Жаңалықтар

Құрғақ саумалды саудаға шығармақ

…Жылқының қымызымен бірге, еті де денсаулыққа пайдалы, емдік қасиеті мол ас. Неміс ғалымдары жылқы етінің жүрек-қан тамырлары ауруларынан айықтыруға пайдасы барын дәлелдеп, соның негізінде Германияда жылқының еті және сүтімен емдейтін шипажай да ашылған.

Қазақ жері жылқының отаны саналады және бұрынғы бабаларымыздың жылқы еті мен сүтінің қадірін жақсы білгені де даусыз, дегенмен ол дәстүрден біз кеңестік заманда айырылып қалдық.Сондықтан жылқыны емдік мақсатта өсіріп, табыс көзіне айналдыруды жолға қоямыз десек, соны кәсіп етіп отырған жұрттардың үлгісі мен тәжірибесіне көбірек үңілуімізге тура келеді. Бір жақсысы, қазір осы іске ден қойған кәсіпкерлеріміз бар. Солардың бірі — Байғанин ауданындағы «Ая» шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Естай Сисенбаев.

Кәсіпкер ауданның орталығы Қарауылкелдіден 90 шақырымдай жерде, құла түздегі Жалағаш қыстауында заманауи агрокешенніңқұрылысын қолға алыпты. Мұнда еңбеккерлерге арналып,ішінде барлық жағдайы жасалған үйлер, монша, бие сүтін өңдейтін цех және басқа дакөптеген нысандар тұрғызу жоспарланған. Бүгінде олардың кейбірібой көтеріп үлгерді. Мысалы, малшылар қазір жайлы үйлерде тұрып жатыр.

Шаруа қожалығында қазір 500-дей жылқы, сондай-ақ мүйізді ірі қарада бар. Кәсіпкер болашақта жылқының санын көбейтіп, бие сүтін өңдеп, ұнтақ немесе капсула түрінде саудаға шығаруды жоспарлап отыр. Оны іске асыруға неміс технологиясы қолданылмақ. Өзінің айтуынша, табиғи бие сүтінің ұнтағы (құрғақ саумал) шетелдерде үлкен сұранысқа ие.

Ал жылқы етінің емдік қасиетіне келсек, бұл малдың күнделікті жемшөбі мен ішкен суына тікелей байланысты болады. «Ая» шаруа қожалығы аудан орталығынан шалғайдағы Алтай, Миялы ауылдарының ортасына қоныс тепкен. Бұл жерде жайылған жылқының негізгі қорегі — жусан. Ал жусанның қасиеті туралы айтып жатудың өзі артық, дәрілік шөп ретінде ол мыңдаған жылдардан бері келе жатқан халықтық емде ғана емес, қазіргі медицинада да кеңінен қолданылады.

— Біздің шаруашылықта жылқылар құдықтың суын, яғни таза су ішеді. Бұл өте маңызды. Негізі, малды ашық су көздерінен — өзен, көлдерден суаруға болмайды. Ондай жағдайда мал түрлі вирус, аурутудырғыш микробтармен су көздерін бүлдіреді. Сөйтіп, лас су ішеді. Ал лас, сапасыз су адамның денсаулығына қаншалықты зиян болса, малға да соншалықты зиянын тигізеді, — дейді Естай Сисенбаев.

Тек шипалы шөп, құнарлы азықпен қоректеніп, таза су ішкен малдың еті ғана емдік мақсатта қолдануға жарамды. Сондықтан малды өзен-көлдерден суару экологиялық тұрғыдан ғана емес, малдың саулығына, оны тұтынған адам денсаулығына да тиімсіз. Бұл мәселені шешу үшін мал бағатын шаруашылықтарды неғұрлым құдықтармен қамту, яғни «Жайылымдарды суғару» бағдарламасының аясын кеңейту қажет.

Өткен жазда қуаңшылық болғанына қарамастан, «Ая» қожалығының шабындық жерлерінен қажетті мөлшерден артық шөп шабылды. Шөп шабуғақуаттылығы күніне 250 түк даярлауға жететін арнайы техника, «John Deer» тракторы сатып алынған. Шаруашылыққа қыстан шығу үшін 4 мың түк шөп керек болса, одан артығы маңайдағы жақын ауылдарға сатылған.

