Жаңалықтар

Діни тұрақтылық — қауіпсіздік кепілі

Брифинг

Облыста діни тұрақтылықты сақтау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып келеді. Халық арасында деструктивті діни ағымдарды болдырмау үшін облыс аудандарында да арнайы орталықтар жұмыс істеп тұр.

Бұл туралы облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев «Өңірдегі діни ахуал» тақырыбында өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Жалпы, облыстық дін істері басқармасы үш бағытта жұмыс атқарып келеді. Әлімбек Тұралиев оларға кеңінен тоқталып, қандай мемлекеттік қызметтер көрсетіліп жатқанын айтты.

— Жыл басында елімізде болған келеңсіз жағдайларға байланысты Мемлекет басшысы мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Оның ішінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, сыбайластыққа жол бермеу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жолға қойылды.

Жалпы, дін істері басқармасы бұл жұмысты жүйелендіру мақсатында үш бағытта жұмыс атқаруда. Соның бірі —  халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Қазір облыста 14 ақпараттық топ түсіндіру жұмыстарымен айналысады. Оның құрамында 240 адам бар. Мұндағы мақсат — халық арасында деструктивті діни ағымның алдын алу.

Былтыр осы бағытта 76 мыңнан астам адамды қамтыған 2 мыңға жуық шара ұйымдастырылды, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында насихат жұмыстары жүргізілуде. Былтыр жастар арасында теріс діни ағымның алдын алу үшін 18 мыңға жуық әртүрлі форматтағы материал жарияланған. Сондай-ақ облыста әлеуметтік желілерде діни бағытта 51 аккаунт жұмыс жасайды. Оның көпшілігі фейсбук, инстаграм желілерінде.

Қазір облыста 92 діни бірлестік тіркелген. Оның 67-сі ислам бағытында жұмыс істейді. 2 католиктік, 9 православтық, 13 протестанттық және 1 кришна бірлестігі бар. Сонымен қатар облыста «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы,  Ақтөбе қаласында Діндерді зерттеу орталығы жұмыс жасайды. Одан бөлек діни ахуал күрделі саналатын Алға, Мұғалжар, Темір, Шалқар, Хромтау аудандарында арнайы орталықтар ашылған.

— Былтыр үгіт-насихат, кездесу жұмыстарының нәтижесінде 230 азамат дәстүрлі дінге оралды.

Қазір мешіт салу жұмысына ерекше назар аударылып жатыр. Бүгінде облыс бойынша 8 мешіттің құрылысы жүруде. Оның 4-уі — Ақтөбе қаласында, қалғаны — облыс аудандарында.

Сондай-ақ діни оқу құралдарын сататын 16 орын анықталды.  Діни әдебиеттер міндетті түрде арнайы діни орталықтарға сараптамаға жіберіледі.

Мұның барлығы еліміздегі діни тұрақтылықты қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатыр, — Әлімбек Тұралиев.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button