Білім

20 жыл өткен соң

Бұдан 20 жыл бұрын қазіргі  Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы ашылды. Еліміз тәуелсіздік алғанда филология факультеті құрылды. Сонымен қатар биыл аталған білім ордасында журналистика кафедрасының ашылғанына – 10 жыл. Факультеттің өткені мен бүгінгісі туралы қазақ филологиясын ашуға көп еңбек сіңірген азамат, университет профессоры, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Абат Пангереев айтады:

Бастау

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы 1989 жылы ашылды. Бұл – егемендіктің алтын күрек желі есе бастаған кез. Сол кезең рухани түлеудің кезеңі еді. Мамандықтың ашылатындығы туралы педагогикалық институттың сол кездегі ректоры Мұхтар Арыннан естігенімде, қуанғаннан орнымнан тұрып кетіппін. Себебі филология факультетін бітіргендердің біразы басқа салада жүрген-ді. Мысалы, мен психология кафедрасында қызмет еттім.

Мұхтар Арын жаңа мамандықтың шаруасын маған жүктеді. Содан біраз уақыт Алматыда болдым. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінен, Қыздар педагогикалық институтынан, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтынан қазақ филологиясына қатысты оқу жоспарларын, оқулықтар алдым. Олардың барлығын бірдей Ақтөбеге көтеріп әкелу мүмкін емес еді. Сондықтан көпшілігін пошта арқылы жіберуге тура келді. Одан кейін Қарағандыға бардым. Онда өзім оқыған Қарағанды мемлекеттік университетінен көптеген кітаптар әкелдім. «Мамандықты ашуды саған сеніп тапсырғаннан кейін, сен, сірә, деканы боларсың. Осында оқыдың ғой. Барғаннан кейін біреуден сұрап жүргенше, осы жақтан үйренгенің дұрыс» деп  университетте дәріс берген ұстазым Мұрат Смағұлов екі күн бойы оқу жоспарын жасауды үйретті, – дейді Абат Шамұлы.

Ол 1989 жылдың жаз айларында мамандықты ашу үшін Мұхтар Арын екеуі облыстың аудандарын аралағандығын айтады. Талапкерлерді мектепті үздік бітіргендердің арасынан таңдапты. Сөйтіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына бірінші жылы 50, екінші жылы 75 студент қабылданған. Алғашқы түлектердің арасында қазір университетте дәріс беріп жүргендер де бар. Олар: Әлия Ұлықпанова, Гүлзат Сәдірова, Мұхтар Миров.

Мамандық ашылғанда облыстық «Ақтөбе» газетінде елімізге белгілі ақын Ертай Ашықбаевтың көлемді мақаласы жарияланды. Кейін алғашқы түлектер бітіргенде де  Ертай Ашықбаев материал жазды. Мақаланың тақырыбы – «55 жас күш» деп аталады. Айта кету керек, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы ашылғанда қатты қуанғандардың бірі – облыстық «Ақтөбе» газетінің  ұжымы.

Сол кездері «Қазақ тілі» қоғамы құрылған еді. Біздің студенттер аталған қоғамның жұмыстарының бел ортасында жүрді. Ақтөбеде қазақ мектептері мен қазақ балабақшаларының ашылуына алғашқы түлектеріміз де үлес қосты. Олар үй-үйді аралап, ата-аналармен сөйлескен болатын, – дейді кафедра меңгерушісі.

Бастапқыда құрылған кафедра «Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы» деп аталыпты.

Алғашқы кадрлары: Абат Пангереев, Серік Бермағанбетов, Нұрдәулет Алдашев,  Жанна Тектіғұлова, Несібелі Құрманова. Сол кезде педагогика кафедрасында қызмет жасап жүрген Жәния Нұржанова қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметіне шақырылыпты. 1990 жылы кафедра екіге: қазақ тілі және қазақ әдебиеті кафедралары болып бөлінген. Сол жылы философия кафедрасында жұмыс істеп жүрген Әдебиет Молдаханов әдебиет кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етті. Кафедраның құрамында Абат Пангереев, Серік Бермағанбетов, Ақмоншақ Тілеуова, Басқар Әлиев, Ғайша Ниязова болды. Ал  Жәния Нұржанова басқарған қазақ тілі кафедрасында Нұрдәулет Алдашев, Сабыржан Мұхтаров, Жанна Тектіғұлова, Несібелі Құрманова жұмыс істеді.

