Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Рождество мерекесімен құттықтауы

Қымбатты отандастар!

Еліміздің православ христиандарын Рождество мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Өкінішке қарай, азаматтар еліміздегі күрделі ахуалға және төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты осы мейрамды қалыптасқан дәстүрге сәйкес атап өте алмайды.

Бірақ, олар жақындарымен бірге отбасында отырса да, бұл мерекенің рухани-адамгершілік құндылықтарды, гуманизм және қайырымдылық идеяларын дәріптеп, халықтың болашаққа сенімін нығайта түсетінін ұмытпауы керек.

Православ христиандары біздің қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтауға, өзара түсіністік пен татулықты орнықтыруға әрдайым зор үлес қосып келеді.

Дін, дәстүр және мәдениет саласындағы әралуандық мемлекеттілігіміздің берік негізіне айналды.

Қазір біз еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ерекше жанашырлық пен ынтымақ танытуымыз керек.

Бәріміз бірлесіп ең басты игілігіміз – халқымыздың бірлігін сақтай отырып, қиындықтар мен сынақтарды еңсереміз деп сенемін.

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Басқа жаңалықтар

Back to top button