Мәдениет

Мәдениет саласының жұмысы қорытындыланды

Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифинг барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова жыл басынан бергі 11 айда мәдениет саласында атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

Облыста бүгінде 480 мәдени мекеме жұмыс істейді. Жыл басынан бері эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып,  облыста  15468  іс-шара,  оның  ішінде онлайн форматта 8900-ден  астам  мәдени  іс-шара  өткізілген.

— Мәдени-көпшілік шаралар «Ashyq» мобильді қосымшасына сәйкес ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы,  Бәкір Тәжібаевтың 95 жылдығы,  Мұқағали Мақатаевтың  90  жылдығы, Кердері Әбубәкірдің 160  жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы аясында өткізіліп келеді. Нұр-Сұлтан  қаласының Ұлттық академиялық кітапханасында «Ер Едіге — Ноғайлы дәуірінің жырлары» ғылыми-практикалық конференциясы өткізіліп,  облыстық  халық шығармашылығы орталығы жанынан  «Ер Едіге» жас жыршылар мектебі ашылды. Қаланың 14 ашық алаңында әр аптаның жұма, сенбі күндері  мәдениет, білім, жастар саясаты басқармаларының, қала, аудан әкімдіктерінің бірлесуімен «Ауылым — алтын бесігім» концерттері ұйымдастырылды. Қазан айында республикалық деңгейде бірқатар шаралар өткізілді. Оның ішінде елімізге танымал зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан   «Әдебиет. Рух. Қоғам»  республикалық әдебиет форумы, «Сәйгүлік» республикалық ән байқауы, «Едіге деген ер екен» республикалық жыршылар байқауы, «Жыр алыбы — Жамбыл» әдеби-сазды кеші, «Тәуелсіздік — тұғырым» республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Ақтөбе қаласының орталығында Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіштері бой көтерді. Сонымен қатар жақында Ақтөбеде «Азаттықтың ақ таңы»  тарихи  кешені ашылды, — деді ол.

Алтынай Юнисова басқармаға қарасты кітапхана, музей, театр, концерт залдары, архив мекемелерінің жұмысына қатысты жеке-жеке айтып өтті.

Облыста бүгінде  236 кітапхана жұмыс істеп тұр. Ондағы кітап қоры — 3 771 825.

Кітап қорын толықтыру мақсатында биыл 15983 кітап сатып алынған. Сонымен бірге биыл облыстың барлық аудандарындағы кітапханалардың қорын толықтыру үшін қаражат бөлінген. Кітапханалардың жұмысын автоматтандыру және цифрландыру мақсатында барлық кітапханаларда ВЕБ-РАБИС бағдарламасы орнатылған.

Облыстағы халыққа қызмет ететін екі кәсіби театр — Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры мен «Алақай» қуыршақ театры репертуары жыл басынан бері 7 қойылыммен толыққан.

Эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, «Ұлы дала театры» керуені жобасы бойынша Тахауи Ахтанов атындағы драма театры жаңа спектакльдерімен аудандар мен ауылдарға гастрольдерге барды. Қазіргі  уақытта театрда қазақ және орыс труппалары бірге жұмыс  істейді, соның салдарынан жұмысқа бір сахнаны бөліп, кезек-кезек репетициялар мен спектакльдер көрсетуге тура келеді. Облыстың  театр  өнерін  одан әрі жоспарлы дамыту үшін труппаларды дербес бөлу қажет, ол үшін қала тұрғындарының заманауи талаптарына жауап беретін  театр ғимаратын салуды ұсынамыз, — деді ол.

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясы да жыл бойы ауқымды шаралар өткізіп келеді. Карантиндік шектеулерге қарамастан, Өнер орталығы сахнасында алғаш рет И.Сапарбайдың Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Сыған серенадасы»  атты музыкалық спектакльдің премьерасы өтті. Ал тамыз айында әнші Димаш Құдайбергеннің қатысуымен облыстың брендіне айналған «Baqytty bala» III Халықаралық вокалдық балалар фестиваль-байқауы ұйымдастырылды. Облыс тұрғындарына кәсіби музыканы насихаттау мақсатында алғаш рет ашық аспан астында «Musiс fest» жобасы іске асырылды.

Облыстағы 19 музей жыл басынан бері 8919 шара өткізген.

— Биыл  этнографиялық,  археологиялық 11 қазба жұмысы жүргізілді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Наурыз  айында  облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тасқопадан табылған «Алтын адам» реконструкциясының тұсаукесері өткізілді. Облыстық өнер музейінде «Дәстүрлер мен қазіргі заман» атты халықаралық мүсіндер симпозиумы өткізіліп, нәтижесінде музей қоры 22 мүсінмен толықтырылды. Басқарманың негізгі функцияларының бірі — тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану. Бұл бағытта да бірқатар шара өткізілді. Ақтөбе қаласы және Қарғалы ауданы аумағындағы ескерткіштерге профилактикалық бақылау жүргізіліп, нәтижесінде жойылып кету қаупі бар 168 археологиялық ескерткіш  қаланың бас жоспарына енгізілетін болды.  Өңірдің тарихи және мәдени 45 ескерткішіне бірегей және жекелеген QR-кодтар орнату жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта Абат-Байтақ қорымының аумағында 48 құлпытасты қалпына келтіру, сондай-ақ кесененің есіктері мен терезелерін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. 48 археологиялық ескерткішке қорғау тақтайшалары әзірленіп, орнатылды. Бұдан басқа өңірде облыс әкімі бекіткен «Ақтөбе облысының 2021-2024 жылдарға арналған киелі географиясы» жол картасы іске асырылып келеді, — деді ол.

Архив саласында, оның ішінде  ведомстволық архивтер бойынша облыста  бірқатар проблемалар орын алып отырғаны айтылды. А.Юнисованың айтуынша,  бүгінде архив ғимаратында қорды сақтайтын орын жоқ, соның салдарынан қорға қабылданатын құжаттар санының көрсеткіші төмендеп отыр. Алдағы уақытта бұл мәселенің шешімі табылуы тиіс.

Сонымен бірге брифинг барысында басқарма басшысы мемлекеттік шығармашылық тапсырыс туралы және мәдениет саласын қаржыландыруға қатысты бірқатар цифрларды келтіре кетті.

— Облыс әкімі Оңдасын Оразалин бекіткен облыстық маңызы бар мекемелерді күрделі жөндеу және салу жөніндегі жоспарының орындалуы туралы және Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі республикалық Жол картасына сәйкес биыл 6 нысан салынып, 12 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Алдағы жылы 3 нысан салынып, 2 нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр, — деді А.Юнисова.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.           

Басқа жаңалықтар

Back to top button