Басты бет » Пікір » Сапалы білім — дамудың басты шарты

Сапалы білім — дамудың басты шарты

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің

кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерге тоқталды.

Оның ішінде Президент қазіргі жаһандану дәуірінде сапалы білім беру қарқынды дамудың басты шартына айналатындығын баса көрсетті.

Бұл жоғары оқу орындарында жаңа міндеттер жүктейді. Бүгінде сұранысқа ие мамандарды даярлау мақсатында еліміздің жетекші университеттерінде жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.

Мемлекет басшысы өз сөзінде білім сапасын арттыру үшін елімізде әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырды. Бұл, ең алдымен, білім сапасын арттырып, білікті мамандарды оқытып шығаруға мүкіндік бермек. Сондай-ақ жоғары технологияларды игеруге және біздің оқытушылардың көпдеңгейлі бағытта жұмыс істеуіне жол ашады.

Тек білімді, білікті ғана емес, Отанын сүйетін, жан-жақты жастарды тәрбиелеуіміз керек. Әлемдік мәдениетте адамның болашағына қатысты мәселелер қашанда жоғары тұрады. Ел егемендігіне қол жеткізу алаш зиялыларының да арманы болды.  Бұл кейінгі ұрпаққа да үлкен ой тастауы керек. Әлихан Бөкейханов: «Жалпақ жұрттың көкірегінде жақсылық болмаса, жұрт жұрт болып тіршілік қылып жүрмек емес… Әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайды» — деген. Әділдік бар жерде білім, бәсекеге қабілеттілік, ізгілік пен сенім қатар өмір сүреді.

Мемлекеттің болашағына қатысты зерделеніп отырған мәселелерді жүзеге асыру мемлекет пен халықтың бірлігіне тікелей байланысты. Елдің бірлігі оның өркенді дамуының биік тұғыры болып қалады. Соны ескеруміз қажет. Отанды қорғауға деген құштарлық, техникалық білімге қызығушылық, бәсекеге қабілеттілікті күшейту — ел дамуының жаңа кезеңіндегі міндеттердің бірі.