Жаңалықтар

Бұқара

Мұра

ДОСЖАН ИШАН МЕШІТІ

Досжан ишан Қашақұлы (1815-1890) —  діни ұстаз-ағартушы, ірі ойшыл, өз дәуіріндегі қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан қоғам қайраткері. Досжан ишан 1815 жылы қазіргі Ақтөбе облысының Доңызтау аумағында туған.

1868 жылы патша өкіметі Темір, Ақтөбе бекіністерін сала бастағанда Досжан ишан Орынбор губернаторынан рұқсат алып, Шилі бойына мешіт салуға кіріседі.

Ардагер журналист Меңдіхан Әділханұлы: «Досжан ата Бірман деген ұстаны тауып, онымен келісім жасайды. Мешіттің қандай болу керектігін шешкеннен кейін құрылыстың негізгі жұмысына жұртшылық жұмыла кіріседі. Асарлатып, тез арада бітіреді. Мешіт салатын кірпішке бие сүті, мал сүйегі, ши қосылып, қолдан құйылған. Қабырғаларының күні бүгінге дейін сақталуының өзі берік материалдан қаланғанын байқатады. Мешіттің ұзындығы — 28 метр, ені — 11 метр, биіктігі 5 метр шамасында. Бөлмелері алтау. Бөлме ішінде тіреу болмаған. Төбесінде бірде-бір қиық жоқ, күмбезі бұраңдалып жасалған. Күмбез үстінде айшық тұрған, мешіт іші ою-өрнекпен әшекейленген. Күмбезден түскен жарық барлық нақыштарын нұрландырып тұрған. Әбубәкір жырлаған деректерге сүйенсек, мешіт жанында 150 орындық бала оқытатын медресесі, қонақ күтетін қосалқы бөлмесі болған. Мешіттің архитектуралық үлгісі Қазандағы сәулетші А.Пескенің басшылығымен салынған Юнусов мешітіне ұқсайды», —  деп жазады. Бұл мешіт халық аузында «Ақши мешіті» деп аталған.

Досжан хазірет мешіті 2020 жылдан бастап жаңғыртылып жатыр. Ескі мешіттің сырты қоршалып, хазіреттің басына күмбезді кесене салынды. Басындағы қасиетті бұлағынан су ішуге келген халықтың қарасы көп. Жасалып жатқан жұмыстарға жұртшылық риза болып отыр. Алдағы уақытта бұл тарихи-мәдени нысан үлкен рухани орда ретінде туристік аймаққа айналатыны анық.  Оның үстіне Темір ауданы қайтадан салынып жатқан Ақтөбе-Атырау тасжолының бойында орналасқан. Бұл жолмен Түркия, Иран, Араб елдерінің көліктері Ресей арқылы Еуропаға өтеді.  Хазірет Досжан ишан мешіті аудан орталығы Шұбарқұдықта Шилі өзенінің бойында орналасқан.

Матай НҰҒЫМАНОВ,

Шұбарқұдық ауылдық округі ардагерлер ұйымы төрағасы.

Шұбарқұдық кенті,

Темір ауданы.

 

  • Еңбекадамы

ЕРЖАННЫҢ БАҚҚАН ҚОЙЫ СЕМІЗ БОЛАДЫ

Қазақ «Мал өсірсеңқойөсір, пайдасыоныңкөлкөсір» дейді. Бүгінде қой бағатындар азайып бара жатыр. Шаруа қожалықтарының көбі қарауы жеңіл ірі қара баққанды дұрыс көреді. Қой шаруашылығын сақтап қалу үшін не істеу керек? Осындай сауалмен ұзақ жылдар мал бағып, оның қыр-сырын меңгергенШалқар ауылдық округіндегі «Айнұр» шаруа қожалығының шопаны Ержан Әнешовті сөзге тартқан едік…

— Зайыбым Сайранмен бірге көп жылдан бері мал бағып келеміз. Жастау кезімізде жылына үш рет малды алдымызға салып, көшіп отыратынбыз: жазғытұры суы бар бос жерге қоныстанып, мал төлдетеміз, жаз жайлауға шығып, оны семіртеміз, сосын қыстауға қоныс аударып, малды қаһарлы қыстан аман-есен алып шығудың қамын қылатын едік. Қазір көбі малды бір жерде тұрақтап бағады. Соның кесірінен жер көк шаңдағы шығып, азып кетеді. Оның үстіне соңғы жылдары жерге ылғалдың түсуі де азайды. Ертеректе мыңғыртып мал айдаған байларымыз мал соңына ере көшіп отырған, жерді солай сақтаған. Көптеген шаруашылықтар көшуді ауырсынып, отырған жерінің жағдайын кетіретінін көріп жүрміз. Міне, соның мысалы — өлкеміздегі Бозой, Аяққұм жағы мал өсіруде үлкен қиыншылықтарға ұшырады. Себебі қар, жауын-шашын азайып кетті, оның үстіне бір жерде отырып шиырлай берді. Малды жердің көлеміне қарап шақтамай, бірнеше есе артық  ұстау атакәсіпке зобалаң әкеледі. Қайнәрсені де дұрыс жоспарлап жасау керек, — дейді Ержан.

