Басты жаңалықтар

«ӨКМ операторы» өз жұмысын тоқтатты

Енді көлік бағасы арзандай ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында Үкіметке «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның утильдік алым жинау мен пайдалануын тоқтату бойынша іс-шаралар қабылдауды, сондай-ақ бірнеше жылдан бері қоғамда қызу талқыға түскен утиль алымының ставкаларын қайта қарауды тапсырған болатын.

— Отандық автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға утильдік алым есебінен ваучер беру мəселесін қарастырған жөн. Осы жəне өзге де утильдік алым қаражатын қоғамға пайдамен жарату тəсілдерін қарастырыңыздар, — деген еді Мемлекет басшысы.

Күні кеше, 18 қаңтар күні Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Үкімет «Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кейбір мәселелері туралы» Қаулы қабылдады.

Құжатқа сәйкес «Жасыл даму» АҚ мемлекеттік ұйымы өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып айқындалды. «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның утилизациялық алымды әкімшілендіру және тиісті қаражаттарды басқару шеңберіндегі қызметі тоқтатылды. Утилизациялық алым қаражаты есебінен құрылған активтер мемлекет меншігіне берілді. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін әкімшілендіру функцияларын мемлекеттік ұйым — «Жасыл даму» АҚ орындайтын болды.

Қоғамда болып жатқан жаңалықтан біз де айналып өтпедік. Мамандардан елдегі утильдік алым ставкасын сұрап білдік, болжамын тыңдадық. Бұрын Еуропа елдерінен көлік әкелген, сондай-ақ бүгінгі таңда да шетелден көлік әкеліп сатып жүрген азаматтармен тілдестік. Сонымен…

Утильдік алым деген не және оны не үшін төлейді?

Утилизациялық алым — белгілі бір тауарды утилизациядан өткізу үшін, яғни зиянды қалдықтарды жою үшін тауарды импорттаушылар мен сатып алушылар тарапынан төленетін біржолғы төлем. Салықтың бір түрі. Экологияны қорғау үшін алынатын алым елімізде 2016 жылы енгізілген. Бір айта кетерлігі, утильдік төлем тек көлікке салынбайды. Утилизациялық төлемді пайдаланудың мақсатты бағыттары Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 285-2-бабында көрсетілген.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ақтөбе облысы бойынша филиалы мамандандырылған бөлім басшысының орынбасары Талғат Айтмурза елімізде утильдік алым 1 кубқа дейінгі машиналар үшін 459 450 теңге, ал 3 кубтан жоғары көліктер үшін 3 522 450 теңге екенін айтты.

— Кәдеге жаратудың негізгі мөлшерлемесі көліктің жылына қатысты емес, қозғалтқыштың жұмыс көлеміне байланысты есептеледі. Жоғарыда айтқанымдай, 1 кубқа дейінгі машиналар үшін 459 450 теңге болса, 1 кубтан 2 кубқа дейінгі автокөліктер үшін 1072050 теңге. Ал 2 кубтан жоғары, 3 кубқа дейінгі автокөліктер үшін утильдік алым сомасы — 1531500 теңге. 3 кубтан жоғары көлік иелері 3522450 теңге төлейді. Ал жүк көліктеріне қатысты алым басқаша есептеледі. Утильдік алымға қатысты көптеген шағымдарды естіп жүрміз. Утилизациялық алым мөлшерін «ӨКМ Операторы» ЖШС бекітеді. Және ол жыл сайын айлық есептік көрсеткіш көлеміне қарай өзгеріп отырады, — деді ол.

Бөлім басшысынан шетелден келген көлікті тіркеуге қою үшін қандай алымдар төленетінін сұрадық.

— Егер көлік Еуропа елдерінен келген болса, алдыменкедендік рәсімдеуден өтеді. Содан соң утильдік және көлікті алғашқы есепке қою алымдарын төлейді. Ал көлікті көршілес Ресейден әкелген жағдайда сол елден тіркеуден шығарып, келісімшарт жасап алып келеді. Кейін жоғарыда айтқан утильдік және көлікті алғашқы есепке қою алымдарын төлейді. Осы ретте Армения елінен әкелінген көліктерге қатысты айтар болсақ, 2020 жылдың 1 ақпанына дейін кірген көліктерді ғана тіркеуге алып, сары нөмір береміз. Ал одан кейін келген көліктер есепке алынбайды, — деді Талғат Айтмурза.

Жоғарыда айтқан алымдардан басқа елімізде тағы да екі алым түрі бар. Оның бірі — еуростандарт сертификаты. Яғни сіздің тізгіндеп келген көлігіңіз еуростандартқа сай келуі керек. Сол үшін сертификат аласыз. Ал бесінші алым — көлікке нөмір сатып алатын кезде төленеді.

Алым азайғанмен, көлік арзандай ма?

Президент утиль алымы ставкаларын қайта қарауды тапсырғалы бері көпшіліктің көкейінде осы сұрақ жүр. Бірақ әзірге ешкімде нақты жауап жоқ. Тек болжам ғана бар. Автокөліктің қыр-сырын жетік меңгеріп, былайша айтқанда «жілігін шағып, майын ішкендер» көлік бағасы айтарлықтай арзандай қоймайтынын айтады, десе де көлік алып келушілердің қалтасы бұрынғыдай қағылмайтыны анық.

Утильдік алымдарға байланысты көлік тізгіндегендер пікірін білдік. Кезінде Беларусь елінен көлік айдап келген қала тұрғыныҚайырбек Кетебаев утиль алымы енгізілгеннен соң,қарапайым тұрғындар үшін шетелден көлік әкелудің тиімсіз болып қалғанын айтады.

