Басты бет » Пікір » Бірлігімізге селкеу түсірмейік!

Бірлігімізге селкеу түсірмейік!

Серік ШАҢҒҰТОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Дана халқымыз «Басты байлық — бірлікте», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бекерге айтпаған. Бейбіт шерулердің соңы осындай қайғылы, дүрбелең оқиғаларға әкелерін, әрине, ешкім білген жоқ. Адамдардың қаза табуына байланысты 10 қаңтар жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Қалай болғанда да бұл бізді ойландыратын, елімізге қасірет әкелген жағдай болды.

Жалпы, халық табысының төмендігін, азаматтардың еңбек ету құқығының толық қамтамасыз етілмеуін, қымбатшылыққа қарсы өз пікірлерін айтып алаңға шыққан болатын. Өкінішке қарай, теріс пиғылды сыртқы күштердің іріткі салуынан еліміздің тыныштығы бұзылып, келеңсіз жайттар орын алды.

Бұл күндері Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қолға алынып жатқан  барлық шараларды қолдап, Ақтөбе облысының аға буын өкілдері қоғамда бұзақылық пен түсінбеушіліктер орын алмауы үшін кең көлемде түсінік жұмыстарын жүргізуде.

Адамдардың бірін-бірі қолдауы, өзара түсіністік пен сыйластық, ауызбіршілік пен ынтымақ қана біздің болашағымызды жарқын етеріне сенімдіміз.

Талай қиын кезеңдерді бірлікпен еңсере білген еліміздің ізгі мақсаттарға әлі де жетері айқын.

Бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, ағайын.

Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Үндеуінде: «Бейбіт шеруде қойылған талаптардың бәрін ескереміз. Диалогтың нәтижесінде компромиске келіп, өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша шешім қабылданды», — деп атап көрсетті.

Бұл ізгілікті қадамдар жақсылыққа жақындаудың, алғы күндердегі оңды өзгерістердің нышаны іспетті қабылдануда. Сондықтан бүгінгі күнімізге сабыр сақтап, ілгерімізден үмітімізді үзбейік.