Қазақ тілі мен  әдебиеті мамандығынан кейін көп ұзамай орыс  мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы ашылыпты. Бастапқыда бұл мамандықтар  шетел тілдері факультетінің құрамында болған. Онда Абат Шамұлы факультет деканының орынбасары қызметін атқарыпты. Мамандықтың шетел тілдері факультетінің құрамында болуының себебі туралы А. Пангереев былай дейді:

–  «Орыс филологиясына қоссақ, көлеңкесінде қалып қоясыңдар. Ал мамандық шетел тілдерінің құрамында болса, дамуына кедергілер болмайды. Кейін бөлініп кету үшін де осы факультет ыңғайлы» деп басшылық ұйғарым жасады. Сөйтіп, факультет қазақ және шетел тілдері факультеті деп аталды. Екі жылдан кейін, яғни 1991 жылы қазақ филологиясы факультеті болып бөлініп шықтық.

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы ашылғаннан кейін академик Рабиға Сыздықова лекция оқыды. Сонымен қатар әр жылдары елімізге белгілі ғалымдар Мекемтас Мырзахметов, Зейнолла Қабдолов, Сейіт Қасқабасов, Бердібай Рахманқұл, Жұмағали Смағұлов, Тұрсынбек Кәкішев, Серік Негимов, Әбдуәли Хайдаров, Сапарғали Омарбеков, Әрсен Ибатов, Мырзатай Серғалиев, Бақытжан Хасанов, Бабаш Әбілқасымов, Асқар Жұбанов, Нұржамал Оралбаева, Фаузия Оразбаевалар да студенттерге дәріс берді.

1990 жылы педагогикалық институтқа Құдайберген Жұбановтың есімі берілді. Ал   1991 жылы  Мұхтар Арын  Есет Құдайбергенұлын жұмысқа шақырды. Мен де Есет ағаның келуіне себепшілердің бірі болдым. Факультеттің деканы ретінде өтініш білдіріп,  қайта-қайта хабарластым. Факультет жұмысының жандануына Есет ағаның  еңбегі көп болды. Ол кісі  қазақ тілінен де, әдебиеттен де жастарға, оқытушыларға жан-жақты түсіндіріп, кеңес беретін. Есет аға Ақтөбеге келгеннен кейін ғылым докторлығын қорғап, профессор атағын алды. Ғылыми ортаны қалыптастырды. Қазақ тілінен Есет Жұбанов, әдебиеттен Әдебиет Молдаханов ғылыми басшылық жасады (Әдебиет Молдаханов әлі сол ғылыми басшылығын  жалғасытырып жатыр. «Абайтану» зертханасының меңгерушісі). «Жұбановтану» зертханасы ашылып, Есет аға соның меңгерушісі болды. 4 адам кандидаттық, 1 адам докторлық диссертация қорғады. Қазір Есет Жұбановтың жұмысын қызы Ардақ Жұбанова жалғастырып жатыр, – дейді А. Шамұлы.

Университет құрылғаннан кейін практикалық қазақ тілі кафедрасы ашылыпты. Абат Пангереев, әсіресе, «Басқа ұлт мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына сұраныс көп болғандығын айтады. Тіпті, Ресей елінің жастары да білім алған.

Филология факультетінде құжаттану мамандығы бойынша да мамандар даярланды. Былтыр бұл мамандықтың соңғы түлектері бітіріпті. Қазір аталған мамандықтың атауы өзгеріп, басқа мән алып, экономика факультетінің жанынан ашылды.

«Журналистер де біздің түлектер»

Филология факультетінің жанынан ашылған мамандықтардың бірі – журналистика. Бұл мамандықтың ашылғанына биыл 11, ал журналистика кафедрасына 10 жыл болды. Абат Шамұлы осы кафедраның меңгерушісі болып қызмет істеді.

Журналистиканың қыр-сырын үйретуде теориямен қатар практиканың маңызы ерекше. Сондықтан БАҚ саласында қызмет етіп жүрген бір топ журналисті жұмысқа шақырдық. Олардың арасында Идош Асқар, Аманғали Сәтер, Әмір Оралбай, Гүлнар Қараша, Баян Сәрсембина, Сәтжан Дәрібай, Құралай Қуатова бар.