Кейіпкеріміз кейінгі жылдары малды халықтың жаппай техникамен бағатынын да дұрыс емес екенін айтты. Ауыл адамдары бір-екі күн қой кезектің өзіне баруға қиналып, адам жалдауының өзі соңғы кезде тұрғындардың төрт түлікті қараудан теріс айналып бара жатқанын көрсетеді.  Далада жүрген жылқы, басқа да ірі қараларды мотоциклмен шығындырып, өкпесін түсіріп қайыру ешкімге таңсық болмай қалды. Мұның барлығы малдың күйіне кері әсер етеді.

— Мен малды тек атпен бағамын. Әке-шешем де сонау алпысыншы жылдары «Шалқар»кеңшарының №3 фермасы Талдықұмға көшіп келіп, шопан болған. Екеуі қол ұстасып жүріп, мал бақты. Біз әке-шешенің қасында жүріп, осы атакәсіптің қыр-сырын үйрендік. Талдықұмда 8 жылдық мектепті бітіріп, үш жыл әскери борышымды өтеп келгеннен кейін әкемнің таяғын ұстап, аттан түспей, қой бағып келемін. Шамаң келсе, қой бағу керек — табыс көп болады, бірақ бейнеті де шаш етектен. Көптеген шаруа қожалықтары содан қашып,қойды азайтып жатыр. Ал жастар жағы төрт түлік бағудан тіпті іргені аулақ сала бастады. Қазір көптеген қожалықта  жалғызілікті адамдар мал бағып жүр, алайда малды отбасымен бақпағасын, береке болмайды, — дейді шопан.

Кейіпкеріміздің айтуы бойынша, жастарымыз не болғанда да атакәсіптен айырылмаулары керек. Соның ішінде ақтылы қойды азайтып алмағанымыз ләзім.

Ержан-Сайран Әнешовтер жастары 50-ді еңсерсе де, «денсаулығымыз жараса, әзір төрт түлікті, оның ішінде қой малын бағамыз» деп отыр. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немерелер сүйіп отырған отбасын ауылдастары еңбекқор екенін айтады, «Ержанның баққан қойы семіз болады», — деп мақтайды ауылдастары. «Күш-қуатың барда еңбек ету керек», — дейді Ержан Әнешов.

Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқарауданы. 

  • Тарих

ДОҢЫЗТАУДЫҢ ӨЗ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ БАР

Аудандық деңгейде болмаса, әр ауылдың өзінің дербес энциклопедиялықанықтамалық шығаруы үйреншікті нәрсе емес. Жақында «Доңызтау»энциклопедиясын шығардық. Ол өте ауқымды еңбек болып шықты. Оның материалдарын жинақтап, баспаға дайындаған — ҚР Журналистер одағының мүшесі Меңдіхан Әділханұлы. Ол маған: «Осы істі бірігіп атқарайық», — деген соң бірден келістім. Үш айдай облыстық мұрағатты ақтарып, Доңызтаудың тарихы, онда еңбек еткен адамдар туралы мағлұматтар жинақтадым.

Доңызтау — киелі мекен, аудан өңіріндегі табиғаты ерекше аймақ. Тарихы тереңде жатқан ескі ескерткіштердің жұмбақ сырларын қойнауында сақтап жатқан өңір. Туған жердің әрбір тасы мен сайы, қырқасы, тауы мен өзені —  тұтас табиғаты тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Тарихи мекеннің табанынан 1959-60 жылдары жұрт аударған халықтың бүгінгі тұрағы Оймауыт ауылы болды. Дияр, Миялы ауылдары да өз алдына отау тігіп, қанат жайды.

Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, қарпапайым еңбегімен өзгеге үлгі болған, есімдері ел есінде сақталған перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Үлгі етіп ұстауға тиіс. Ұлықтап қадірлеуге тиіс. Энциклопедияны шығарудағы мақсатымыз да осы еді.

Доңызтаудың тарихына ерекше тоқталдық: «ҒалымСерік Әжіғали өз зерттеулеріндеДоңызтау жерінде 922 жылдары түрік тектес тайпалардың болғанын дәлелдесе,1926 жылдары осы жерде болған бір экспедицияның мәліметінше, Шаған өзенінің бойында мал шаруашылығымен айналысып отырған 300 үйдей шектілер қыстап отырған деседі. Ал XIX ғасырдың ортасында бұл өңірді Шөмішті Табындар жайлағанын көне ескерткіштер мен кесенелер дәлелдей түседі.

