Басты бет » Жаңалықтар » Қоғамдық көлік қозғалысы қалпына келтірілді

Қоғамдық көлік қозғалысы қалпына келтірілді

Облыс орталығында орын алған жағдайға байланысты 5 қаңтар күні қаладағы кейбір бағыттағы қоғамдық көліктердіңжұмысы тоқтаған болатын.

Ақтөбедегі коммуналдық қызметтердің қазіргі жайы туралы Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова баяндап берді.

— Ақтөбе қаласында коммуналдық қызметтердің бәрі де штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қаламызда қысқы жолдарды күтіп-ұстауға қатысатын 10 мердігер компания бар. Осы күндері жұмысын тоқтатқан жоқ. Жолдарды қардан аршып, қатып қалған мұздақтарды ою, жібіту жұмыстарын жасап жатыр. Облыс әкімдігі алаңы кеше таңертеңнен бастап қосымша техникалар жұмылдырылып, тазаланды, реттелді. Санитарлық қызметпен айналысатын мекемелер де тротуарлар мен аялдама маңын, скверлер мен алаңдарды мұздақтан тазарту, қоқыс шығару жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Тек митинг кезінде Әбілқайыр хан даңғылымен жүретін қоғамдық көліктердің параллель көшелердің бойымен жүрулеріне, бағыттарын өзгертулеріне тура келді. Атап айтсам, бұл күндері «Qala Trans» пен «Жолаушылар көлігі тасымалы» мекемесі жұмыстарын тоқтатпады, тек «Автопарк» мекемесіне қарасты автобустар орталық көшелерде кедергімен жұмыс істеген болатын. Қазіргі таңда қаламыздағы қоғамдық көлік қозғалысы қайта қалпына келтірілді, — дейді ол.Сондай-ақ коммуналдық қызметтердің жұмысы қала әкімі Асхат Шахаровтың бақылауында екенін жеткізді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.