Пікір

Субсидия қолжетімді болады

Батырбек ШӘУЛЕНОВ, кәсіпкер,

«Бексұлтан» шаруа қожалығының төрағасы.

— Еліміз саяси реформалар мен өзгерістерге нақты қадам басты. Президент Қасым-ЖомартТоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында халықтың тілек-талаптарын орындау мақсатында атқарылатын жұмыстарды баяндады. Соның ішінде ауылшаруашылығы саласындағы бағдарламаларды қайта қарап, кәсіпкерлерге барынша қолдау жасалатынын жеткізді.

«Субсидия алуды жеңілдетіп, оның қолжетімділігін және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін 3 жылда түбегейлі шешуіміз керек. Егер нарықта азық-түлік қоры мол болмаса,инфляцияны ұстап тұруға еш амал көмектеспейді», — деді Мемлекет басшысы.

Бұл — жергілікті ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің көңіліне де, кәсібіне де жағатын сөз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ауылшаруашылығы саласында кәсіпкерлікпен айналысып келемін. Өзге облыстармен салыстырғанда Ақтөбеде субсидияның көлемі соңғы екі жылда едәуір жақсарды. 2020 жылы субсидия көлемі 5,5 миллиард теңге болса, былтыр 6,4 миллиард теңгеге өсті. Биыл да субсидия алатын шаруалар көбейеді деп ойлаймын.Президентіміз құзырлы министрлер мен облыс әкімдеріне нақты тапсырмаларды жүктеді. Еліміздің батыс өңірі бірнеше жылдан бері қуаңшылықтан көз ашпай келеді.  Мал бағып отырған шаруаларға мал азығын дайындау оңай шаруа емес. Осыны ескерген Президенттің көңілге қонымды пікіріне қуанып қалдық. Алда көптеген жұмыстар күтіп тұр. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, қымбатшылықтың алдын алуды бастаған мемлекет басшысына қолдау көрсетіп, қиындықты бірге жеңейік, ағайын!

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button