Жаңалықтар

Жаппай тәртіпсіздік: себебі мен салдары

9 қаңтар күні ҚР Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев елімізде болған жаппай тәртіпсіздікке қатысты мәлімдеме жасап, өңірлерде болған оқиғалар туралы айтып берді.

Оның айтуынша, бейбіт шеру, ең алдымен, 2 қаңтар күні Маңғыстау облысында басталған. Оған газ бағасының қымбаттауы себеп болған. Олардың үніне құлақ түру мақсатында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік комиссия сол жаққа жетті. Газ бағасын төмендету талабы орындалатынын жеткізгенімен, шерушілер тобы тағы да талап қоя бастаған. Комиссия нақты ұсыныстар ұсынғанымен, ешқайсысы қолдау таппады. Бұл кезде облыс орталығы мен аудандардағы шеруші топтарға мұнайшылар да қосылды. Нәтижесінде әуе және теміржол рейстері тоқтап, аумақтың тіршілігіне қауіп төнді. Шеруге шыққандар билік өкілдері мен құқық қорғау органдарының өкілдеріне қарсылық көрсете бастады. Олар полицейлердің қоғамдық тәртіпті бұзбау туралы ескертуіне бағынбаған. Қызметтік көліктерге зақым келтіріп, әкімдік және полиция ғимаратын қоршауға алған. Ал 4 қаңтарда бірнеше аймақта 500-ден 4 мың адамға дейін жиналып, шеруге шыққан. Олар ескертуге қарамастан, әкімдіктерге қарулы шабуыл жасаған. Атап айтсақ, шерушілер Атырау, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл облыстары мен Семей қаласының әкімдіктеріне және бірқатар құқық қорғау органдарының ғимаратына басып кірген. Ал Алматыда ахуал тіпті ушықты. Көліктерді өртеп, әкімдік ғимаратын басып алу әрекетіне көшті. Ескере кететін жайт, олардың тарапынан нақты талап қойылмады, келіссөздер жүргізуге келіспеді. Осы кезде заңсыз шеруді тоқтату бойынша полиция тиісті шараны қолға алды. Бірақ топтар полиция жасақтарын шабуылдай бастады. 7 бірдей қару сататын дүкенді басып алып, қару-жарақ, оқ-дәріні талап алып кетті.

— Қоғамдық көліктер мен коммуналдық техникаларды тартып алып, полиция қызметкерлерін таптауға әрекеттенді. Қарудан оқ атты, өрт сөндіру және қызметтік көліктерді өртеді. Жедел жәрдем көліктеріне шабуыл жасап, оқиға орнына жібермеді. Қала әкімдігі мен телеарна ғимараттарына бірнеше рет шабуыл жасады. Бірақ полиция мен әскерилердің сауатты іс-әрекетінің арқасында ғимараттарды басып алуына жол берілген жоқ, — деді Е.Тұрғымбаев.

Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы 5 қаңтарда 20 мың адам Алматы қаласы әкімдігін басып алуға әрекеттенгенін жеткізді. Ал бүлікшілер көшедегі бейбіт тұрғындар мен полицейлерді соққыға жығып, оқ жаудырған. Сауда орталықтарын тонап, банкоматтарды қиратып, ломбардтардағы бағалы заттарды қолды қылған. 800 қылмыскер халықаралық әуежайды басып алған. Соның салдарынан 56 рейстің қонуы мен 60 рейстің ұшуы тоқтатылған.

— Олардың кәсіби дайындығы жоғары, іс-әрекетінде тәртіп пен ұйымшылдық бар екені байқалды. Мақсатты түрде бейнебақылау камераларын қиратып, жол қозғалысын тоқтатып, бақылаушылар қойылды. Іс-қимылдарын үйлестіру үшін радиостанцияны пайдаланған. 6-7 қаңтарда Тараз және Талдықорған қалаларында қауіпті қылмыскерлер отырған тергеу изоляторларына содырлар бірнеше рет қарулы шабуыл жасады. Бірақ полицейлер оларға төтеп берді. Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласы полиция департаменттеріне қару-жараққа қол жеткізу мақсатында шабуыл жасады. Ал Алматы қаласында полиция департаменті және үш аудандық полиция бөлімшелеріне басып кіруге тырысты. Сондай-ақ қару-жарақтар мен әскери техникаларға қол жеткізу үшін Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне, блок-бекеттерге шабуыл жасады, — деді Е.Тұрғымбаев.

Сонымен елімізде болған жаппай тәртіпсіздік кезінде 400 көлікті өртеп жіберген. Оның 346-сы құқық қорғау органдарына тиесілі. 100-ден аса банк пен сауда орны тоналған. Бұрын-соңды болмаған мұндай бассыздықты тоқтату үшін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев төтенше жағдай жариялап, коменданттық сағат енгізді. Қазіргі таңда лаңкестікке қарсы күрес операциясы жалғасып жатыр. Жағдай тұрақталғанымен, қауіптің беті әлі қайтқан жоқ. Сол себепті Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды барынша сақтанып жүруге әрі күдікті жағдайларға куә болса, дереу полицияға хабарлауға шақырады.

Ал біздің облыста қазіргі таңда ахуал тұрақты. Облыста кешкі сағат 23.00-ден таңғы 7.00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Облыс аумағындағы барлық автожолдарға 10 блок-бекет қойылды. Қазір блок-бекеттерде полиция және қорғаныс қызметкерлері жұмыс істеп тұр. Кіріп-шығып жатқан жолаушылардан тыйым салынған заттардың бар-жоғы тексерілуде. Ал блок-бекеттерде тыныштықты сақтап тұрған әскерилерге жергілікті атқарушы органдар ыстық тамақ жеткізуде.

Айта кету керек, бұған дейін Ақтөбеде коменданттық сағат тәртібін бұзған 400-ге жуық, шеру кезінде тәртіпсіздік ұйымдастырған 11 адам ұсталса, өткен тәулікте 89 тұрғын полиция бөліміне жеткізілген. Олардың ішінде 32 адамға әкімшілік жаза қолданылған.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button