Басты жаңалықтарДенсаулық

Абайлаңыз, «омикрон»!

Әлемде коронавирустың «омикрон» штамы тіркелген кезден бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл штамның тез таралатыны туралы хабарлап, дабыл қаққаны белгілі. Бүгінде жаңа штамм әлемнің 120-дан астам еліне тарап үлгерген. Ал Қазақстанда «омикрон» штамы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тіркелді. Әзірге бұл штамм біздің облыста тіркелген жоқ.

Әлемдегі ахуал қандай?

Соңғы деректерге сүйенсек, әлем бойынша COVID-19 инфекциясын 300 миллионнан астамы жұқтырып, 5 миллионнан астам адам көз жұмған. Мамандар соңғы екі аптада дүниежүзінде эпидемиологиялық ахуалдың ушығуы «омикрон» штамымен тікелей байланысты екенін айтады. Мәселен, Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавирус инфекциясының 310 миллионнан астам жағдайы тіркелген. Тек соңғы 20 күннің ішінде науқастар саны 276 миллионнан 310 миллионға дейін артқан.

2021 жылдың 22 желтоқсанындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде күніне 500 мың жаңа жағдай тіркелген. Бұл қарқын сақталған жағдайда 20 күн ішінде науқастар саны әрі кеткенде 10 миллион адамға ғана көбеюі керек еді. Алайда 20 күнде өсім 34 миллионға жеткен. Бұл әлемде жаңа штамның тез, жылдам таралуынан болып отыр. «Омикрон» штамы соңғы аптада АҚШ, Үндістан және Бразилияда көп тіркелуде. Одан кейінгі орындарда Ұлыбритания, Франция және Ресей елдері тұр. Дегенмен ғалымдар бұл штамнан «дельта» штамына қарағанда өлім-жітім көрсеткіші аз болатындығын анықтаған. Бірақ оның таралу қарқыны «дельта» штамынан әлдеқайда жоғары.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус «омикрон» штамының таралуын цунамиге теңеді. Мәселен, соңғы апталарда Үндістандағы эпидемиологиялық ахуалдың ушыққаны сонша, бұл елде пандемияның үшінші толқыны басталған. Бұл елде осы вирустан қайтыс болғандардың ресми саны 480 мыңнан асты. Ал жалпы 35 миллионнан астам жағдай тіркелген. Ал Қытайдың Тяньцзинь портында бірнеше адамнан коронавирус анықталып, оның ішінде екі адамнан «омикрон» штамы шығуына байланысты 14 миллион тұрғыннан сынама алынып, тексерілуде. Еуропа елдері «омикрон» штамынан қорғану үшін вакцинация және ревакцинация науқандарын жеделдетіп, алдын алу шараларын күшейтіп жатыр. Ал Франция, Испания және Италияда аурушаңдықтың тез өсуі байқалады. Әсіресе Францияда вирус жұқтырғандар өте көп тіркеліп отыр.

Еліміздің үш өңірінде індет көп тіркелді

Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалға келсек, соңғы аптада COVID-19 инфекциясын жұқтыру дерегі 19,6 есеге артқан. Бүгінде тәуліктік сырқаттану деректерінің көп бөлігі Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды облысында тіркеліп отыр.

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.

«Елімізде COVID-19 инфекциясымен тәуліктік сырқаттану көрсеткішінің 60 пайыздан астамы үш аймақта тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласында ауру 32 есе өсіп, тәулігіне 10 мыңнан астам тест жүргізіліп отыр. Бірақ бас қалада халықты вакциналау қарқыны 1,5 есеге және ревакцинация қарқыны 4 есеге төмен», — деді министр.

Оның айтуынша, Алматы қаласында SARS-CoV2 ауруын жұқтырғандар саны 8 есеге артқан. Ал вакцинация қарқыны 1,6 есеге және ревакцинация қарқыны 3 есеге төмендеп отыр.

«Қарағанды облысында сырқаттану көрсеткіші 9 есеге өсті, ал вакцинация — 3,  ревакцинация қарқыны 3,5 есеге төмендеді. Өткен аптаның соңында Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органдары басшылығының қатысуымен ауру өсіміне байланысты қабылданатын шаралар бойынша республикалық штаб өткізіліп, ұсыным берілді. Әрбір өңірмен жұмыс жалғасады», — деді министр.

