ғимараттар жыл санап көбейіп келеді. Соңғы мәліметтерге жүгінсек, аудан орталығы — Мәртөк ауылындағы тұрғындар саны 10 мыңнан асады. Соған сай, мұнда да қызу тіршілік. Әлеуметтік мәселелер де біртіндеп шешіліп келеді. Атқарушы биліктің жыл басындағы алғашқы сапарын ауданның елді мекендерінен бастағаны сондықтан.

Әуелі Сарыжар ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратының аужайы таныстырылды. Өткен жылдың соңында пайдалануға берілген ғимарат сыңғырлап тұр. Құрылысқа жергілікті бюджеттен 49 миллион теңге бөлінген. Мердігер — «МСФ «Мұнайқұрылыс» ЖШС. Небәрі бірнеше айда салынған әкімшілік нысанда аппарат қызметкерлерін айтпағанда, учаскелік полиция инспекторы, мал дәрігері отырады. Кабинеттердің жалпы саны — 9.

— 1950 жылы салынған бұрынғы ғимарат ескірген соң жаңасын тұрғызу жөнінде шешім қабылданған. Аз уақыттың ішінде құрылыс компаниясы, міне, осындай ғимаратты салып берді. 15 қазанда салтанатты ашылуы болды.

Былтыр тұрғындардан 5 миллион теңге салық  түсті.

Жергілікті жұртшылық, негізінен, жер телімін алу, атаулы әлеуметтік көмек сынды мәселелер бойынша жолығады, — дейді Сарыжар ауылдық округінің әкімі Бақытжан Мүлкаев.

Осы орайда аталған ауылдық округті 5 мыңнан аса адамның мекен ететінін айта кету керек. Олардың арасында 64 жеке кәсіпкер бар. 5 серіктестік, 26 шаруа қожалығы, 16 дүкені бар сарыжарлықтар ауыл шаруашылығымен де белсенді айналысады.

Одан соң Тәңірберген ауылдық округіне қарасты Саржансай ауылында орналасқан «Ынтымақ» шаруа қожалығының жай-күйі назарға ілікті. Әділ Асанов басшылық ететін шаруашылық 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Негізінен, сүт шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің иелігінде аумағы 2 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер бар. Оның басым бөлігі жайылымға арналған.

— Қазіргі таңда бізде 300 ірі қара бар. Жақында 72 төл алдық. Шүкір, малдың саны жыл санап артып келе жатыр.

Мал азығына жергілікті бюджеттен 11 миллион теңге субсидия бөлінді. Сондай-ақ техника алу үшін 10 пайыздық жеңілдікке ие болдық. Соның арқасында 2 жаңа трактор сатып алдық. Жалпы, мемлекет тарапынан қолдау бар.

Біле білгенге мал шаруашылығы — табысты кәсіп. Қыс мезгілінде 200 литр сүт аламыз. Ал жаз айларында 1,5 тоннаға дейін ағарған сауып отырмыз. Оны жергілікті нарыққа жөнелтеміз. Сүтіміз Ақтөбе қаласындағы дүкендерде сатылады.

Былтыр біз 47 тонна ет өндірдік. Оны да өңірдегі дүкендерде саудаладық, — деп кеңінен мәлімет берді Әділ Асанов.

Оның айтуынша, бұл жерде ауысыммен барлығы 24 адам қызмет етеді.

Мал бағатын 2 базасы бар кәсіпкер шаруашылықтың материалдық-техникалық жағдайын да көрсетті. Өз кезегінде облыс әкімі осындай шаруа қожалықтарға қолдау көрсету керектігін, мақсатсыз пайдаланылмайтын суармалы жерлермен де қамтуды тапсырды. Бұл — мемлекеттік деңгейдегі жұмыстардың бірі.

— Шағын шаруашылық болса да, өз-өзін қамтып отыр. Табысы өзіне жетеді. Онымен қоса 24 адамға жұмыс бергенін ескерсек, бұл — болашағы бар кәсіп. Сондықтан аудан әкімдігіне мұндай қожалықтарды қолдауды тапсырамын. Жер, инфрақұрылым, субсидия жағынан демеу жасасақ, аз уақытта одан сайын көркейіп шыға келеді.

Жалпы, ауыл шаруашылығын қолдау — басты назарда. Жемшөп сатып алуға кететін шығынды субсидиялау өзінің тиімділігін көрсетті — шаруалар дерекқорға бұрын тіркелмеген мыңдаған малын енгізді. Енді жемшөп қорын кеңейтуді ынталандыру мақсатында мал азығы дақылдарын егуге субсидия бөлетін боламыз, — деді Оңдасын Оразалин.

Арнайы топ сапар барысында Саржансай ауылдық клубына да соқты. Бірер жылда ғана ашылған мәдениет мекемесінің құрылысына мемлекеттік бағдарлама бойынша 81 миллион теңге бөлінген-ді. Құрылысқа жауапты — «Строй Мастер Класс» ЖШС. 150 орынға шақталған ғимаратта концерт, мерекелік басқосулар, басқа да мәдени шараларды өткізуге болады.

Сол сияқты өткен жылдың соңында пайдалануға берілген Саржансай ауылындағы спорт кешені де барлық талапқа сай келеді. Мұнда балалар спорттың бірнеше түрі бойынша жаттыға алады. Біз барғанда жеткіншектер күресіп жатыр екен. Жас спортшылар жаңа кешеннің оларға ұнайтынын, ғимараттың іші жылы һәм жарық екенін айтты. Тек кешеннің айналасын абаттандыру, жарықтандыру жайы қалып тұр. Сондай-ақ фитнеске қажетті құрылғылар керек. Атқарушы билік өкілдері бұл жағынан көп ұзамай қолдаудың көрсетілетінін білдірді.

Облыс әкімі бастаған топ Қаратоғай ауылдық округіне де барды. Мұнда «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан спорт кешенінің жұмысы таныстырылып, ашылуы қыркүйекте болатыны хабарланды. Осы ауылдағы орта мектепті аралағаннан кейін аудан әкімі Алмас Салықбаевтың өткен жылда атқарылған жұмыстар мен биылға арналған жобалар төңірегіндегі қысқаша баяндамасы тыңдалды. Оның сөзінше, осы жылы Байтұрсын, Аққайың және Хазірет ауылдарында медициналық пункттер мен амбулаториялардың, ал Қаратоғайда ауылдық клубтың құрылысы басталады. Сондай-ақ Родниковка, Сарыжар және Жайсаң ауылдарында спорт кешендері бой көтереді. Инфрақұрылымға келсек, Егізата, Көкпекті және Қарабұлақ ауылдарында су тазартатын кешенді блок-модульдер орнатылмақ. Ал Қаратаусай мен Байторысай ауылдарына газ құбырларын салу, Жаңатаң ауылын газбен қамту жоспарда бар.

Соңында Оңдасын Сейілұлы ауыл ақсақалдарымен де кездесті. Олар қалаға тікелей жететін көпір салу ісін жеделдетуді сұрады, соның салдарынан ауылдағылар жол азабын тартып отыр екен.

— Ауыл тұрғындарын, ең алдымен, газ, су, интернет сияқты инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз етуіміз керек. Облыста бұл бағыттағы жұмыстар тоқтаусыз жалғасып жатыр, — деп сөзін түйіндеді облыс әкімі.

Айта кетейік, Мәртөк ауданы әкімшілік-аумақтық қатынаста 32 елді мекеннен тұратын 13 ауылдық округтен құралған.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе-Мәртөк-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button