Осы энциклопедиялық-анықтамалықты құрастыру барысында Доңызтау жеріне қатысты деректерді басылымдардан да, ел ішінен де іздестірдік. Ел аузындағы аңыз әңгімелерді кіргізе беру де дұрыс болмайтынын байқадық. Өйткені бір айтушыдан өткен әңгіменің екінші айтушыдан өткенде өзгеріске ұшырап отыратынын ескеріп, энциклопедияға тек нақты дәлелденген деректерді ғана кіргізуді көздедік.Доңызтауда қазір ел жоқ. 1959 жылдан бастап туған жердің табанынан халық түгел Оймауытқа көшірілді. Сондықтан қазіргі Дияр, Миялы, Оймауыт тұрғындарының негізі  — сол доңызтаулықтар, содан тараған ұрпақтар. Доңызтаулықтардың үлгі етерлік ұрпағы да ұмыт қалмасын деген мақсатпен энциклопедиялық анықтамалыққа осы өңірлердің кейбір халыққа қызмет көрсетуде қоғамдық істе мәдениетіміз бен өнерімізде ауызға ілініп, елге танылған азаматтарын да енгізуге ниеттендік.

Кітап дайындау барысында кейінгі ұрпақ аталарының есімін ұмытпасын, ұлықтасын деген ниетпенсонау колхоз шаруасын қолымен құрысып, соның дұрысталып кетуіне тырысып, қиын кездерде өмірсүрген бірсыпыра доңызтаулық ақсақалдарымыздың суреттерін, өмірбаянын қолға түсіреалмасақ та,аты-жөндерін жариялауды жөн көрдік. Қолға түскен материалдарды барынша енгіздік». Энциклопедия елді мекеннің осындай тарихымен басталады.

Энциклопедия «Хабар сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде басылды. Бұл еңбекте жердің тарихына қатысты барлық мағлұматты толық бердік деп айта алмаймыз. Болашақта жас зерттеушілер осы энциклопедияға енбеген басқа да тың деректерді тауып, ісімізді жалғастырар деп үміттенеміз.

Мұханбет БЕКБАҒАНБЕТОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Байғанин ауданы.

 

  • Руханият

ЖАМБЫЛ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ

ХХ ғасырдың ұлы жырауы, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған, қазақ жырының дарабозы, ғасырға жуық ғұмыр кешкен Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат беру үшін «Жамбыл — ұлы тұлға» атты шара өткіздік. Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі, ақынның немересі Салтанат Жамбыловамен онлайн кездесу ұйымдастырдық.

Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейі ақын тұрған үйде 1946 жылы ашылыпты. Музей Алатаудың Майтөбе биігіне таяу жатқан жазықта, Жамбыл бабамыз көз жұмған ауылда орналасқан.

Салтанат Тезекбайқызының айтуынша, мұнда жұмыс істейтін 13 адамның10-ы —  Жамбылдың тікелей ұрпақтары.

— Жамбыл атамыз үш рет үйленген. Сол аналарымыздан 8 ұл, 2 қызы болған. Көбі ерте қайтыс болған. Алғадай деген баласы Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапты.  Ұлы соғыстан қайтпаған соң Тезекбайды да майданға баратын жасы болғанда жібермей, алып қалған. Атамыз Жамбыл облысында дүниеге келген. Үкімет 12 бөлмелі үйді сыйға берген. Он екі бөлменің әрқайсысы тарихи жәдігерлерге толы.  1996 жылы мұражай-үйге жанамалай конференц-зал салынып, іске қосылды. Өмірінің соңғы жеті жылы осы үйде өткен.

Музейде 3000-нан аса жәдігер бар. Көбі — қолжазбалар, әдеби хатшының қолжазбалары сақталған. Біразы төте жазу, латын, кириллицамен жазылған.

Атамыздың 175 жылдығына орай жинақтар шықты. Оған бұрын жарияланбаған, төте жазумен жазылған шығармалары енді. 40 томдық шығармаларының жинағы жарық көрді.«Жамбыл ұрпақтары» деректі фильмі түсірілді. Жамбыл атамыз туралы 2016 жылы Бекен Ыбыраевтың 4 томдығы шықты, — дейді ол.

Мұнан кейін музей экскурсоводы Ұлан Жармұқанбетқызы онлайн-көрермендерге 12 бөлмелі музей-үйді таныстырды.

Алмагүл САРЫБАЙ,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсиялық-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі.

