Басты жаңалықтарМереке

Қадірменді жерлестер! Құрметті ақтөбеліктер!

Отыз жыл тәуелсіздіктің жүгін арқалап, 2021 жыл да күнтізбе парақшасын жауып, тарих қойнауына кетіп барады. Өткен жылға өкпе жоқ. Өңірдегі жағдайды оңалтуға бағытталған жоспарымыздың барлығын түгел дерлік орындадық.

Әлемді әлекке салған пандемия зардабына шыдас беріп, экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан келген сынақтарға төтеп бердік.

Көптеген ауылдарға кіргізілген көгілдір отын мен ауызсу тұрғындарымыздың тұрмысын түзетті. Көшелер жарықтандырылып, асфальт төселді. Жаяу жүргіншілер үшін тротуарлар салынып, ауылдарымыздың ажарын аша түсті. Жаңадан заманауи тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, мектептер, балабақшалар, мәдениет ошақтары, денсаулық сақтау мекемелері, денешынықтыру-сауықтыру орындары мен бассейндер бой көтерді.

Скверлер мен парктер, спорт алаңдары мен стадиондар тұрғындарымыздың игілігіне беріліп, берекесін кіргізген жыл болды.

Ақтөбе қаласында да жоспарланған жұмыстарымыз өз нәтижесін берді. Көшелерімізді жөнге келтіріп, бірқатар ауладағы балалар алаңдарын жаңаладық. Көнеріп қалған тарихи маңызы бар үйлерімізді қайта жөндеуден өткізіп, жаңа қалыпқа келтірдік.

Қаламыздың күннен-күнге түрленіп, өңі кіріп келе жатқаны көпшіліктің көңілінен шықты.

Осылай абыроймен атқарылған істердің басы-қасында, өңірдегі шаруаның шырайын ашып, өңін келтіріп өз жерлестеріміз жүрді. Оларға тұрғындарымыздың ризашылығы шексіз. Бұл — біздің ауызбіршілігіміздің, ынтымағымыз бен береке-бірлігіміздің көрінісі. Жасалған еңбектің әрдайым жемісін де, игілігін де көретін — өзіміздің тұрғындар. Олай болса отыз жылдық белестерді артқа қалдырып, тәуелсіздіктің келесі сатысына баспалдақ болатын, жаңа — 2022 жылдан да осындай жақсылықтар күтеміз.

Баршаңызды Жаңа жылмен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бақ-береке, амандық пен телегей табыс тілеймін!  Қазыналы қарияларымыздың ұрпаққа берер ұлағаты мол, ғұмыр жасы ұзақ болсын! Даланы малға, қаланы жанға толтыруға үлес қосқан азаматтарымыздың ырыс-несібелері мол болсын! Болашағына  зор үмітпен қарап, өсіріп отырған ұл-қыздарының қуанышына, бақытына кенелсін! Жастарымыздың  білімге, ғылымға  деген құштарлығы артып, жаһандық бәсекелестікке қабілетті мамандардың қатарын толықтырсын! Өскелең ұрпаққа, бүлдіршіндерімізге тілейтінім, әрдайым ата-анасының мейіріміне бөленіп, отбасының жылуынан нәр алсын.

Ашық аспан,  бейбіт күндердің шуағымен нұрланып, тәлімді тәрбиемен ой-өрісін дамытқан, елдің ертеңіне үлес қосар ұлдарымыз бен қыздарымыздың қатары көбейсін!

Жаңа кірген 2022 жылымыз еліміз үшін осындай жағымды жаңалықтарға толы бақыт жылы болсын! Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!

 Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button