Жаңалықтар

Кәсіпорын жұмысшыларының  жалақысы көбейеді

«Кәсіпорындар да еңбек жанжалдарының алдын алу». Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде осындай тақырыпта брифинг өтті. Шараға облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Әбдухат Мырзалин қатысты.

— 5-18 қаңтарда облыстағы ірі өнеркәсіп нысандарындағы жекелеген еңбек ұжымдары жалақыларына көңілдері толмайтындығын білдірді. 5 қаңтар күні «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының филиалдары, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Дөң» тау-кенбайыту комбинаты, сондай-ақ «Ақтөбе мыс компаниясы» және «Коппер Технолоджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жекелеген қызметкерлері (әсіресе демалушы ауысым) маңғыстаулықтарға қолдау білдіріп, рұқсат етілмеген жиын ұйымдастырып, өндірісті тоқтатуға әрекет жасады.  Мысалы, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» акционерлік қоғамында бірнеше күн бойы жұмыс тоқтап қалды. Ірі өндіріс орындарындағы жұмыс кенеттен тоқтап қалғанда мұның кесірінен түрлі апаттық жағдай болуы мүмкін.

Жұмысшылар жалақыны 100 пайызға арттыру, зейнеткерлік жасты төмендету, еңбек құқықтарын сақтау бойынша талап қойды

ERG компаниялар тобының вице-президентімен бірлесіп, шұғыл түрде қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары жүрізілді. Бұл шараға еңбек инспекциясының өкілдері де қатысты, — дейді Әбдухат Мырзалин.

Оның айтуынша, кәсіпорын басшылығы еңбекақысы төмен санаттағы қызметкерлердің жалақысын 2 кезеңде арттыруды ұсынған. Келіссөздер қорытындысы бойынша қызметкерлер жұмыстарына кіріскен.

Жоғарыда аталған кәсіпорындардың жұмыс берушілерімен жалақыны арттырудың сараланған әдістемелері қолданылды. Сондай-ақ еңбекақы төлеу қорын арттырудың схемасы ұсынылды. Жалақысы 100 мың теңгеге дейінгі қызметкерлердің еңбекақысының өсімі — 50 пайыз, 100-ден 200 мың теңгеге дейін — 35 пайыз, 200-ден 350 мың теңгеге дейін — 30 пайыз, 350 мың теңгеден жоғарыларға 20 пайыз қосылады, — дейді басқарма басшысы.

Нәтижесінде, «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының филиалдары, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Дөң» тау-кен байыту комбинаты, сондай-ақ «Ақтөбе мыс компаниясы» және «Коппер Технолоджи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жекелеген қызметкерлері ұсынылған шарттармен келісіп, жұмысқа кірісті. Кәсіпорындардың жұмысы қалпына келтірілді.

Қаңтардың 5-і күні «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының Жаңажол және Кеңқияқ кен орындарындағы қызметкерлері де жұмыс орындарынан кетіп, жалақыны арттыру бойынша талаптар қойған. Кен орнындағы жағдайды реттеуге облыстық еңбек инспекциясының басшысы барған. Сондай-ақ Мұғалжар ауданы әкімдігі, кәсіподақ және кәсіпорын басшылығы өкілдері де кәсіпорын қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті.

Қаңтардың 6-сы күні бірқатар өндірістік мәселелерді шешу және қызметкерлердің еңбекақысын арттыру туралы келісім жасалды. Нәтижесінде, қызметкерлер жұмысқа кірісті, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, қаңтардың 5-і күні «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» акционерлік қоғамының қызметкерлері де өз талаптарын қойған. Кәсіпорын басшысы А.Химичжұмысшылармен бірнеше рет жиын өткізген. Соның қорытындысында, қаңтардың 8-інен бастап жұмысшылар жұмысқа кіріскен.

Ә.Мырзалиннің айтуынша, жақында облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен өткен жиында мұнай, тау-кен және химия салалары кәсіпорындарындағы жалақыны арттыру мәселесі қаралған.

Шараға «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС,  «Коппер Технолоджи» ЖШС, «КНЛК Интернэшл Қазақстан ИНК» ЖШС филиалы, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «АЗХС» АҚ, «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В.» ҚКҚ филиалы, «Ада Ойл Қазақстан» ЖШС және «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС өкілдері қатысқан.

Жиын қорытындысында аталған кәсіпорындардың басшылары жалақы қорын 31 қаңтарға дейін арттыру бойынша міндеттеме алды.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директоры Вэй Юйсян жалақы қорын кем дегенде 20 пайыздан 50 пайызға дейін арттыруға міндеттелді.

Өткен жылы желтоқсан айында «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» акционерлік қоғамында қызметкерлердің жалақысы 10 пайызға артқан болатын. Қазір жалақы қорын 15 пайызға арттыру туралы алдын ала келісім жасалды. Дегенмен бұл кәсіпорында кейбір мәселелер шешілген жоқ. Келіссөздер нәтижесінде тараптар осы мәселені 25 қаңтарға дейін шешу туралы келісімге келді.

Сондай-ақ «КНЛК Интернэшл Қазақстан ИНК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ақтөбе филиалы еңбекақыны 50 пайызға арттыратын болады, — деді Ә.Мырзалин.

Былтыр өндірісте 107 адам жарақат алған. Бұл алдындағы жылмен салыстырғанда 37,1 пайызға көп. Мысалы, 2020 жылы 78 адам өндіріс орында зардап шеккен. Өткен жылы өндірісте жарақат алып, қайтыс болғандардың саны 56,2 пайызға өскен. 2020 жылы 16 адам көз жұмса, 2021 жылы 25 адам қайтыс болды.

Айта кету керек, былтырдан бері өндірісте қайтыс болғандардың есебінежол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер де кіреді. Былтыр өндірісте көз жұмған 25 адамның 12-сі жол апатының салдарынан қайтыс болған.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button