  • Естелік

ЖАҢАШЫЛ ЕДІ ЖАҢАБАЙ

Бүгінде аға буын қатарына көтерілген тұста біз өткенімізді жиі еске алып, өмірлік тағылым-тәрбиемізді жастарға жеткізгіміз келеді. Шынында да, біздің жастық шағымыз жалынды істерге толы болатын. Жасыратыны жоқ, комсомол қатарында шыңдалғанымызды әлі күнге мақтан тұтамыз.

Мен комсомол жұмысына 1971 жылдың сәуір айында келдім. Сол жылдардан бастап аудандық комсомол комитетінің төрт бірінші хатшысымен қызметтес болдым.

1972 жылдың маусым айында Шалқар аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайландым. 1976 жылдың маусым айынан бастап бірінші хатшы қызметіне мамандығы мал дәрігері Жаңабай Ділманов келді.

Бірге қызмет жасаған бір жарым жылдай уақыт ішінде Жаңабаймен ауызбіршілікте, ынтымақта жұмыс атқардық. Аудандық жастар ісіне тыңнан кіріскен бірінші басшы ретінде ол белсенділігімен танылды.

Алда тұрған жұмыстарды үнемі бірге талқылап, терең талдап, орындалуына мұқият назар аударып отырды. Жаңабай өзі ауыл шаруашылығы маманы болғандықтан, сол кездерде ұйымдастырылған қырыққа жуық  комсомол-жастар қой өсіруші бригадаларының жұмысымен үнемі танысып, жастардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына көңіл бөліп жүрді. Жастармен үнемі аралас-құралас болып, олардың абыройлы еңбек етулеріне назар аударатын еді.

Біршама уақыттан кейін Жаңабай «Сарыбұлақ» кеңшарының партия комитетінің хатшысы қызметіне жоғарылатылып, оған үлкен сенім артылды. Бұл қызметте жұмыс істеген кезеңде ол өзінің міндетіне жауапкершілікпен қарайтын азамат екенін көрсетті. Оның жүрген жерінде жаңалықтар өрістеп жататын, соңынан жақсы әңгіме айтылатын.

Әттең, Жаңабайдың өмірі қысқа болды, бірақ артына өшпестей із қалдырды. Көңілге демеу болатыны — Жаңабайдың құдай қосқан қосағы Қырмызы артында қалған балаларын өсіріп, тәрбиеледі, оқытып, арнаулы білім алуына, қызметке орналасуына аналық мейірімін төкті.

Дәурен — ұстаз, Дидары — арнаулы мамандық иегері. Екеуі де үйленіп, өз алдарына шаңырақ көтерді.

Жаңабай жолдасымыздың өмірден өткеніне қырық жылдай уақыт болыпты. Бірақ сол кездегі жастыққа тән жігері, жаңалыққа құштарлығы, көпті соңынан ерте білетін ерекше қасиеті ойымда тұр.

…Кейде қоғамдағы дағдарысты тірлік, адамдардың айналасына алаңдамай жүретін жайбарақаттығын көргенде соларды қозғайтын, өмірге құштарлығын арттыратын Жәкеңдей жалынды жігіттеріміз қайда екен деп ойланып қалатыным рас…

Құдаш БЕКБЕРГЕНОВ,

зейнеткер ұстаз,

ҚР білім беру ісінің үздігі. 

  • Өнер

ОБЪЕКТИВТЕГІ ҚАРҒАЛЫ

Қарғалы ауданының сұлу табиғатын оның объективінен шыққан ғажап туындылардан көре аласыз: ауданға белгілі фотограф Арман Бисекеновтің қолынан фотоаппараты түскен емес. Жасында инженер-технолог мамандығы бойынша білім алған Арман Бисекенов бүгінде кәсіби фотограф.

— Бала кезде мектепте суретке түсірудің қыр-сырын үйрететін үйірмеге қатыстым. Кейін фототілші болып жұмыс істедім, — дейді ол.

Арманды 2000 жылдардың басынан бүгінге дейін Қарғалы ауданының қоғамдық өмірінің видео және фотомұрағатын жасап келе жатқан адам деуге болады. Арада ондаған жылдар өткенде Арманның мұрағатындағы осы байлық ауданның даму тарихының, осы жерде еңбек еткен тұрғындардың өмірінен сыр шертетін құнды құжатқа айналары хақ.

Аудандағы кез келген қоғамдық шара Армансыз өтпейді. Ол өзі де бірнеше рет республикалық фотобайқауларға қатысты, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салаларындағы үздік еңбеккерлердің байқауларына ұсынатын фото-видеоматериалдарды да дайындауға үлес қосты. Бір қызығы, олардың барлығы да өздері қатысқан байқаулардың жүлдесіне ие болды.

Қарғалылықтар әрбір үшінші отбасында Арман түсірген суреттер бар екенін сеніммен айта аламыз…

Кәмшат БАЙХАНОВА,

Қарғалы ауданы.

Дайындаған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button