2016 жылға дейін Еуропа елдерінен көлік әкелу тиімді болғаны рас. Сол кезде біраз азамат осы саланы өз кәсібіне айналдырды. Мен де 2012 жылы Беларусь елінен 2007 жылғы «Toyota Camry» маркалы автокөлігін алып келдім. Ал дәл сол сияқты көлік Ақтөбеде 3 мың долларға қымбатқа сатылып жатты.

Елімізде 2016 жылы утиль алымы заңдастырылғаннан кейін қарапайым халық Еуропа елдерінен көлік әкелуді қойды десе де болады. Себебі түрлі кедендік рәсімдеулерге кететін шығындарды айтпағанда утиль алымының өзіне қыруар қаржы төлеп, қалтаға едәуір салмақ түсірді. Көліктің өз бағасына пайда табу үшін қосылатын үстемеақымен бірге осы шығындардың бәрі қосылып  сатылатыны ақиқат. Сосын көлік бағасы шарықтамағанда қайтеді? Ол шығындардың бәрін көлік бағасына қосудан басқа кәсіпкердің амалы да жоқ. Ал мұның бәрі сол утиль алымының көбейіп кетуінің кесірінен болып тұр. Оның салдары еліміздегі  көлікке сұранысты өтеуге де кесірін тигізді.

Утильдік алымның көбеюуінен шетелден әкелінген көлік бағасының қымбаттап кетуі ішкі нарықтағы ескі көліктердің де бағасының «аспандап» кетуіне әсер етті.     

2014-2015 жылдары елде ресейлік көлік нөпірі көбейді. Кейін көлік әкелу талаптары өзгерді. Жуырда Президент халықтың көптен бері «бас ауруына» айналған мәселе — утиль алымына қатысты тапсырмалар берді. Елде утиль алымы арзандаса, қарапайым халыққа Еуропаға есігі қайта ашылатын болады. Ал мұның арқасында басты екі мәселе шешіледі: бірі —  баға тұрақтанады, екіншісі, сұраныс өтеледі,  — деді ол.

Ал шетелден көлік әкеліп сататын ақтөбелік Нұрлан Алдабергенов:

— Расын айту керек, көлік екі есеге қымбаттап кетті. Көрші елдерге қарағанда утильдік алым мөлшерден тыс ең көп елге айналдық. Салыстырып қарасақ, шетелде утильдік алым 100-150 еуро болса, бізде 2-2,5 мың еуро болды. Президент өз мәлімдемесінде «Оператор РОП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын тоқтату туралы Үкіметке тапсырма берді. Мемлекет басшысының утильдік алымдардың қаржысын жеке компанияға емес, мемлекет пайдасына жарату керек дегені біздің ойымызды дөп басты, — дейді. Ол утильдік алымның кесірінен ауыл шаруашылығы техникалары да қымбаттап, шаруаларға қиындық келтіріп отырғанын айтады.

— Президент отандық автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға утильдік алым есебінен жеңілдіктер қарастырған жөн екенін айтып, осы және өзге де утильдік алым қаражатын қоғам пайдасына жарату туралы тапсырма берді. Жалпы,утильдік алым реттелсе, адам үшін де, қоғам үшін де пайдасы зор болар еді. Әсіресе ауыл шаруашылығы техникаларын әкелушілер көбейіп, экономикаға оң әсерін тигізері анық, — дейді ол.

Кезінде көлік сатумен айналысқан кәсіпкерлердің бірі Азамат Қайратов көлік бағасының тек утиль алымға емес, доллар бағамына  да тікелей байланысты екенін айтады.

— Әрине, утиль алымы төмендеген жағдайда сырттан келетін көліктер бағасы сәл де болса арзандауы мүмкін. Бірақ көлік бағасы доллар мен рубль бағамына тікелей байланысты екенін ұмытпаған жөн. Елдегі утилизациялық алым бағасы төмендеп, аталған қаражат ел экологиясын реттеуге жұмсалса, жақсы болар еді, — деп қайырды сөзін.

P.S Соңғы бір аптада отандық БАҚ пен әлеуметтік желілерде айтылып жатқан негізгі тақырып осы — утильдік алымдар. Қарапайым тұрғындар елімізде алымның тым көп екенін, соның салдарынан елдегі көлік бағасы қымбаттап кеткенін айтады. Интернеттегі мәліметтерге сүйенсек, шетелдегі мұндай алымдар көлемі біздің елдегідей шарықтап тұрған жоқ. Мәселен, Жапонияда утиль алымының құны 100 АҚШ долларынан 200 АҚШ долларына дейін барса, Германияда шамамен 100 еуро болады.  Ұлыбританияда 50 еуродан 80 еуроға дейін. Ал АҚШ-та шағын көліктердің утильдік алымы —100-200 доллар көлемінде.

Сарапшы, автожурналист Олжас Оқас отандық арналардың біріне берген сұхбатында алым сомасын қайта реттеу кезінде өте мұқият болу керектігін айтыпты.

— Оны тым төмендетіп жіберсең, бүкіл ақша Армения, Грузия, Ресей сияқты мемлекетке кетеді. Тым қымбаттатып жіберсең, тағы да шу болады. Сондықтан ортасын табу керек деп есептеймін. Ал өз ұсынысым — болашақта утилизациялық алым ұсынысын, көліктің қозғалтқыш көлеміне және айлық есептік көрсеткішке байламау керек, — деп пікір білдірген.

Ал ақтөбелік жүргізушілер алым ставкасы төмендесе, көлік бағасының да арзандайтынына сенеді. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл әзірше тек азаматтық қоғамның болжамы ғана. Қалай десек те, қоғам үшін көптен күткен жағымды жаңалық болды бұл.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button