Биыл орыс бөлімінің соңғы тобы бітіріп жатыр. Қазақ бөлімінің соңғы тобы былтыр бітірді. Облыстағы журналистердің біразы – біздің оқу орнының түлектері.

Журналистика мамандығын ашқанда телезертхана құрдық. Зертхана заман талабына сай жабдықталған. Онда студенттер сюжет дайындайтын. Зертхана әлі де бар. Жастардың білімін жетілдіруде «Толқын» радиосының да көмегі көп болды. Радиода студенттер түрлі хабарлар дайындайтын. Қаламақы алды. Сонымен қатар «Ақтөбе университеті» газетінің «Ақ қалам» қосымшасын да журналистика мамандығында оқитын студенттер шығарды, – дейді кафедра меңгерушісі.

Қазір журналистика мамандығы бойынша талапкерлерді қабылдау уақытша тоқтатылыпты. Себебі журналистика бойынша ғылыми атағы бар оқытушылар жоқ екен. Абат Шамұлы маман даярлауға лицензия бар екендігін, егер журналистика саласынан ғылыми атағы бар маман жұмысқа келсе, мамандық қайтадан ашылатындығын айтады.

Саяси маңызды мамандық

Қазақ тілін дамытудың, сақтаудың бір шарасы – осы саланың мамандарын даярлау. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының осындай саяси стратегиялық маңызы бар.

Қазір бұрынғы қазақ тілі, орыс тілі, тарих мамандықтары бір: тарих-филология факультеті деп аталады. Факультеттің атауы мамандықтың дамуына, мамандар даярлауға, жастардың білім алуына кедергі болмайды. Факультет мамандықтардың басын біріктіріп тұрғанмен, мамандарды даярлайтын – кафедралар. Екі мамандық (филология және қазақ тілі мен әдебиеті) бойынша маман даярлаймыз. Филология мамандығын бітіргендердің жоғары оқу орындарында оқытушы болып жұмыс істеуіне мүмкіндік бар. Сонымен қатар ғылыми мекемелерде ғылыми қызметкер болып жұмыс істей алады. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы мектепке маман даярлайды, – дейді А. Пангереев.

Филология және қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтары бойынша күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінде 278 студент білім алуда. Қазақ әдебиеті бойынша магистратура бар. Алғашқы магистранттар университетте оқытушы болып жұмыс жасап жатыр. Екі кафедрада 11 ғылым кандидаты, 3 ғылым докторы, 4 профессор бар екен.

Студенттердің оқу үлгерімі жақсы. Мақтанышымызға айналған жастар да аз емес.  2007 жылы Астанада өткен «Қазақстан жастары конгресіне» Анар Абдулина қатысып, 3 мың жастың ішінен «Ең үздік студент» номинациясын иеленді. Сонымен қатар Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың Алғыс хатын алды. Қазір Анар магистратурада оқып жатыр. Біздің мамандық бойынша дәріс алып жатқан 4 студент облыс әкімі Елеусін  Сағындықовтың грантына ие болды.

Менің ойымша, университет тарихында болған үш ректордың үшеуі де дер кезінде болған ректорлар. Кенжеғали Кенжебаевтың университетті басқаруы нарықтық заманмен тұспа-тұс келді. Осы кезеңге шын мәнінде сөздің емес, істің адамы керек еді. Нарықтық қатынастар оңай емес. Университеттің материалдық базасын күшейту, спорт кешенін, Жастар сарайын, үлкен аудиториялар салу, оларды заман талабына сай жабдықтап, техникалар алу, кітапхананы оқулықтармен байытуда Кенжеғали Кенжебаевтың еңбегі ерекше. Оқытушылардың ғылыммен айналысуына, ғылыми атақты қорғауына жол ашуда да университет ректорының үлесі зор. Осы кісінің арқасында қазір

Қ.  Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті Батыс Қазақстандағы ірі оқу орындарының біріне айналды. Оқу орны педагогикалық институттан бөлінбей тұрғанда 17 мыңға жуық студент болған еді. Қазір  студенттердің саны – 12 мыңға жуық.

20 жылдықты атап өту жалпы жоспарда бар. БАҚ үн қосса, облыстық тіл басқармасы қолдау білдірсе,  өте жақсы болар еді, – дейді Абат Пангереев.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button