«Ақтөбе — құтты мекен»

Түнгі қала жарқырап тұр

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласындағы гүлзарлар мен көшелерді түнгі жарықтандыру және көріктендіру жұмыстарының жүзеге асырылуымен танысты.

Облыс әкімі алдымен Абай гүлзарын аралап, жуырда орнатылған «Жұлдызды аспан» аркасын қарады.

Аталған арканы «КМК Строй» ЖШС орнатқан. Арканың ұзындығы — 40 метр, биіктігі — 11 метр.  

— Бұған дейін мұндай арканы Триатлон паркіне орнатқан болатынбыз. Қаламызға ерекше көрік беріп тұрған бұл нысан тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлайды деп ойлаймыз. Жалпы, биылғы жылы Тұрғындар қалашығы ауданы, Әбілқайыр хан даңғылы, Әлия Молдағұлова даңғылының қиылысынан бастап Тілеу батыр көшесіне дейін, аталған даңғылдан Сәңкібай батыр көшесіне дейінгі аумаққа, сондай-ақ Тургенев, Сәтбаев көшелеріне жарықшамдар орнатылды. Қала бойынша жалпы саны 150 нысанға әртүрлі соңғы үлгідегі шамдар қойылып, иллюминация тартылды. Атап айтсақ, Шахматшылар скверіне 124, Ғашықтар аллеясына 84 жарықшам орнатылды, — дейді «КМК Строй» ЖШС өкілі Ұлан Қозбақов.

Облыс әкімі Тургенев, Пацаев көшелері мен «Шахматшылар», «Достық» скверлерін аралап, жарықтандыру жұмыстарымен танысты.

Келер жылы Есет батыр көшесінің жолы жөнделіп, жарықтандыру, көріктендіру жұмыстары жүргізіледі. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар Тургенев көшесіне жүргізілді. Сондай-ақ жоспар бойынша алдағы жылы Ақтөбе қаласында 52 шақырым веложол салынады. Жобаны жүзеге асыратын мердігер компания анықталды. Картасы жасақталды. Ал жаңадан салынған «Достық» сквері бүгінде тұрғындар келіп демалатын әсем де көрікті орынға айналды. Бұрын бұл жер қараңғы әрі тұрғындардың еркін жүріп-тұруына тиімсіз болатын. Қазір сквер маңына декоративті жарық орнатылып, орындықтар қойылды, — деді қала әкімі Асхат Шахаров.

Айта кету керек, бұл скверге 8 орындық, 8 урна, 13 жарықшам орнатылған. Сондай-ақ сквер маңындағы 30-ға жуық ағаш безендірілген.

Кешқұрым скверде демалып жүрген жастар облыс әкімі мен қала әкіміне тұрғындар атынан алғысын айтып, жылы лебіздерін білдірді.

Бұрын бұл маңнан өткенде қорқатын едік. Себебі қараңғы болатын. Қазір жұмыстан соң осы скверге келіп демаламыз. Айнала жап-жарық, қауіпсіз. Мерекеде қаламыз ерекше кейіпке еніп, көркеюде. Сол үшін сіздерге алғыс айтамыз, — деді қала тұрғыны Назерке Хасанова.

Бұдан кейін облыс басшысы Ә.Молдағұлова даңғылы мен С.Бәйішев көшесінің қиылысына орнатылған жарықшамдарды қарады.

Бұл жерге мердігер ұйым — «Интерэлектркомплект» ЖШС «Филипс» жарықшамын орнатқан. Оның биіктігі — 25 метр. Жалпы, биыл қала бойынша мұндай жарықшамдар 7 жерге орнатылған. Келер жылы қала көшелеріне тағы осындай 18 жарықшам қойылады.

Бүгін Жаңа жыл мерекесі қарсаңында биылғы жылғы жоспарланған жұмыстардың орындалу барысын қарап жатырмыз. Себебі берілген тапсырманың уақтылы орындалуы мен бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы біз үшін өте маңызды. Биыл көптеген жобалар жүзеге асырылып, аулалар, алаңдар жарықтандырылып, скверлер мен көшелерге көрік беретін жарықшамдар орнатылды. Мұның барлығы қаланы көркейтуге, сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігі мен игілігі үшін жасалуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады. Себебі сүйікті қаламызды абаттандыру, көріктендіру — біздің басты мақсатымыз, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button