Басты жаңалықтар

Облыста жағдай тұрақты

«Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен жиын өтті», — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда облыстағы жағдай тұрақты әрі бақылауда.

— Өткен түні полиция бөлімдеріне коменданттық сағатты бұзғандары үшін сексенге жуық адам жеткізілді. Облыс аумағында он блок-бекет қойылды, олардың кейбірін аудандарда күшейту керек. Тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар мен оған қатысқандардың жеке бастарын анықтау жұмыстары жалғасуда, — деп баяндады облыс коменданты Қанат Әлиев.

Облыс әкімі барлық кінәлілерді анықтап, оларды заңға сай қатаң жауапкершілікке тарту маңызды екенін атап өтті.

Бейбіт шеруге қатысу бір бөлек, ал автокөлік пен теміржол жолдарын бөгеу, әуежай мен әкімшілік ғимаратын басып алу бөлек әңгіме. Осының бәрі лаңкестікке жатады. Кінәлілер тиісті жазаларын алу қажет. Істегендері үшін жазаланбаса, жаңа заңбұзушылықтарға әкелуі мүмкін. Жалпы, құқықбұзушылық деректерінің жолын кесу жұмыстарын жандандыру керек, соның ішінде коменданттық сағаттың бұзылмауын бақылауды күшейткен жөн, әсіресе облыс аудандарында. Аудан әкімдері бұған басымен жауап береді, деді Оңдасын Оразалин.

Жиын барысында облыс әкімі өңірдің қалыпты өмір сүруін одан әрі қамтамасыз ету мақсатында бірқатар тапсырмалар берді. Соның ішінде Ақтөбе қаласы мен облыстың өзге де елді мекендерін көктайғақтан арылту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

— Ақтөбеліктердің соңғы күндері ахуалдық орталыққа жиі жүгінетін мәселесі — осы. Коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейту керек, — деді өңір басшысы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button