Пікір

Ел мүддесімен үндеседі

Марат Мырзалы,

Ырғыз аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры:

— Біздің басты бақытымыз — еліміздің тәуелсіздігі. Егемен ел болу оңайлықпен келмегені әрбір саналы адамға түсінікті. Ата-бабаларымыз еліміздің тұтастығын сақтау жолында   бастарын бәйгеге тігіп, небір тар жол, тайғақ кешулерді бастан өткеріп, аңсаған   азаттығымызға қол жеткіздік.

Биылғы жаңа жылдың басы елімізде дүрбелеңмен басталғаны баршаға аян.

Осындай қиын шақта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев оңтайлы шешім қабылдап, күрмеуі қиын кезеңде тығырықтан шығар жол таба білді. Еліміздегі жағдай біртіндеп тұрақталып келеді.

Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы еліміздегі қайғылы оқиғалар шешілмеген елеулі әлеуметтік-экономикалық мәселелерден екенін ашып айтты. Жаңа Үкіметке елдегі өміршең мәселелерді шешуге нақты тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеру мәселесіне ерекше тоқталып өтті. «Мемлекет аз нәрсе тындырып жатқан жоқ. Республикалық бюджеттің 50 пайыздан астамын әлеуметтік шығындар құрайды. Бірақ бұл жеткіліксіз», — деген Президент елдегі денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы өзекті мәселелерді шешу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қор құруды ұсынды. Қазіргі таңда бұл қорға елге белгілі кәсіпкерлер, Үкімет мүшелері, депутаттар қаржы аударып жатыр. Болашақта бұл қор ел игілігіне жұмсалады деп сенеміз. Сонымен қатар елдің әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар да ауылдағы халыққа демеу, қолдау болмақ.

Мен ел азаматы және ауыл тұрғыны ретінде Мемлекет басшысының бастамаларын қолдаймын. Және ақтөбеліктерді ел іргесінің берік болуы жолында бірігіп, мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қосуға шақырамын. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!

Басқа жаңалықтар

Back to top button