Денсаулық

Ревакцинация жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Жұма күні қалалық №3 емханада болып, COVID-19-ға қарсы қайта екпе салдырып жатқан тұрғындармен тілдесіп қайтқан едік.

Облыс орталығының 12-шағын ауданында орналасқан қалалық емханада 55 300 адам тіркелген. Аталған медициналық мекемеде ревакцинация жұмыстары өткен жылдың қараша айында басталыпты. Емхананың бас дәрігері Жәнібек Нармұхамедовтің айтуынша, емханада тіркеуде тұрған 7 мыңнан астам тұрғын ревакцинациядан өтуге тиіс. Бүгінгі күнге дейін азаматтардың 32 пайызы екпенің үшінші дозасын алған. Бас дәрігер емханада екпенің барлық түріне қолжетімді екенін айтады.

Мұнда «Pfizer» вакцинасын балалар, жүкті және бала емізетін әйелдерден бөлек, жасы 60-тан асқан тұрғындар мен медицина қызметкерлері де ала алады.

Ақтөбелік Кеңес Сейітқалиев емханаға өз еркімен екпенің үшінші компонентін салдыруға келіпті. 71 жастағы қария екпе індетті алдын алудың бірден-бір жолы екенін айтады.

Өткен жылы пневмония болып ауырдым. Жазылған соң бірден екпе салдырдым. «Спутниктің» екі компонентін де алдым. Соның пайдасы деп білемін, одан кейін ауырмадым. Жалпы, бала кезімізден түрлі ауруларға қарсы екпелерді салдырып жүрміз ғой. Сондықтан екпе салдырудан қашпау керек, — дейді зейнеткер.

Дәрігер Кеңес Сейітқалиевтің алдымен қызуын, қан қысымын, сатурациясын тексерді. Кейін оған «Pfizer» екпесін салды. Зейнеткер вакцинациядан кейін 30 минут дәрігердің бақылауында болды.

Дәл осы күні ревакцинациядан өткендердің бірі — Айдана Хаипова. Науқастармен тікелей жұмыс жасайтын емхананың мейірбикесі де «Pfizer» екпесін салдырды.

— Отбасымызда екпені алғашқылардың бірі болып салдырдым. Өйткені біз науқастармен тікелей жұмыс жасаймыз. Үйдегілер вакцинаның пайдасына көздерін жеткізген соң барып салдырды. Өз денсаулығымыз үшін, болашағымыз үшін екпенің үшінші дозасын алып жатырмын, — дейді ол.

Облыстағы мұғалімдер де екпенің үшінші дозасын алып жатыр. Мәселен, қаладағы №56 орта мектеп ұжымының 75 пайызы ревакцинациядан өткен. 20 қаңтар күні ұжымдағы 12 мұғалім қайта екпе салдырды. Ал аталған мектептегі 20 оқушы ата-аналарының келісімдері бойынша «Pfizer» екпесін салдырыпты. Мектеп директоры Гүлдария Әбдіғалиева екпе салдырғандардың дені жоғары сынып оқушылары екенін айтты.

Айта кетейік, қаладағы №56 мектеп те үшінші тоқсанды аралас форматта бастаған білім ордаларының бірі. Бүгінгі таңда мұндағы 1965 оқушының 1100-і сабақты екі ауысым  бойынша дәстүрлі форматта оқып жатса, қалған балалар қашықтан білім алып жатыр.

Мектеп барлық санитарлық талаптарға сай жұмыс жасап тұр. Оқушылардың қызуы мектепке кірер алдында және мектептен шығар кезде үнемі тексеріліп отырады. Келген адамның міндетті түрде «Ashyq» қосымшасы арқылы мәртебесі тексеріледі. Сондай-ақ әр кабинетте міндетті түрде залалсыздандыру, кварцтау жұмыстары жүргізіледі.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button