Басты жаңалықтар

Бір ай ішінде Ақтөбеге 70 жаңа автобус әкелінеді

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының жұмысымен танысты.

Соңғы екі аптада Ақтөбеде қатты-тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстары кідірген. Қоқыс шығаратын мекемелердің жүргізушілерінің дені төтенше жағдай кезінде жұмысқа шықпаған.

Қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасымен қала аумағындағы қоқысты шығару жұмыстары екі ауысымда жүргізілуде. Мәскеу, Сүт зауыты аудандары сияқты жеке секторларда кестеден айтарлықтай қалып отырғандары байқалады.

Облыс әкімі жиналып қалған қоқысты қысқа мерзімде шығарып, әрі қарай кестені сақтауды тапсырды.

Қарды тазалау және шығару жұмыстары бойынша да осындай нұсқау берілді. Қазіргі таңда бұл жұмыстарға 100 техника жұмылдырылған. 1 қаңтардан бері қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонына 5 мың шаршы метр қар шығарылды. Тұрғындардың шағымдарына байланысты қала әкімдігі Ақжар ауылы аумағындағы қарды жинаудан бас тартты.

Сондай-ақ облыс басшысы қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонын кеңейту жұмыстарымен танысты. Қыркүйек айында басталған жұмыстардың бүгінде 70 пайызы орындалған.

Қалалық тасымалдаушылардың қоғамдық көліктері бұрынғы кесте мен бағыттары бойынша жүріп жатыр.

«Тұрғындардан автобустарды ұзақ күтетіндері жайында шағымдар түседі. Жолаушыларды тасымалдау проблемасы жойылу керек. Тасымалдаушылардың субсидиялау туралы талаптарын қанағаттандырдық, біз қаржыны кешіктірген жоқпыз. Мұның бәрі тасымалдаушыларға қатысты. Бүкіл автобустың жұмысқа уақытында шығып, сапалы қызмет көрсетуін талап ету керек», — деді жолаушылар тасымалы басқармасының орталығына барған облыс әкімі.

Мемлекеттік бюджеттен субсидия алып, автобустарды дұрыс жүргізе алмаған тасымалдаушыларды субсидияның бір бөлігінен айыру туралы шешім қабылданды.

Бұдан бөлек жолаушылар тасымалы сапасын жақсарту мақсатында бір ай ішінде Ақтөбеге 70 жаңа автобус әкелу жоспарланып отыр.

Қаланы аралау Сәңкібай батыр даңғылындағы жаңа көтерме-тарату орталығын қараумен жалғасты. Орталық халық тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында ашылды. Үлкен кешен облыс орталығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қорды тиісті дәрежеде сақтауға мүмкіндік береді. ​

Тауарлар ірі сауда желілеріне делдалсыз, осы жерден тікелей жеткізіледі.

Сондай-ақ өңір басшысы бүйрегі ауыратын азаматтарға ауадай қажет «Дару-Нефроз» қан тазарту медициналық орталығына және облыстық туберкулезге қарсы диспансерге барды.

«Облыста эпидемиологиялық жағдай нашарлап барады. Соңғы тәулікте 285 жағдай тіркелді. Бүгінде 128 адам стационарлық ем қабылдап, жеті адам реанимацияда жатыр», — деді  облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Оның сөзінше, ауруханаға жатқызу үш апта ішінде 3,5 есеге өскен. Облыс бойынша реанимациялық кереуеттің 24 пайызы толық, ал стационарлардың жүктемесі — 52%.

Облыс әкімі эпидемиологияға қарсы талаптардың сақталуын, екпе алуды қадағалау жұмыстарын күшейтуді,​ дәрілік заттардың, жеке қорғаныс заттары мен дезинфекция қорын бақылауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button