Әлеумет

Зейнетақы мен жәрдемақы өсті

1 қаңтардан бастап елімізде «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейі — 36018 теңге,

айлық есептік көрсеткіш — 3063 теңге, ал ең төменгі жалақы 60 мың теңге болып белгіленді. Осыған байланысты зейнетақы 7 пайызға, ал базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы 5 пайызға артты.

Бұл туралы бізге Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті №2 зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Жаңыл Аймұхамбетова кеңірек түсіндіріп берді.

— 1 қаңтардан бастап еліміздегі зейнеткерлердің зейнетақысы көбейді. Бүгінгі таңда облыс бойынша қаңтар айының жаңа мөлшердегі зейнетақысымен әлеуметтік төлемдері иелерінің қолына тиіп үлгерді.Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 18524 теңгеден 19 450 теңгеге көбейіп, жасына байланысты ең төменгі зейнетақы 46 302 теңгеге жетті. Ал базалық зейнетақыны қоса есептегенде зейнетақының ең төменгі мөлшері  65752 теңге болды, — дейді бөлім басшысы.

Сондай-ақ ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің ұлғаюына байланысты мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы және мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы және күтімді жүзеге асыратын адамға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері де артқан.

— Биылдан бастап 7 жасқа дейінгі мүгедек бала— 50426 теңге, 7-ден 18 жасқа дейін 50 мыңнан 69 мың теңгеге дейін жәрдемақы алады. Ал мүгедектігі бар жандарға, егер бірінші топ болса 69 155 теңге, екінші топтағыларға— 57 269 теңге, үшінші топтағыларға 43 222 теңге мөлшерінде жәрдемақы беріледі. Күтім жасайтындарға 50 426 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді, ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-анасына да осындай жәрдемақы төлене бастады, — деді Жаңыл Аймұхамбетова.

Сондай-ақ асыраушысынан айырылған жағдайда айлық жәрдемақы мөлшері 30 975 теңге болып белгіленді, бұлотбасының еңбекке жарамсыз әр мүшесіне есептеледі.

Айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты аналардың жәрдемақысы мен жөргекпұл мөлшері де көбейді. Бала туғандаберілетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен қарастырылған. Атап айтсақ, бірінші, екінші, үшінші балаға 38 айлық есептік көрсеткіш немесе 116 394 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 63 айлық есептік көрсеткіш немесе 192 969 теңге беріледі. Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр нәрестеге жеке төленеді.

1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) — 3 063 теңге;

ең төменгі зейнетақы — 46 302 теңге;базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері — 19 450 теңге;ең төменгі күнкөріс деңгейі — 36 018 теңге,

ең төменгі жалақы 60 000 теңге болып белгіленді.

Жаңа туған баланыңкүтіміне байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақы сәби бiр жасқа толғанға дейiн төленеді. Биылдан бастап бұл да көбейді.

«Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңының 7-бабының 1, 20-тармақтарында қарастырылған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, сонымен бірге «Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерінің иегерлерінің жәрдемақысы да өсті. Сондай-ақ бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын,жасы 23-ке толмағанбалалары бар көпбалалы отбасыларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы да АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты артты.

— Жаңа жылдан бастап көпбалалы отбасыларға төрт бала үшін — 49 100 теңге, бес балаға —  61 383, алтыншыға — 73 666, жетінші-оныншы балаларға 85 948-122 520 теңге аралығында жәрдемақы берілуде. Ал «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлеріне 19604 теңге қосымша төленеді, — дейді Жаңыл Аймұхамбетова.

Айтпақшы, айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен азаматтарға және саяси қуғын-сүргiн құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақы мөлшеріде өсті.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button