БілімБасты жаңалықтар

Демалыс ұзартылды, тест тапсыру уақыты шегерілді

Төтенше жағдай кезінде облыстағы білім саласының мекемелері қалай жұмыс жасайды? Қаңтардың 10-ы күні өтуі жоспарланған ұлттық бірыңғай тестілеу қашан ұйымдастырылады? Осы және басқа да өзгерістер туралы облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханнан білген едік.

Барлық балабақша жұмыс жасап жатыр 

Мектеп оқушыларының қысқы каникулы кеше, яғни қаңтардың 10-ы күні аяқталуы тиіс-тін. Дегенмен елдегі жағдайға байланысты Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен қысқы демалыс қаңтардың 17-сіне дейін ұзартылды. Ал мектеп мұғалімдері каникул кезінде елді мекендегі жағдайға байланысты қашықтан немесе дәстүрлі форматта жұмыс істейтін болады, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, облыстағы барлық балабақшажұмыс істеп жатыр.Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері 24 қаңтарға дейін каникулда болады.

Төтенше жағдай кезінде өңірде ешбір білім беру нысаны бүлінген жоқ. Жарық бар. Жылу, су жүйесі де қалыпты жұмыс жасап тұр, — дейді Ж.Батырхан.

ҰБТ қашан өтеді?

Қаңтар айындағы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін өтініштерді қабылдау қаңтардың21-іне дейін ұзартылды.

Өтініштерді қабылдау желтоқсанның 24-і күні басталған-ды. Қаңтардың 15-і күні аяқтау жоспарланған болатын. Дегенмен жағдайға байланысты және талапкерлердің мүдделерін ескере отырып, Білім және ғылым министрлігі мерзімді 21 қаңтарға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады, — дейді басқарма басшысы.

ҰБТ-ны өткізу мерзімі де өзгертілді. Қаңтардың10-ы күні басталады деп жоспарланған тестілеу тапсыру уақыты қаңтардың  25-іне шегерілді. ҰБТ тапсыру ақпанның22-сі күніаяқталады.

Айта кету керек, бұл тестілеуге ақылы негізде жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті ұпай жинай алмағандар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер университеттерге ақылы негізде түсу үшін  қатысады.

Министрлік магистратура мен докторантураға қабылдау мерзімін де қаңтардың 24-іне  дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Балалар қауіпсіздігі басты назарда   

Балалардың қауіпсіздігі басты назарда. Осы шешімдердің барлығы да балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында қабылданып отыр.

Ата-аналардан балаларын қараусыз қалдырмауын сұраймыз. Қалыптасқан жағдай тұрақтанғанға дейін балаларды үйден шығармау керек, — дейді Жолдас Батырхан.

Айта кету керек, балалардың құқығын қорғауға байланысты барлық сұрақ бойынша Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің 8 7172-74-25-28, 8​ 776-170-7383, 8​ 777​-183-6567, 8-701​-378- 66-29​ жедел желісіне хабарласуға болады.

Гүлжан Базылқызы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button