Жаңалықтар

Тұрғындар ревакцинациядан өтіп жатыр

Ақтөбе қаласындағы №1 емханада жасы 60-тан асқан тұрғындар мен медицина қызметкерлері ревакцинациядан өтіп жатыр. Бүгінге дейін бұл мекемеде 22 қызметкер және 23 зейнеткер «Pfizer» вакцинасын салдырған.

Солардың бірі — қала тұрғыны Николай Капустин. Ол биыл 71 жасқа толыпты. Денсаулығына алаңдайтын қария бұл жолы ревакцинациядан өтіп, «Sinovac» екпесін салдырды. Қазір қарияның жағдайы бірқалыпты.

—  Бүгін вакцинаның үшінші кезеңін алдым. Жағдайым жақсы. Бұған дейін жаз айларында вакцинаның екі компонентін алғанмын. Үйде балаларым да екпе алды. Пандемия кезінде тұмаумен, коронавируспен ауырған жоқпыз. Денсаулығым жақсы, ешқандай шағымым жоқ, — дейді қария.

Емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Гүлнар Қожахметованың айтуынша, бұл емханаға қала бойынша 67 мың тұрғын тіркелген. Медициналық мекемеде өткен жылдың 11 қарашасынан бастап 3 кезең, яғни ревакцинациялау жүріп жатыр. Бүгінгі күні емхана қорында «Sinovac», «Qaz Vac», «Pfizer» екпелері бар.

— Қазіргі таңда ревакцинациядан медицина қызметкерлері мен жасы алпыстан жоғары тұрғындар өтіп жатыр. Бүгінге дейін тұрғындардан ешқандай шағым түскен жоқ. Жалпы, бұған дейін «Pfizer» екпесін 265 адам алған болатын. Олардың қатарында жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер бар. Жоспар бойынша ревакцинациядан тұрғындардың 60 пайызы өтуге тиіс, — дейді дәрігер.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button