Басты жаңалықтар

Облыста газ тапшылығы бар ма?..

Даудың басы газдан басталғаны белгілі. Қазір облыста сұйытылған газдың бағасы 50-55 теңге болып тұр. Халықтың басты талабы орындалды. Дегенмен көпшіліктің аузында облыста газ тапшылығы бар» деген сөз көбірек естіледі. Сонымен қатар «жаңадан ашылған кәсіпкерлік субъектілеріне көгілдір отын беру де қиындайды» деген пікір де жоқ емес. Барыс жылы басталмай жатып, қоғамның басты тақырыбына айналған газ мәселесі туралы аз-кем зерттеу жасап көрдік…

Көгілдір отын жеткілікті

Көгілдір отынды тұтынушылар саны күннен-күнге артыпбарады. Оның үстіне Ақтөбе қаласы жыл санап үлкейіп келеді. Қала іргесіндегі елді мекендермен қоса «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй массиві мен Батыс-2 шағын ауданы секілді қалашықтар пайда болды.

Облыста 323 елді мекен болса, оның 142-сі көгілдір отынмен қамтылды. Адам басына шақсақ,829 мыңнан астам тұрғын табиғи газды пайдаланады. Облыстағы адам санымен есептегенде газбен қамту 92,8 пайыз болып тұр. Өткен жылы 16 ауылға газ барған. Ал биыл 9 ауылға көгілдір отын кірмек.

Осынша ауылға, қала іргесіндегі тұрғын үй массивтеріне газды қайдан аламыз?

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласын, іргелес елдімекендерді және өнеркәсіптік объектілерді газбен жабдықтау «Жаңажол — Ақтөбе» және Бұхара-Орал» магистралды газ құбырлары арқылы жеткізіліп отыр. «Жаңажол Ақтөбе» магистралды газ құбырынан жылына 700,0 миллион текше метр газ өтеді екен. Ал «Бұхара-Орал» магистралды газ құбырының қуаттылығы — жылына 1 700,0 миллион текше метр. Соның өзінде табиғи газды тұтынушылар саны күрт өскендіктен, алдағы жылдары газ тапшылығы болып қалуы мүмкін. Бірақ әзірге  алаңдауға негіз жоқ. Облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, облыста газ қоры жеткілікті.

Табиғи газды тұтынудың өсуіне байланысты 2020 жылы газ құбырларының өткізу қабілетін ұлғайту мақсатында «Ақтөбе облысының Ақтөбе қаласында магистралды газ құбыры тармағының 3-желісін салу» техникалық экономикалық негіздемесі әзірленді.

Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысын алу 2022 жылдың мамыр айында жоспарланып отыр.

Қаржы бөлінген кезде магистралды газ құбырының 3-желісін салуқұрылысы 2023 жылы басталады, — дейді басқарма басшысы.

Облыста 1 текше метр көгілдір отынды тұтыну бағасы —9,6 теңге. Нарық бағасымен бағамдасақ, бұл аса қымбат емес.

Газ бағасы түскенмен,басқа баға түспей тұр

Ал енді сұйытылған газдың жайына келетін болсақ, оның бағасы мемлекеттік деңгейде шешілгені белгілі. Еліміз бойынша батыс өңіріндегі автогаз құю бекеттерінде ең арзан баға белгіленді. Бұған дейінавтогаз құю бекеттеріндегі сұйытылған газдың  бағасы нарыққа тәуелді болып келді. Электронды сауда алаңдары арқылы сату газ бағасын өсіріп жіберді.

Облыста сұйытылған мұнай газын өндіретін 3 зауыт бар.  Олар — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС және «Gas Processing Company» ЖШС. Зауыттар тоннасын 28000 теңгеден сатады. Одан автогаз құю бекеттеріне жеткенше бірнеше теңге қосылады. Екі ортада газ жеткізуші компаниялар пайда көріп келді. Ең соңында күнделікті сұйытылған газтұтынатын автокөлік иелері үшін қымбатқа түседі. Бұл мәселе де шешімін тапты.

Облыстағы 200-ге жуық автогаз құю бекеті бұдан былай сұйытылған газды алыпсатарларсыз, зауыттан тікелей ала алады.

Ресми деректерге сүйенсек,облыста 168 258 автокөлік бар. Оның 48 168-і газбен жүреді.

Облыс бойынша  автокөліктер айына 13000 тонна сұйытылған газ тұтынады. Ал қаңтар айында электронды сауда алаңдары арқылы автогаз құю бекеттеріне 12 240 тонна сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарланған. Бұл облыстағы ішкі нарықтың сұранысын толықтай жабады. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында  газдың бағасы— 50 теңге, ал шалғайдағы елді мекендерде 55 теңгеге тұрақтап отыр.

Тұрғындардың айтуынша,сұйытылған газдың арзандауы газбен жүретін автокөлік иелері үшін тиімді болып тұр. Жұрттың көкейінде «газ арзандады, такси бағасы түспей ме?» деген сұрақ бар.

— Рас, газ бағасы 28 теңгеге түсті. Тіпті кейбір автогаз құю бекеттерінде 47-49 теңгеден сатылып жатыр. Бір зат болса да арзандағаны көңілді жайлатады. Бірақ такси қызметінің бағасы түспейді. Өйткені газдан басқа барлық заттар бұрынғы бағасын «ұстап» тұр. Газдың арзан болуы тек такси қызметінің одан әрі қымбаттамауына септігін тигізеді.

Қай нәрсенің де құны тасымалға тәуелді десек, жүк көліктерінің дені дизель отынымен және бензинмен жүреді. Жанар-жағармайды айтпағанның өзінде, автоқосалқы бөлшектер мен көлік жөндеу қызметтері қымбат, — дейді такси жүргізушісі Ерқұлан Орақов.

Сұйытылған газ бағасы тек 180 күнге ғана бекітілді. Яғни 6 ай бойы автогаз құю бекеттерінде газ бағасын өсіруге шектеу қойылды. Бұл баға келесі жылға дейін сақталуы мүмкін.

Себебі сұйытылған мұнай газын зауыттарда электронды сауда алаңы арқылы сату 1 жылға тоқтатылған.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button