Осы маңда буын ауруларына шипалы саналатын тұз көздері бар екен. Кәсіпкер жылқының еті мен сүтіне қоса, тұз көздерін депайдалана отырып, шипажай ашуды да жоспарлап қойған. Мұнда сондай-ақ иппотерапия, басқаша айтқанда, атпен серуендеу арқылы емдеу ісі жолға қойылмақ. Ғалымдар атпен серуендеудің қозғалыс ретіндегі пайдасымен бірге, адамның көңіл күйін реттеп, сол арқылы жүйке жүйесін сауықтыруға,нығайтуға септігі тиетініндәлелдеген.

Ретін тапса, расында, бұл жер болашақта үлкен туристік орталыққа айналдыруға сұранып-ақ тұрғандай: қаланың күндіз-түні тынбайтын у-шуынан алыстағы кең дала, жусан исі, таза ауа, жылқы еті, қымыз, тұз көзі, атпен серуен…

Жалпы, ата-бабаларымыз үшін үйреншікті өмір салтының бір бөлшегі болған қымыз бен атпен серуеннің денсаулыққа қаншалықты пайдалы екендігіне еуропалық зерттеушілер ертеден-ақ көңіл бөлген.Мысалы, ХІХ ғасырдағы орыс жазушысы Сергей Аксаковтың «Семейная хроника» атты мемуарлық шығармасында бас кейіпкердің анасының қымызбен емделгені жөнінде құнды дерек қалған. Бас кейіпкердің анасы Софья өзінің алғашқы перзентінен айырылғаннан кейін құсадан ауыр дертке шалдығып, төсек тартып жатып қалады. Сол заманғы мықты дәрігерлер қанша тырысса да, келіншектің жағдайы күннен-күнге нашарлай берген. Сонда Авенариус есімді дәрігер оған қымыз беру керек деп шешеді. Қымыз ішкеннен кейін Софья екі-үш аптаның ішінде орнынан тұрып, жүруге жараған. Бұған қатты қуанған Авенариус науқасқа күнделікті ішетін қымыздың мөлшерін көбейтіп, оған қоса көшпелілердің қыз-келіншектері құсап атпен серуендеуге де кеңес беріпті. Бұл кеңестен кейін науқастың жағдайы күннен-күнге жақсарып, ақыры құлан-таза айығып шыққан.

Міне, осындай ғылыми еңбектен де, өзге халықтың әдебиетінен де дерегі табылатын пайдалы дәстүрімізді қайта жаңғыртуға атсалысып жүрген кәсіпкерлердің бірі, «Ая» шаруашылығының басшысы Естай Сисенбаев —жастық шағы өтпелі кезеңнің қиындықтарымен тұспа-тұс келіп, сол қиындықтарды жеңе жүріп, шыңдалған буынның өкілі. 1995 жылы орта мектепті бітіріп, еңбекке араласқан. Әкесі Ибрагим өмірден ерте өтті, ал анасы Задақарапайым қызметкер еді. Отбасындағы ұлдың үлкені болғандықтан тек өз басы емес, бауырларының болашағы үшін де өзін жауапты сезінді. Сондықтан мұнай саласында еңбек ете жүріп, қосымша табыс табу үшін кәсіпкерлікпен айналысты. Сырттай оқып, қаржы және несие мамандығы бойынша жоғары білім алды. Кейіннен жеке кәсібін жолға қойды. Мысалы, ол негізін қалап, басшылық еткен «Bazis Group Kz» компаниясы алыс жайылымдарға жел және Күн энергиясынан қуат өндіретін қондырғылар орнатумен айналысты. 2009, 2010 жылдары Германияның Целле қаласындағы Төменгі Саксонияның Неміс менеджмент Академиясындаарнайы оқу бағдарламасы бойынша білімін жетілдірді.Міне, жоғарыда айтылған жобаға осындай үлкен дайындықпен келіп отыр.

— Қазіргі пандемияға, індеттің алдын алуға бағытталған шараларға байланысты жоспарлаған істеріміздің кейбірі кешеуілдеп те тұр. Дегенмен бұл уақытша қиындықтар деп ойлаймын, — дейді кәсіпкер.

Ауылда кәсіпкерлікті өркендетуге кедергі болып отырған жайттың бірі — жолдардың сапасыздығы. Соңғы 30 жылда аудандардың орталықтарына жол салынды. Қазір Қарауылкелдіден әрі Атырауға қарай да жол салынып жатқаны белгілі. Жалағаш қыстауы да осы жолға жақын орналасқан. Сондықтан таяу жылдары бұл жаққа жол қатынасы да жақсарады деп үміттенеміз…

 И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button