Жалпы республика бойынша қазіргі таңда Түркістан облысынан басқа өңірлердің барлығы «қызыл» аймақтар қатарында тұр. Бұл тізімге Ақтөбе облысы 13 қаңтарда енді. Бүгінде облыста әр тәулік сайын 300-ге жуық адам коронавирус жұқтырып отыр.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Бүгінгі күні Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпенің 1-компонентімен 9,5 млн-нан астам адам егілген. Екінші компонентті 8,8 млн-нан астам адам салдырған. Республика бойынша ревакцинация көрсеткіші 26,8 пайыз.

Ал Ақтөбе облысында 380 мың адам екпенің 1-компонентін, 365 мың адам 2-компонентін алған. 39 мыңға жуық тұрғын ревакцинациядан өткен. Қазіргі таңда өңірде «Pfizer» екпесін 60 жастан асқан тұрғындар мен медицина қызметкерлері алып жатыр. Жалпы облыс бойынша «Pfizer» вакцинасын 8376 адам салдырған. 

«Омикрон» штамы қаншалықты қауіпті?

Бұл сауалға облыстың штаттан тыс бас инфекционисі Мейрамбек Құрманғазин жауап берді:

— Өздеріңізге белгілі, қаңтар айының басында облыстағы инфекциялық стационарда бірді-екілі ғана науқастар болды. Қазір науқастар саны күннен-күнге көбейіп жатыр. Тіпті олардың саны бес-алты есеге өсуде. Өңірде коронавирус инфекциясының көбеюіне байланысты бірқатар шектеулер енгізіліп, «қызыл» аймақтар қатарына ендік.

Облыстағы эпидемиологиялық ахуал әлемдегі, оның ішінде еліміздегі «омикрон» штамының таралуына байланысты күрделеніп отыр. Біздің өңірде бұл штамм тіркелмегенімен, ауру жұқтырғандардың арасында осы штамның клиникалық белгілері байқалуда. Бұл жерде мынаны ескеруіміз керек: Біздің облыстан елордадағы ұлттық зертханаға жіберілетін арнайы сынамалар тек бірнеше науқастан ғана іріктеліп алынады. Сондықтан ресми түрде жаңа штамның тіркелуі — бұл уақыттың еншісіндегі нәрсе.

Ал жаңа штамға келсек, оның қазіргі кезде басты клиникалық белгісі — бас ауруы, әлсіздіктің пайда болуы. «Омикронның» белгілері бір жағынан жедел респираторлы вирустық инфекцияға өте ұқсас. Коронавирустың бұл түрін жұқтырған адамда ентігу, ауа жетпеу, иіс, дәм сезбеу сияқты белгілер бір-екі күннің ішінде пайда болмайды. Бір сөзбен айтқанда, «омикронның» инкубациялық кезеңі өте қысқа.

«Омикрон» штамының 120-дан астам елде тез таралуы осылайша оның жоғары жұқпалы екендігін көрсетеді. Тек бұл штамның бұрынғыдан бір ерекшелігі, инфекция кезінде осал топтар арасында ауыр жағдайлар жиі кездеседі. Олар: егде жастағы науқастар, созылмалы аурулары бар адамдар. Сондықтан қарт кісілер, созылмалы аурулары бар тұрғындар мейлінше үйден шықпай, сақтанғаны дұрыс. Емханаға бармай, дәрігерді үйге шақыруы керек.

Бас инфекционистің айтуынша, қазіргі таңда ең бірінші қауіп вакцина алмаған адамдарға төнеді. Себебі вакцина коронавирустан барынша қорғайды, өлім-жітімнің болмауына әсер етеді. Бірқатар ішкі ағзалар зақымдануы мүмкін, дегенмен жаңа штамм жеңіл өтеді.

— Бізде қазір вакциналар бар. Олар жаңа штамға да төтеп бере алады. Мәселен, қазақстандық «ҚазВак» вакцинасы осыған дейін «дельта» штамына қарсы тұра алды. Ең бастысы, тұрғындар өз денсаулығын ойлап, екпе алуы керек, ал екі компонентті алғандар ревакцинациядан өтуге тиіс. Сонда ғана біз бұл штамға қарсы тұра аламыз. Жалпы, бұл бағытта облыс тұрғындарының 75 пайызы екпе алғаны абзал. Сонда ұжымдық иммунитет пайда болады. Бұл науқастар санының азайып, өлім-жітімнің болмауына оң ықпал етеді, — дейді ол.

Маман тұрғындарды әр кез бетперде тағып жүруге, әлеуметтік қашықтықты сақтауға, ауру белгілері байқалса, дереу дәрігерге баруға кеңес береді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button